Атырау, 19 сәуір 19:28
 ашықВ Атырау +19
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Келіні жақсының – керегесі мықты

3 326 просмотра


ҚР Әділет министрлігінің мәліметтері бойынша, соңғы бес жылда Қазақстанда 700 мыңнан аса отбасы құрылса, соның 200 мыңдайы ажырасып кеткен. Бұл келеңсіздік отбасы құндылығын жоғары қоятын ауылдық жерлерден де айналып өтпепті. «АЖ» тілшісі Жылыой ауданындағы неке тұрақтылығын зерделеп көрді.

Жылыой ауданында 2017 жылы  541 неке тіркелсе, 125 ажырасу орын алған, ал 2018 жылы 581 отбасы құрылып, 127 жұп некелерін бұзған. Сондай-ақ, статистикалық мәліметтер бойынша,  14-18 жастағы қыздар арасында некеге тұру өткен жылдарға қарағанда артқан.

«АМАН ТҰРҒАНЫҢДА АЖЫРАС»

Біз түрлі себептермен некелерін бұзған жылойлықтарды сөзге тартты.

Торғын, 30 жаста:

-Мен мектеп бітіргеннен кейін бір жылдан соң тұрмысқа шықтым. Жігітім өзімнен бес жас үлкен болатын. Оған төрт бала туып бердім. Бастапқы ай жақсы тұрдық, алайда уақыт өте ол жұмыс жасағысы келмей, көше кезгенді тәуір көрді. «Қайда барасың?» дегенімді жақтыртпай қол көтеруді шығарды. Бірде мені қатты ұрды, басым жарылып, көзіме зақым келді. Енем «аман тұрғаныңда ажырас, балалар жетім қалар» деді. Төрт баламды өзім асырап жатырмын, әке-шешем көмектесіп тұрады.  

Бекен, жасы 40-та:

-Үйдің жалғыз ұлымын, апа-қарындастарым бөлек үй болып кеткен. Мен келіншегімді сүйіп қосылдым, екі балалы болдық. Ол қаланың қызы болатын, ауылға тұрғысы келмеді. Анам момын кісі болатын, әкемнің мінезі тік. Анамның момындығын пайдаланып, әйелім үй тірлігін жасауды қойды. Жай айттым, болмады, шаңырақта ұрыс-керіс көбейді. Бір күні «қалаға кетем, барсаң жүр, мен ауылда өмір сүре алмаймын, әке-шешең қала берсін» деді. Қайын жұртыма барып, әйелімнің әке-шешесіне де жолықтым, енем қызының сөзін сөйледі «ішіме сыйған қыз, сыртыма да сыяды» деп. Ұлым өзімде қалды. Мен тіпті енді үйленуді ойламаймын.

Жанар, жасы 25-те:

-Менің күйеуім қызғаншақ болып шықты, жұмыс жасатқысы келмеді. Мойнымызда несие бар, қалай үйде отырамын. Саудаға шықтым. Пәтер жалдап тұрамыз,жағдайымыз төмен еді, тапқаным шайлыққа әзер жетеді. Ал ол ішті. Ажырастым, қызым екеуміз біргеміз.

Айбек, 30-да:

-Бір қызым бар. Алимент төлеп тұрамын. Әйелім жайсыз болып шықты. Онымен өмірімді өксіткім келмеді. Екі несиені мойныма іліп кетіп қалды. Енді соны төлеп шығуым керек, одан қашан құтыламын білмеймін. Қайталап үйленгім де келмейді.

ЕНЕЛЕР НЕ ДЕЙДІ

Көптеген жас отбасылардың аяқтанып кетуі енеге байланысты. Екі келінімен бір шаңырақта тұратын Гүлжан МӘТЕНҚЫЗЫ осылай дейді:

- Болашақ енелердің арасында келер келініміз қалай болады деген қорқыныш пен күдік бары жасырын емес. Негізі үйдің ұйытқысы да, берекесі де әйелдің қолында. Келін деген сөздің мағынасы «кел, шаңырағыма ие бол» деген екен. Келіні жақсының керегесі мықты болады. Сегіз жыл болды, екі келінім бір шаңырақта, тату, сыйлы. Бастысы мен келіндерді бөлектегем жоқ, екеуін бірдей ұстадым. Ене ретінде түйген тәжірбием: «бір көзім соқыр, бір құлағым саңырау, бір тілім жарты». Жақсысын асырып, жаманын жасыру, құда, құдағай арасындағы артық әңгімені болдырмау. Сонда ғана бәрі жақсы болады. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

19 желтоқсан 2018, 10:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.