АҚШ Ресейді америкалық туристерге бармауға кеңес берілген елдер тізімінен шығарып, "туристер абайлап жүруі керек" деген мемлекеттер тізіміне қосты.
"Америкалық туристер Ресейде терроризм, бопсалау және жергілікті заңдардың шектен тыс қолданылуына байланысты сақ болуы тиіс" делінген АҚШ Мемлекеттік департаментінің сайтындағы хабарламада. АҚШ азаматтарына терроризм қаупіне байланысты Солтүстік Кавказға және Ресей оккупациялап алған Қырымға бармауға кеңес берілген. Вашингтон Қырымды Ресей басып алған Украина жері деп таниды.
Мемлекеттік департамент сонымен қатар америкалықтарды Ресейге барған жағдайда БАҚ-тағы ақпараттарды бақылап отыруға, шетелдік туристер көп баратын орындарда абай болуға және үнемі құжатын алып жүруге шақырады.
Туристер сапары кезінде аса сақ болуы тиіс елдер қатарында Нигер, Куба, Түркия, Пәкістан, Ливан және Гондурас бар.
Дереккөз: azattyq.org