«Уақыт уыста тұрмайды» дегендей, Ит жылы да артта қалып, Доңызды қарсы алып жатырмыз. Бұл жыл бізге не әкеледі? «АЖ»-дың аудандардағы тілшісі бірнеше адамнан жаңа жылға болжамдары туралы сұрады.
Қайырбек ДАУМОВ, Құрманғазы ауданы, ардагер ұстаз:
- Доңыз тоқ мақұлық қой, ырымға сенсек, бұл жыл тоқшылық, биязы, жағымды, жақсы, экономикада өрлеу жыл болады деп болжам жасағым келеді. Туған жерім Құрманғазы ауданында қабан көп. Бұл өсімтал аң, бір балалағанда 9-12 торай әкеледі.Бұған қарап доңыз жылында халық саны артады деп үміттенемін.
Мәрзия АБИШЕВА, Қызылқоға ауданы:
- Мен шаруа адамымын, шаруа қожалығым бар. Бізге, малшылар үшін бұл қыс жайлы болады деп есептеймін. Құрғақшылық та бола қоймас. Жаңа 2019 жыл біреулер үшін жаңа кәсіп ашып, оны дамытуда жемісті кезең болмақ. Жеке өзім осы жылы шаруашылығымды бұдан әрі өркендетсем деген жоспарларым бар және оны жүзеге асырудың жолын бастап кеттім.
Лұқпан БЕГАЛЫ, Құлсары қаласының тұрғыны:
- Мен 1947 жылы, осы Қабан жылы дүниеге келіппін. Ұлы Отан соғысынан кейінгі ауыр кезеңде дүниеге келген мен үшін өмірдің ащысы мен тұщысын тату маңдайыма жазыпты. Доңыз 1959, 1971, 1983, 1995, 2007 жылдармен өрбиді. Осы жылдарды сараптай келгенде, небір дүлдүл жазушылар мен ақындар дүниеге келгені тегін емес. Жалпы, доңыз өте еңбекқор, табанды және өжет жануар ретінде сипатталады. Бұл ілгері басуға басымдық береді деп айта аламын.
Рая ШАМКЕНҚЫЗЫ, зейнеткер, Индер ауданы:
- Қазақ доңызды қасиетті жануарға теңемеген, оның етін харам деп жемеген, бұл ұсқынсыздау мақұлыққа қарап кейбір адамдар пәле-жала көп болады деп есептейді. Десе де, тарихқа көз жіберсек, еліміз үшін бұл жылдарда жақсы оқиғалар болған. Мысалы, қазақ-жоңғар соғысындағы үлкен жеңіске аталарымыз осы Доңыз жылы - 1729 жылы қол жеткізген. Сондықтан барлығымыз үшін құтты да бақытты жыл болсын!
Жазып алған Ләззат ҚАРАЖАНОВА