Өзбекстан алдағы уақытта тағы бірнеше мемлекетпен визасыз режим ендіруді қарастырып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Тізімде Еуропалық Одаққа мүше елдер де бар. Бұл туралы көрші елдің Премьер-министрінің орынбасары Азиз Абдухакимов мәлімдеді. Жалпы жыл басында Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Израиль, Индонезия, Оңтүстік Корея, Малайзия, Сингапур, Түркия, Жапония мен Франция үшін визасыз режим енгізген еді. Оған қоса, тағы 39 елдің азаматтарына туристік визаларды алу тәртібін жеңілдетті.
Бұдан басқа, транзитпен жүретін жүзден астам елдің азаматтары үшін бес күннен аспайтын мерзімге визасыз режим жасалды. Өзбекстан ТМД аумағындағы елдермен арадағы визалық режим күнін біршама ұзартты.
Оған қоса, зияратшылар көптеп келетін үш мемлекетпен барыс-келіс жеңілдеген. Бұл тізімде Қазақстан да бар. 2018 жылдың тоғыз айында Өзбекстанға келген шетел азаматтарының саны өткен жылдың көрсеткішінен екі есе артып, шамамен 4,5 миллион адамды құраған.
Ратхул Шахрух, турист:
- Мен бұл елге келу үшін қажетті құжаттарды интернет сайт арқылы тапсырдым. Бар-жоғы он минутта рәсімдеп электронды визаны үш күннің ішінде алдым. Жалпы Өзбекстан мен Үндістан арасындағы визалиқ режим өте қолайлы жасалған. Далада қыстың алғашқы айы желтоқсан болса да, Өзбекстанда күн жылы екен. Өте керемет сезімде жүрмін. Өзбекстанда қасиетті тарихи орындар өте көп. Ташкентті аралап шықтым енді Самарқандқа барсам деген ойым бар. Өйткені визаның мерзімі бір айға жетеді.
Дереккөз: 24.kz