Атырау, 25 қараша 10:09
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Кент көркін бұзған ғимараттар

Сурет Бейнежазба
3 957 просмотра


Атырау облысы Индер ауданының орталығында кент көркін кетіріп тұрған иесіз ескі ғимараттар көп. Сондай-ақ пайдаланылмай тұрған жерлер де бар. Тұрғындар бұл мәселені көптен көтеріп жүргенмен, шешімі табылар емес.

 ИЕСІЗ ГАРАЖДАР МЕН ӨРТЕНГЕН ҮЙЛЕР

 Кенттің «Болашақ» ықшамауданына жақын жерде қатар тізілген ескі гараждар бар. Кейбірінде құлып тұрса, кейбірі ашық, іші қоқысқа толы. Қаз-қатар тұрғызылған гараждар арасында көлік жүретін жол ғана бар. Бір жартысы құлап жатыр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, отыз жылдан астамнан бері тұрған гараждарды бір кезде көпқабатты үйдің иелері салып, пайдаланған.


- Мұны бұдан жиырма жыл бұрын үй сатып алғанда осы гаражды қоса берген еді. Құжаты болмады. Бірақ соның құжатын заңдастырудың жолын таба алмадым, әзірге пайдаланып отырмын. Тұрмысқа қажетті артық заттарымды сонда сақтаймын,-деді аты-жөнін айтқысы келмеген тұрғын.

Аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Амангелді САЛАМАТТЫҢ айтуынша, гараждардың иесін анықтау үшін жергілікті газетке хабарландыру бергенімен,  ешбір адам келмеген.


Кенттегі  С. Сейфуллин көшесіндегі 8 пәтерлік үй 2011 жылы өртенген. Бүгінде төбесі, есік-терезесі жоқ ғимарат іші қоқысқа толған.

ҚОРШАЛҒАН ЖЕРДІҢ ДАУЫ  

- Осы кең алқаптың қоршаулы тұрғанына 13 жыл болды, ештеңе салынған жоқ. Ықшамаудан тұрғындары азын-аулақ мал ұстайды. Сол малды жаятын жеріміз жоқ, айнала бос емес, қоршалған,- деді «Көктем» ықшамауданының тұрғыны Ғайни ҒАБДУЛЛИНА.

Анықтағанымыздай, осы 21,6 га жерді «ИсиГипсИндер» ЖШС гипсокартон саламыз деп сатып алған. Алайда арада он үш жыл өтсе де, зауыт салынған жоқ, ал жер  қоршаулы.

- Былтыр облыстық жерді пайдалану мен қорғау басқармасы инспекциясының талап арызына сәйкес  ауданаралық экономикалық соты өтіп, жерді мәжбүрлеп алу жөнінде шешім шыққан болатын. Жер Кодексі заңдылығына сәйкес, сот орындаушылар бір жыл ішінде үш рет жерді саттыққа қою аукционын өткізуі тиіс. Егер сатып алушылар табылмаса, онда жер мемлекетке қайтарылуы тиіс,- дейді А. Саламат. 


Ләззат ҚАРАЖАНОВА         

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

30 желтоқсан 2018, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.