Атырау, 25 қараша 10:55
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Атырауда «Жыл адамы – 2018» марапатталды

Сурет
4 844 просмотра

Тыныш ЖАҚЫПОВА
Атырауда Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайында мұнайлы өңірдің дамуына үлес қосқан түрлі саланың үздік өкілдерін дәстүрлі марапаттау салтанаты өтті. Бұл жолы мүмкіндіктері шектеулі балалардың «Өмір гүлі» шығармашылық ансамблінің жетекшісі Тыныш ЖАҚЫПОВА «Жыл адамы – 2018» атанды.

Маруся ХАЛИДУЛЛИНА «Үздік мәдениет қызметкері» номинациясында жеңіске жетті. Ол Атырау ауылдық округінде 35 жылдан бері клуб меңгерушісі болып жұмыс жасайды.  

Қалалық мектеп-лицейдің 28 жастағы тарих пәнінің мұғалімі Асланбек РАМАЗАНОВ «Жыл мұғалімі» атанды. Оның оқушылары облыстық, республикалық, тіпті, халықаралық білім байқауларында әлденеше рет жеңіске жеткен.

Жас самбошы, халықаралық турнирлердің жеңімпазы, «АЖ» оқырмандарына «Спорт хроникасы» айдары бойынша таныс Асқар ЕСПУСИНОВ «Жыл спортшысы» атанды.

30 жылдық өтілі бар акушер-гинеколог  Айқияш ШОНАЕВА «Жыл докторы» деп таңдалды.

- Алматы медицина институтын 1989 жылы аяқтаған соң №1 қалалық емханаға жұмыс жасауға келдім, содан бері осында жұмыс істеймін. Тіпті, өзімнің еңбек кітапшамды көргенім де жоқ, -деп әзілдейді «ҚР денсаулық сақтау үздігі» төсбелгісінің иегері.


Құндыз НҰРХИЕВА «Жылдың әлеуметтік қызметкері» атағын иеленді.

«Жыл кәсіпкері» номинациясын Қазақстанда алғаш рет полифасад өндірісін жолға қойған «Полифасад» ЖШС директоры Асхат БАҒЫТ жеңіп алды.

«Арал Сервис» ЖШС техникалық директоры Талғат БИСЕНОВТІ «Жыл құрылысшысы» деп атады. Оның кәсіпорны Балықшыны орталық жылу жүйесіне қосу жобасының бас мердігері болды.

«Үздік ауыл шаруашылығы қызметкері» атағына «Сәттібек» шаруа қожалығының басшысы Қазыбек ҚУАНАЛИЕВ лайық болды.

ПИК Қауымдастығының төрағасы Гүлнар САЛИХОВА «Жылдың коммуналдық қызметкері» атанды.

«Атырау» облыстық газетінің аға тілшісі Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА «Жыл журналисі», Бауыржан ТӨЛЕШОВ «Жыл құқық қорғаушысы», ал қалалық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы  Алтынай ЕРУБАЕВА «Жылдың мемлекеттік қызметкері» болды.

Жергілікті халық қалаулылары да назардан тыс қалмады. Олар үшін екі номинация қатар ойластырылған: «Жыл депутаты» (Қанат ӘЗМҰХАНОВ) және «Жылдың белсенді депутаты» (Қаршыға ЖАУЫМБАЕВ). Шамасы, бұл жерде айырмашылық бар сияқты.

Жалғас ИБРАЕВ пен Ринат НҰРҒАЛИЕВ
Екі достың өз өмірлеріне қауіп төндіріп, Баймұханов-Мечников көпірінде өз-өзіне қол жұмсамақ болған  жасөспірім қыздың өмірін құтқарып қалғаны «АЖ» оқырмандарының есінде. Жалғас ИБРАЕВ пен Ринат НҰРҒАЛИЕВ «Ержүректігі мен батылдығы» номинациясында лайықты марапаттарын алды.

Фархат ӘБІЛОВ

Суреттерді түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

29 желтоқсан 2018, 11:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.