Атырау, 25 қараша 13:01
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Атырауда көлік иелері үшін арнайы ХҚКО ашылды

Сурет Бейнежазба
4 028 просмотра


Атырауда Тәуелсіздік күні қарсаңында Атырау-Астрахан трассасы жанындағы Сарыөзек ауданында орналасқан мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Айта кету керек, осы уақытқа дейін біздің өңір автокөлік иелеріне арналған арнайы ХҚКО жоқ жалғыз өңір болатын.

- Енді атыраулықтар бір ғимаратта бір жарым-екі сағаттың ішінде автокөлікті қайта тіркеп, жүргізуші куәлігін ала алады. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін психоневрологиялық және наркологиялық диспансерлерден анықтамалар ала алатын комиссия жұмыс істеп жатыр, - дейді “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан ОСПАНОВ.

Арнайы орталықтың аумағында арнайы жабдықталған сыныпта теориялық көлік жүргізу емтиханын тапсыруға және арнайы датчиктермен жарақталған автодромда тәжірибелік емтихан тапсыруға болады. Автокөліктерді қайта тіркеу үшін автомобильдердің негізгі тораптары мен агрегаттары тексерілетін жеңіл және жүк автокөліктеріне арналған ангарлар қарастырылған.

Лента кесу рәсімінен кейін облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ бастаған жергілікті шенеуніктер ғимаратты қарап шықты.

- Арнайы ХҚКО қаладан алыс, сіздер жұмысқа қалай жетесіздер? - деп  Ноғаев тіркеу орнындағы қыздан сұрады. Ол қызметкерлерді қызметтік көлік тасымалдайтынын айтты. 


Содан кейін барлығы мемлекеттік нөмір беретін кабинетке беттеді.

Облыс әкімі бағалар белгіленген нөмірлерге назар аударды:

- Оһо, әдемі нөмірлер, бағалары да тамаша екен. Қалай, алып жатыр ма?

- Адамдар сатып алсын деп көрінетін жерге әдейі қойдық, - деп жауап берді арнайы ХҚКО қызметкерлерінің бірі.


Бұл жерде “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының 32 маманы мен әкімшілік полицияның 14 қызметкері жұмыс істейді. Операторлар қажетті құжаттарды қабылдаумен, ал полицейлер - тікелей жүргізуші куәліктерімен және техникалық төлқұжаттарды рәсімдеумен айналысады.

- Мұнда полиция көп емес пе? - деп сұрады Ноғаев.

- Жоқ, осындай мөлшерде қажет, - деді полиция департаментінің бастығы Аян ДҮЙСЕМБАЕВ.


Екінші қабатта автодромды басқару кабинеті орналасқан. Автоматтандырылған автодром заманауи электронды бақылау жүйесімен жарақталған, ол практикалық көлік жүргізу емтиханын тапсыру кезінде адам факторын жояды.

- Мен мұндай автодромда 70 пайызы емтихан тапсыра алмайтындығына сенімдімін, - деп түсінік берді «Нұр Отан» облыстық филиалы төрағасының орынбасары Нұрлыбек ОЖАЕВ.

«АЖ» тілшісі  кейбір кабинеттерде бақылау камералары жоқ екеніне Аян Дүйсембаевтың назарын аударды.

- Болады, барлық кабинетте бейнебақылау камералары болады, - деп сендірді облыстың бас полицейі.


Арнайы ХҚКО-да күту залы, медициналық кабинеттер және асхана бар. Асхананы қарап шыққан қала әкімі Әлимұхаммед ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ:

- Біреулер өз бизнесін бастап үлгеріпті ғой, - деді мақұлдаған кейіппен.

Абылайхан Оспановтың айтуынша, жаңа мамандандырылған ХҚКО тәулігіне орташа есеппен мыңға дейін адам қабылдай алады, жұмыс режимі - дүйсенбі-сенбі аралығында сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін.

Фархат ӘБІЛОВ

Суреттерді және бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

15 желтоқсан 2018, 12:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.