Атырау, 29 қараша 03:32
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

БАҚ: Каддафидің ұлы Путиннен қолдау сұрады

1 475 просмотра


Ливияның бұрынғы басшысы Муаммар Каддафидің ұлы Саиф әл-Ислам Ресей билігінен Ливияда 2019 жылы өтетін президент сайлауында өзіне қолдау көрсетуін сұрады. Бұл туралы Bloomberg агенттігі өз дереккөзіне сілтеме жасап хабарлады. Дереккөздің сөзінше, Саиф әл-Ислам Ресей президентіне хат жолдаған.

Bloomberg дереккөзі кіші Каддафи хатын желтоқсанда Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Богдановпен кездесуінде беріп жібергенін айтады.

Саиф әл-Ислам хатында Ресейден саяси қолдау көрсетуін сұрайды. Ол Мәскеу Ливиядағы түрлі саяси күштер арасында келіссөз жүргізуде ара ағайын бола алады және өзіне қаржылай қолдау көрсетеді деп үміттенеді.

Ресей сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратқа түсінік беруден бас тартты. Bloomberg дереккөзі Ресей әзірге қай кандидатты қолдайтынын шешпегенін айтады.

Ливияда 2019 жылдың басында БҰҰ бастамасымен президент сайлауы өтеді деп жоспарланып отыр. Бұған дейін сайлау желтоқсанда өтеді делінген еді. Палермода Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев пен Ливия армиясының бас қолбасшысы Халифа Хафтар қатысқан конференцияда сайлау мерзімін ауыстыру туралы келісім жасалған. Хафтар Мәскеумен байланыс орнатуды қолдайды және президент сайлауына басты кандидаттардың бірі саналады.

Саиф әл-Ислам 1972 жылы Триполиде туған. Ливия мен Швейцарияда оқыған. 1990 жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басында Ливияда либералдық реформалар жүргізуге шақырған. Ұлыбританиямен арадағы сауда қарым-қатынасын қалпына келтіру жөніндегі келіссөзге қатысқан. 2011 жылы Муаммар Каддафи биліктен тайдырылған соң Ливия өтпелі ұлттық кеңесіне қарсы қозғалысты басқарған. Бірақ ұзамай өтпелі үкімет жақтастары оны қолға түсірген. 2015 жылы кіші Каддафи өлім жазасына кесілген. Бір жылдан соң БАҚ оған рақымшылық жасалып, бостандыққа шыққанын хабарлаған. 2018 жылы наурызда Саиф әл-Ислам Каддафи президенттікке кандидатурасын ұсынған.

Дереккөз: azattyq.org

24 желтоқсан 2018, 17:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.