Желтоқсан мұнайлы астана тұрғындары үшін жайлы басталмады: аяз түсіп, тайғақ болды. Ауа-райының қолайсыздығынан автобустар қызбай қалып, қала тұрғындарына аялдамаларда ұзақ күтуге тура келді. Айтпақшы, аялдамалардың кейбірі адам аярлықтай күйде, бұған «АЖ» тілшісінің өзі көз жеткізген болатын.
Бұған қарама-қайшы көрініс: бір жерлерде әдемі павильон бой көтерсе, ал бір жерлерде отырғыштар жоқ.
Биыл Атырау көшелеріне бес метрлік және он метрлік жаңа аялдамалар орнатылды. Павильондарда кафе мен дүкендер жұмыс істейтін болады, кей жерлерінде, тіпті, қала тұрғындары тоңып қалмас үшін немесе аптап ыстықта паналай алатын, Астанадағыдай жеке бөлмелер бар. Бірақ Атырауда бұл бөлмелер көпшілікке арналмаған: ол жерде «Смарт-Атыраудың» жол жүру карталары сатылады.
- Жаңа аялдамаларды не үшін орнатты, әдемілік үшін бе? – деп сұрайды зейнеткер Сара апа. – Бұрынғысынан еш айырмашылығы жоқ, қазір суық, ал жазда күн көзінен қалқалап тұру мүмкін емес.
Ал мынау Ескі әуежай ауданында орналасқан. Бұл құрылымды аялдама деп атағың келмейді екен: төбесінің кей жерінде жаңбыр мен күннен қорғауы тиіс поликарбонат жоқ, отырғыштың тек темір қаңқасы ғана қалған. Көшеде аяз қысып тұрғанда, темірге қалай отырасың?
Биылғы жылдың маусымында «Тойота» маркалы жеңіл көліктің қатты жылдамдықпен Азаттық даңғылы бойындағы «Санаторий» аялдамасын қиратып кеткені атыраулықтардың есінде шығар. Нәтижесінде сол жерде тұрған 6 адам жарақат алды. «АЖ»-ға белгілі болғандай, іс тоқтатылды, ал «Тойотаның» жас жүргізушісіне бүлдірген залалды өз есебінен қалпына келтіру міндеттелген. Содан бері жарты жыл өтті, бір кездері бұл жерде аялдама болғанын тек темір табанынан ғана білуге болады.
Ал мынау мұнайлы астананың халық көп шоғырланған Нұрсая ықшамауданындағы №4 маршруттың соңғы аялдамасы. Бұл дүңгіршекте жүргізушілердің өздері үзіліс жасайды, ал аялдаманың өзі жоқ.
Бұл да Нұрсаяда. Темір аялдама тұрғындарды суық пен ыстықтан қорғамайды.
Авангардтағы «Каспий» аялдамасы. Жаман емес сияқты, бірақ адамдар, неліктен екені белгісіз, автобусты бұрылыста күткенді жөн көреді. Тиісінше, автобустар да сол жерге тоқтайды.
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттерді түсірген автор