Атырау, 25 қараша 12:27
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Сот хроникасы

2 940 просмотра


№2 қалалық соты ҚР ҚК 297-бабының 1-тармағы бойынша (Есірткі құралдарын заңсыз сақтау және сату) айыпталған қала тұрғынына қатысты қылмыстық істі қарады. Сотта анықталғандай, осы жылдың қыркүйек айында Атырау тұрғыны П. белгісіз ер адамға 5 мың теңгеге сіріңке қорабымен 5,19 грамм марихуана сатқан. Оны 5 жылға бас бостандығынан айыру үкімі шығарылды.

***

Жылыой аудандық соты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 659-бабы (Куәгердің көрiнеу жалған айғақтары) бойынша айыпталған азамат М.-ға қатысты қаулы шығарды.  Биылғы қазан айында ол Қытай азаматының әкімшілік ісі бойынша куәгер ретінде қатысып, 3 қазан күні оның жұмыста болғаны туралы жалған куәлік еткен, ал шын мәнінде олай болмаған. Құқық бұзушы M. кінәлі деп танылып, оған 24 050 теңге айыппұл салынды.

***

Махамбет аудандық соты ҚР ҚК 188-бабының 1-тармағы бойынша (Ұрлық) Махамбет тұрғынына қатысты қылмыстық істі қарады. Биылғы қыркүйек айында мейрамханадан сотталушы А.-ның басқа үстелде жатқан «HUAWEI» ұялы телефонын ұрлағаны анықталды. Сот отырысында А. өз кінәсін мойындады. Қазіргі кезде жәбірленушіге келтірілген зиянды өтегенін және медиация арқылы онымен татуласқанын көрсетіп, соған байланысты өзін қылмыстық жауапкершіліктен босатуды сұрады. Медиация тәртібімен жәбірленушімен татуласуына байланысты ҚР ҚК 68-бабының 1-тармағының негізінде сот қаулысымен қылмыстық іс тоқтатылды.

***

Атырау қалалық №2 сотында ҚР ҚК-нің 346-бабының 1-тармағы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) бойынша қылмыстық әрекет жасады деп айыпталған азамат Е.-ге қатысты қылмыстық іс қаралды. Бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған Е. осы жылдың мамыр айында мас күйде «BMW323» маркалы көлікті жүргізіп, оны полиция  қызметкерлері ұстаған. Сот оны кінәлі деп тауып, 3 жыл мерзімге көлік құралдарын жүргізу құқығынан айырумен қатар 150 сағаттық қоғамдық жұмыс түрінде жаза тағайындады.

***

Исатай аудандық соты ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабының 4-тармағы бойынша (Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) азамат К.-ға қатысты әкімшілік істі қарады. Сот қараша айында азамат К.-нің қоғамдық орында болғанын, яғни, Аққыстау ауылындағы көшеде адамның қадiр-қасиетiн және қоғамдық имандылықты қорлайтын масаң күйде болғанын анықтады. Бұған дейін ол осындай құқықбұзушылық үшін екі рет жазаланған. Сот К.-ны кінәлі деп тауып, ол 1 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Дайындаған Фархат ӘБІЛОВ 

19 желтоқсан 2018, 11:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.