Жолдар, каналдар, малдың қырылуы – осы мәселелер Исатай ауданының әкімі Марат МУРЗИЕВТІҢ қатысуымен өткен брифингте қозғалды. Атап айтсақ, келесі жылы 75,5 шақырым аудандық маңызы бар жолдың алғашқы 12,4 шақырымына күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Қалған бөлігі қаражаттың бөлінуіне байланысты жалғасады. Бүгінде құны 9,3 млрд теңге болатын жобаның сметалық құжаттары дайын.
АЖ сауалдары:
- Атырау-Астрахан тас жолының бір бөлігі болатын Атырау-Аққыстау тас жолы қашан жөнделеді?
- Бұл республикалық жол болғандықтан жөндеуге ауданнан да, облыстан да қаржы бөле алмаймыз. Қазіргі кезде Зинеден ауылы (6,1 км) мен Жаңа Жанбай ауылының (4,2 км) кірме және ауылішілік жолдарын қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.
- Өткен жылдың көктемі мен жазында Айбас, Мыңтөбе және Үштаған елді мекендерінде 262 жылқы мен 224 сиыр өлді. Жылқының жаппай өлімін мамандар сақау ауруынан болғанын анықтады, алайда ірі қаралардың неден өлгені туралы зертхана нақты ештеңе айта алмады. Зерттеудің соңғы нәтижелері қандай?
- Шөптің, топырақтың сынамаларын алды, бірақ ештеңе таппады. Кейін аудан ветеринарлары құдықтардан су сынамаларын алып, онда амиак нитриті мен тұздар көрсеткішінің жоғары болғанын анықтады. Содан мамандар ауру судан келді деген шешім шығарды. Дереу тоқтату үшін шаруа қожалықтармен, малшылармен сөйлесіп, оларға құдықтарын ауыстыруға кеңес бердік. Олар көшкеннен кейін ауру лезде тоқтады.
- Табиғи судың улануына не себеп болған?
- Мамандардың пікірінше, құдықтарды жиі ауыстырып тұру керек. Исатай ауданының жері тұзды екені белгілі. Шеген құдықтарға ауа кірмей, кислородтың жетіспеуінен газ жиналып, амиак нитритінің көрсеткіші көбейіп кеткен. Анықтағанымыздай құдықтар 15-20 жыл бойы тазаланбаған болып шықты.
- Ауданда егіншілік жағдайы қалай?
- Былтырға қарағанда биыл егін көлемі артты. Өткен жылы 28 гектар, биыл 45,6 гектарға егін егілді. Оның 17,6 гектары көкөніс, 8 гектар бау-бақша, қалғаны мал азығы дақылдары.
- Каналдардың жағдайы қалай?
- Ауданда ұзындығы 222 шақырым болатын 4 суару-суландыру жүйесі орналасқан. Олар Бақсай, Нарын, Сборный және Қиғаштың Кобяково каналынан құйылатын Забурын каналы. Забурын каналынан Зинеден ауылына су жетпей қалатын жағдайлар болады. Өйткені Кобяково каналының бойында Құрманғазы ауданының көптеген шаруашылықтары орналасқан. Биыл каналдарды толтыру жұмысы бойынша жергілікті бюджеттен 56,7 млн теңге бөлінді.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор