ТШО мұнай өндірісі арқасында өсіп тұрған үлкен өнеркәсіптік өндіріс, Құлсарыдағы ауыз су тапшылығы және апатты үйлер туралы Атырау облысы Жылыой ауданының әкімі Азамат БЕКЕТ өткізген брифингте әңгіме болды.
Оның айтуынша, биыл ауданда өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 5 трлн 354 млрд теңгені құрап, аудан жергілікті бюджетке 20 млрд 318 млн теңге салық түсірген.
АЖ сауалдары:
Соңғы жылдары өр суының аз келуіне байланысты шабындық жерлерге шөп аз шығып жүр. Бұл мәселені қалай шешіп отырсыздар?
- Судың аз болуының басты себебі - каналдардың бітелуі. Қазір демеушілік арқылы арналарды ашу жұмыстары жүруде. Одан бөлек, Құрсай өзенінің Қамыскөлге құяр тамағында шлюздер салынып жатыр. Қамыскөлді толтырып болғаннан соң, суды шабындық жерлерге жіюереміз..
- Көп жылдардан бері жаз мезгілінде аудан халқын су жетіспеушілік мәселесі қинайды. Бұл жыл сайын қайталанатын жағдай. Ауыз су мәселесін шешудің жоспарлы жұмыстары бар ма?
- Бұл көптен өзекті мәселе. Түбегейлі шешу ұзақ уақытты қажет етеді. Дегенмен, биыл жазда аудандағы магистралды су таратқыш «ҚазТрансОйл» АҚ мен келісім жасалып, Құлсары қаласында су беру мөлшерін тәулігіне 9400-ден 13000 кубметрге дейін көтердік.
- Аудан орталығындағы апатты үйлердің мәселесі қалай шешілуде?
- Қазір ауданда екі апаттық жағдайдағы үй бар: вокзал ықшамауданындағы 16 пәтерлік үй және 1-ықшамауданда орналасқан 60 пәтерлік үй. Аудан орталығында келесі жылы 60 пәтерлік 3 тұрғын үйдің құрылысын бастау жоспарымызда бар. Құжаттары дайын. Апатты үй тұрғындарына кезек бойынша берілетін болады.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор