20 желтоқсанда қалалық мәслихаттың кезектен тыс XXXI сессиясы өтті. 2019 жылғы бюджет жобасы туралы қалалық әкімдіктің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Рулан ДОСҚАЛИЕВ баяндама жасады.
2019 жылы қалалық бюджетке түсетін кіріс 117 миллиард 70 миллион теңге көлемінде жоспарланып отыр, бұдан облыстық бюджетке 85 млрд 880 млн теңге алынады.
Қалған сома, атап айтқанда, 4 млрд 864 млн теңге инженерлік инфрақұрылым құрылысына, су құбыры мен кәріз жүйелерін дамытуға, абаттандыруға, 27 мектепке спорт алаңдарын , 4 мектепке жалғамалар салуға, Самал ықшамауданындағы мектеп құрылысына және қала сыртына мал қорымын салуға бағытталатын болады.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа 3 млрд 808 млн теңге, білім беру жүйесіне 16 млрд 821 млн теңге, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне 1 млрд 60 млн теңге, мәдениет пен спортқа 880 млн теңге жұмсалады.
Қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Шәкір КЕЙКИН өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыс туралы есеп берді.
2018 жылы қала маңындағы Жұлдыз-1, 2, 3, Көкарна, Дамбы-1, 2, Бірлік-1, 2, Талғайраң, Мұнайшы, Водников-2, Томарлы-2, Тасқала-3, Ақжар-2, Ақсай-2, Жаңаталап-1, Еркинқала-2 ауылдарында, Геолог және Атырау-1 ықшамаудандарында жалпы ұзындығы 200,9 шақырым болатын 268 көше асфальтталды.
2019 жылы осы тұрғын үй массивтерінің барлығында жұмыс жалғасатын болады - жалпы ұзындығы 99 км болатын 101 көшені асфальттау қажет.
Мәденов, Датов, Құрманғазы, Бейбарыс, Ғабдиев, Азаттық, Амандосов, Ғұмаров, Әуезов, Уәлиханов және Гагарин көшелерін күрделі жөндеуге жобалау-сметалық құжаттама дайындалуда. Тұрғындардың өтініштерін ескере отырып, қалалық және ауылдық округтерде жалпы ұзындығы 71 километр болатын 141 көшеге жол салу бойынша жобалық құжаттама дайындалуда.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ