«Әлемнің кейбір елдері қытайлық Huawei компаниясын ұлттық қауіпсіздікке қатер төндірді деп айыптады. Алайда бұған қатысты ешкім нақты дәлел келтірген жоқ» дейді Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Лу Кан.
Ал Канадада қамауда отырған «Huawei» компаниясының қаржы директоры Мэн Ваньчжоудың күйеуі жұбайын абақтыдан кепілмен босату үшін 11,3 миллион доллар қаражат беруге дайын екенін мәлімдеді.
Нұрбек Бекен, Twitter @NurBekenov:
- Өткен аптадан бері Huawei-дің төңірегіндегі шу басылмай тұр. Әуелі жапондық БАҚ билік мемлекеттік мекемелерге Huawei Technologies және ZTE компанияларынан телекоммуникациялық жабдық сатып алуға тыйым салғанын жазды. Ал Еурокомиссияның вице-төрағасы Андрус Ансип те Еуропадағы Қытайдың технологиялық компанияларының заңсыз дерек жинауына алаңдайтынын айтты.
Осыған байланысты Бейжің бірден жауап қатты.
Лу Кан, ҚХР Сыртқы Істер Министрлігінің ресми өкілі:
- Соңғы кезде жекелеген елдердің бірнеше өкілі Huawei ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндірді деген мәлімдемелер жасады. Бірақ олардың ешқайсысы компанияның ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіргенін растайтын дәлел келтірген жоқ.
Лу Канның айтуынша мұндай негізсіз байбалам экономикалық әріптестікке кері әсерін тигізеді.
«Ал Huawei болса Қытайдың жеке меншік кәсіпорны. Әлемнің көптеген елдерімен жұмыс істейтін компанияның өзінде олардың киберқауіпсіздігіне қатер төндіреді деген мәселе туындаған жоқ» дейді.
Нұрбек Бекен, Twitter @NurBekenov:
- Естеріңізге сала кетейік, Huawei-дің негізін қалаушы Жэнь Чжэнфэйдің қызы және компания төрағасының орынбасары Мэн Ваньчжоу 1 желтоқсанда Канаданың Ванкувер қаласында қамауға алынды. Ол АҚШ-тың Иранға қатысты сауда санкциясын бұзды деген күдікпен ұсталып отыр. Қытайдың Канададағы елшілігі бұл әрекетті адам құқығының өрескел бұзылуы деп айыптап, өз азаматын босатуын талап етті.
Дерекөкз: 24.kz