Жаңа жыл түнін үйде немесе қонақта емес, қызмет бабына байланысты жұмыста өткізетін мамандық иелері бар. «AЖ» тілшілері олардың кейбірімен тілдескен еді.
ПЕРЗЕНТХАНА
Айгүл ШМАЛИНА 16 жылдан бері облыстық перинаталдық орталықта жұмыс істейді. Биыл оның ауысымы жаңа жыл түніне тура келіп тұр: 31 желтоқсан сағат 8.30-дан бастап 1 қаңтар сағат 8.30-ға дейін жұмыс жасайды.
- Жаңа жыл түні жұмыста боламын, мен – жауапты дәрігер ретінде және менімен бірге екі жас дәрігер кезекшілікте болады. Тек босандыру залы үшін ғана емес, бүкіл орталық үшін жауаптымыз, - деп әңгімелейді Айгүл. – Біз осы түнде өрт қауіпсіздігі, сумен қамту және электр жүйелері үшін жауап береміз. Әрине, көп уақытымыз босандыру залында өтеді, әйелдерді босандырамыз. Бірақ патологиялық және босанудан кейінгі бөлімдердегі әйелдерді де назардан тыс қалдырмаймыз.
Айгүлдің айтуынша, күніне орташа алғанда 25 әйел босанады екен. Жаңа жыл түнін пациенттер мүмкіндігінше үйлерінде қарсы алуға тырысады. Түнгі сағат 1-ден кейін перзентханаға түсетіндер көбейеді. Біреуінің іші ауырса, бірінің жүрегі айниды: әрине, дастарқан үсті толып тұрады ғой.
- Өткен жылы 31 желтоқсанда түн ортасында бес әйел босанды, босанды да бір-бірін құттықтай бастады. Кейде, керісінше, Жаңа жыл түні тыныш өтеді. Әртүрлі, - деп Айгүл сөзін пәлсапалық оймен аяқтады.
ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ
Жаңа жыл түнінде бір кардиобригада, фельдшерлер және 3 қосалқы станция: облыстық аурухана жанындағы орталық, сондай-ақ, Нұрсая мен Алмагүлдегі станциялар жұмыс істейді.
- Жаңа жыл түнінде кезекшілік ететініме жайбарақат қараймын, жұмысым осындай, - дейді 32 жылдық өтілі бар Айгүл ЫСҚАҚОВА. – Осы түні ерекше есімде қалатындай оқиғалар болған жоқ, бірақ бір байқағаным: 1 қаңтарда шақыртулар саны көп болады, мерекелік дастарханнан кейін созылмалы аурулары асқынып кетеді және т.б.
ӨРТ СӨНДІРУШІЛЕР
ТЖД өрт сөндіру және апаттан құтқару жұмыстары бөлімінің бастығы Азамат ЖҰМЕКЕШЕВ:
- 2009 жылы жас лейтенант болып жүргенде 31 желтоқсанда кезекшілікте болатын досым менен өзінің орнына қалуымды өтінді. Мен келісім бердім, досыма қолдау білдіруім керек қой. Сол түні көңіл көтеретін жерге бірге рейд жүргіздік. Мейрамханалардың бірінде жаңажылдық костюмдер, қоянның, қасқырдың және басқа да ертегі кейіпкерлерінің маскаларын киіп, тойлап жүргендер көп болды. Ең қызығы, мейрамханаға кірген кезде қонақтар біздің камуфляж формамызды карнавалдық костюм деп ойлап қалыпты. Бәрі күлді. Сол түннің ерекше оқиғаларсыз өткені есімде.
Биыл да Жаңа жыл түнінде кезекшілікте боламын. Отбасым бұған түсіністікпен қарайды. Әсіресе, әйелім. Ол әуел бастан-ақ, менің қызметім осындай екенін, төтенше жағдай болған кезде үйге бірнеше күндеп келмейтінімді білетін.
Бригадада 26 адамбыз, түннің еш төтенше оқиғасыз өтуін қадағалаймыз. Ал барлық атыраулықтарды келе жатқан жаңа жылдарымен құттықтаймын.
ПОЛИЦИЯ
Медет САҒЫНҒАЛИЕВ, полиция майоры:
- Бұл Жаңа жылды кезекшілікте өткіземін. 31 желтоқсанда кешкісін әйелім манты мен оливье дайындайды, үйде аз ғана отырамыз, сосын мен жұмысыма кетемін. Әдетте, Жаңа жыл түнінде 200-ге дейін қоңыраулар қабылдаймыз. «Топ-3» тізіміне: мейрамхана немесе кафе клиенті есебін төлемей, қашып кетеді; ішімдіктің кесірінен орын алатын отбасылық ұрыс-керістер; ішімдік ішкен мас күйде қоғамдық орында болу сияқты әрекеттер кіреді. Ал келесі күні таңертең тыным тауып, туыстарымды, достарым мен әріптестерімді жаңа жылмен құттықтаймын.
ТАКСИШІЛЕР
Мәлік ЧИНИКОВ, 56 жаста, мамандығы - эксковаторшы, соңғы 14 жылдан бері жолаушы тасымалымен айналысады:
- Жаңа жыл біреу үшін әсем шыршаның жанында отшашуды тамашалаумен қызықты болса, таксистер үшін бұл табысты жәй бір күн.
...Атырауға Ташкент қаласынан көшіп келдім. 2004 жылы Қазақстандағы алғаш жұмысымды «Дина» базарында таксист болып бастадым. 2008 жылы «Вояж» таксопаркіне жұмысқа тұрдым. Содан бері 15 жыл ішінде үш көлік ауыстырыппын: алғашқысы сол кездегі «хит» болған Ваз 2106 автокөлігі, кейін Nissan тізгіндесем, қазір LADA largus айдап жүрмін.
...Иә, Жаңа жыл қарсаңында таксишілердің табысы екі есеге дейін өседі, сондықтан отбасымен мерекені үйде қарсы алудың орнына жолда жүреміз. Кейде 31 желтоқсан күні түнгі 23:50 шамасында 00:00-ге дейін Исатай-Махамбет алаңында болуым керек деген шұғыл шақыртулар түседі.
...Есте қалар оқиға дейсіз бе? Былтыр Жаңа жылды Нұрсаядан әуежайға клиент алып бара жатып, Әбілқайыр көшесінің бойында қарсы алдым. Екеуміз бір-бірімізді құттықтадық.
Дайындағандар Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА, Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ, Фархат ӘБІЛОВ, Анастасия АЛЮШИНА