Ресей словакиялық әскери дипломатты персона нон грата деп жариялады. Өткен айда Словакия ресейлік дипломатты тыңшылық жасады деп айыптап, елден шығарған.
Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова 13 желтоқсан күні Братиславаның әрекетін "достық пиғылдағы іс емес" деп, Мәскеудегі Словакия елшілігінің дипломатына екі тәулік ішінде ел аумағынан шығып кетуді талап ететінін мәлімдеді.
5 желтоқсан күні Словакия премьер-министрі Петер Пеллегрини Братиславадағы Ресей елшілігі әскери атташесінің қызметкерін персона нон грата деп жариялап, 22 қараша күні еліне қайтарғанын мәлімдеген. Словакия әскери барлау қызметі ресейлік дипломатты Словакия мен НАТО мүддесіне қарсы тыңшылық жасады деп айыптайды.
Словакия - НАТО мен Еуропа Одағына мүше ел.
Словакия тыңшылық жасады деп айыптаған ресейлік дипломаттың аты-жөнін жарияламады.
Дереккөз: azattyq.org