Желтоқсан басталғаннан бері Атырау супермаркеттерінің сөресі жаңа жылдық әшекейлерге және сыйлық жиынтықтарына тола бастады. Ішінде жасанды қар ұлпалары бар мөлдір шыны шарлар, жылтырақ фарфор сүңгілер, періштелердің бейнесі бар жарқыраған гирляндалар, бұғылардың ағаш мүсіндері, алтын жалатылған бүрлер, Аяз Ата мен Ақшақардың мүсіндері көздің жауын алады. Мұндай жаңа жылдық сиқырдың бір ғана кемшілігі – бағалары қымбат, дегенмен кеңесшілер: есесіне сапалы, қытайлық емес дейді бірауыздан.
Демалыс күндері Жаңа жыл шыршасын сәндеуге қанша қаражат жұмсалатынын шамамен есептеу үшін бірнеше сауда нүктелерін аралап шығуға бел будым. Әрі Жаңа жыл шыршасының «киімін» де жаңартатын кез келген еді.
«НАСИХА» (РАХАТ)
Сөрелерде Аспан асты елінің тауарлары толып тұр. Шамдары бар шұбатылған электр гирляндаларының бағасы арзан - 1,5 метрі мың теңгеден төмен. Ал қоңыраулар, қар ұлпалары мен сүңгі түріндегі гирляндаларға сатып алушылар екі есе көп төлейді. Креатив дерсің. Мишура мен «дождиктердің» бағасы 300 теңгеден басталады. 6 данадан тұратын пластик шарларының жиынтығы 400 теңгеден басталады және одан жоғары. Жылтырақ шашылған жиынтықтың ішінен шар алып едім, саусақтарымның бәрін бүлдірдім, жылтырақтары түсіп, төгіліп қалады екен. Супермаркеттердегі кеңесшілердің пікірлері есіме түсті.
Бірақ әшекейлерді сатып алмас бұрын шыршаны алу керек. Жасанды шыршаның бағалары биіктігіне және өзгешелігіне байланысты. Жарты метрлік қарапайым шырша 1500 теңге, ал бұтақтарында бүрлері, жасанды ұлпа қарлары, жидектер мен сүйір жапырақтары бар шыршалар 3 мың теңгеден жоғары.
Басым бөлігі Ресейден әкелінетін тірі шыршалар мен қарағайлардың бағасы ағаштың қаншалықты үлпілдек екеніне байланысты. Қарағайлар 3 мыңнан, шыршалар 5 мыңнан басталады және одан жоғары. 2 мың теңге тұратын ағаш тұғырды сатып алсаң, сатушы жалпы жеңілдік жасайды.
«Насиха» базары 2019 жылғы символдарға – шошқалар мен қабандарға толы. Бұл жерде ақша жинайтын сандықша, жұмсақ ойыншықтар, брелоктар, магниттердің неше түрі бар. Сатушылардың көпшілігінің заттары бірдей.
«КӨКТЕМ»
Бағалары «Насихадағыдай». Бір қызығы, ол жақтан да, бұл жақтан да шыны шырша ойыншықтарын таба алмадым.
6 шардан тұратын жиынтыққа бұлыңғыр қапталған 2 шар, 2 жылтыр және 2 жалтырақтары бар шарлар кіреді. Бағасы көлеміне қарай 500 теңгеден 1000 теңгеге дейін. Мишура - 250 теңгеден, қарапайым электр гирляндалар - 700 теңгеден басталады.
«ДИНА»
Тірі шыршалар мен қарағайлардың баға аралығы биіктігі мен үлпілдектігіне байланысты – 3000-нан 6000 теңгеге дейін. Сатушылардың айтуынша, қарағайлар үлкен сұранысқа ие. Оларды Жаңа жылға дейін балконда ұстауға кеңес береді, кейін ағаш ұзақ тұрады екен. Шыршаны айқыш тұғырға орнатпай, әлсін әлі суару үшін қиыршық тастар мен құм салынған шелекке қойған жақсы: ол бұтақтары төгілмей, бір айдан астам уақыт тұра алады екен.
Айтпақшы, «Дина» базарынан жаңажылдық шыны шарларды таптым. 4 шардан тұратын орама 2000 теңгеге шығады, дегенмен жаңажылдық тілектер айтып, сатушының көңілін аулап, шариктерді 1700 теңгеге алуға болады.
Электр гирляндалары 500 теңгеден, мишура 200 теңгеден басталады.
«ҚҰПИЯ СӨРЕ»
Мониторинг кезінде «Насиха» базарының жанындағы шағын дүкенге бардым, алуан түрлі әшекейлердің қайсысын қарарымды білмедім. 700 теңге тұратын басқа тағатын венок, 300-ден 700 теңгеге дейінгі бағадағы шамдалдар, карнавал костюмдері, маскалар, жаңажылдлық сыйлық пакеттері мен қораптар бар. Биіктігі жарты метр болатын жасанды шыршаларды 1300 теңгеге береді, олардан басқа бозшымшық «қонақтап», бүрлер «өскен» жасанды бұтақтар бар. Ал шырша шарларының түрлі реңдегі, пішіндегі, бағасы да қолжетімді неше түрі бар. Орташа көлемдегі 6 пластик шардан тұратын жиынтыққа бір метрлік мишураны қосып, 500 теңгеге береді. 9, 12 және 18 шардан тұратын үлкенірек жиынтықтар 700-ден 3500 теңгеге дейін. Кәмпит, шырша, қоңырау, сүңгі, бүршік түріндегі өзгеше шарлар бар. Бұл дүкенде тек тірі шыршалар ғана жоқ.
СУПЕРМАРКЕТТЕР
Ең әдемі ойыншықтар тек ірі супермаркеттер мен сауда орталықтарында сатылады. Маған мұндай әсемдікті сатып алуға, әзірге, қалтам көтермейді. Өйткені бір шыны шардың бағасы 1200 теңгеден басталады. Ал бір реңді орташа 6 шыны шарды жиынтықты алуға 6000 теңге беру керек. Әрине, олар бала кезіміздегі ойыншықтар секілді ұзақ қызмет етеді. Ол ойыншықтар ата-анамыздың шыршаларында әлі ілініп тұр.
Келесі Жаңа жылда міндетті түрде осындай шарлар сатып аламын деп өзімді жұбаттым. Бірақ бұзақы мысығым есіме түсіп, бұл ойымнан айнып қалдым.
ТІРІ ШЫРША!
31 желтоқсан жақындағанда бүкіл жыңажылдық атрибуттар арзандай түседі. Шырша мен қарағайды базардан сатып алмай, интернеттен хабарландырулардан іздеуге болады. Биіктігі 2 метр болатын қарағайымды осындай әдіспен тапқан едім. 3500 теңгеге үйіме тегін жеткізіп берді. Бұл менің өмірімдегі алғашқы тірі шыршам еді, қатты қуандым. Айтпақшы, тұғыр сатып алмадым, оның орнына мысығымның ескі отырғышын пайдаландым.
Дайындаған Анастасия АЛЮШИНА
Суреттерді түсірген автор