Биыл 12 тамыз күні Ақтау қаласында Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияға қол қойылғаны естеріңізде болар. Енді ол құжатты ратификациялау ғана қалды. Аталған Конвенция күшіне енген жағдайда, қағазда белгіленген міндеттемелер нақты іске асады. Осы орайда, Әзірбайжан тиісті процедураны іске асыра бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Каспий маңы елдері Конвенцияны қабылдауға дайындалып жатыр. Шартқа сәйкес құжат заңды күшіне енуі үшін алдымен әр ел ішкі нормативтерді ретке келтіруі тиіс. Әзірбайжан бұл іске белсене кірісті.
Лейла Абдуллаева, Әзірбайжан СІМ баспасөз хатшысының қызметін атқарушы:
- Қазақстан Конвенцияның депозитарийі саналады. Сондықтан Қазақстан тарапы Әзірбайжанға Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жайлы құжатты тапсырды. Қазіргі таңда құжатты бекіту бойынша мемлекетішілік процедуралар қолға алынды. Бұдан кейін Конвенция Мәжілісте қаралады.
Конвенция мерзімсіз құжат саналады. Заңдық күшіне енгізу үшін жұмыс тобы Бакуде кездесіп, тиімді тетіктерін талқылайды. Сарапшылар әр елде құжатты бекіту үрдісі жуырда аяқталатынына сенімді. Осыдан кейін Каспий теңізінің қорын пайдалану бойынша өзара тиімді іс-қимылға көшуге болады.
Шыңғыс Исмаилов, Каспий зерттеулері орталығының жетекшісі:
- Құжатты ратификациялау Каспий аймағы елдерінің әріптестігін нығайта түсетіні белгілі. Қазіргі таңда аталған елдердің қарым-қатынасы қарқынды түрде дамып келеді. Ал конвенция келешекте кез келген іс-қимылды заң жүзінде реттеуге мүмкіндік береді. Себебі аймақ елдері Каспийдегі мұнай, көлік тасымалы және экологиялық жобаларды бірлесіп іске асыруға мүдделі. Алдағы уақытта Каспий бестігінің серіктестігінің жемісін көреміз деген сенімдемін.
Құжатты бекіту 20 жылға созылды. Алайда оған қол қоюдың өзі Каспий теңізіндегі ынтымақтастықты жаңа сатыға көтерді. Құжат жалпы және ұлттық мүдделерді қорғауға негізделген.
Дереккөз: 24.kz