Атырау, 29 қараша 04:49
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

​Қытай интернет сауданы жандандыру үшін кедендік баж салығын төмендетпек

1 450 просмотра


2019 жылы да Қытайдың сыртқы саудасының көлемі арта береді. АҚШ-пен сауда келіспеушілігі бәсеңдеген тұста елдің сауда министрлігі осындай мәлімет таратты. Ресми өкіл Гао Фэн келер жылы Қытай үкіметі экспорт пен импортты одан әрі арттыру үшін құрылымдық реформаны жалғастыра беретінін айтты. 

Шығыс көршіміз жаңа жылдан бастап интернет сауданы жандандыру үшін кедендік баж салығын төмендетуді жоспарлап отыр. Осылайша дүниежүзімен сауда-саттықты еселей бермек. Биыл 11 айда Қытайдың сыртқы саудасы 11,1 процентке артып, 4 триллион долларға жуықтады. Кедендік бас басқармасының мәліметі бойынша, экспорт пен импорт көлемі біртіндеп теңесіп келеді. Бұл хабарлама Қытай әлемге тек өз тауарларын жіберуші ғана емес, көптеп импорттаушы ел дегенді меңзейді. Статистикаға сенсек, қаңтар-қараша айларында Қытайдың сарттан тауар кіргізуі 14,6 процентке артқан.  

Ли Куйвэнь, ҚКББ статистика бөлімінің басшысы: 

- Жыл басынан бері біздің еліміз импортты артырып, әлемге қытай нарығын кеңінен ашты. Соның есебінен шеттен келетін тауар көлемі артып отыр. 

Сонымен, биыл 11 айда Қытайға шеттен келетін шикізат пен тұрмыстық тауарлардың көлемі артқан. Соның ішінде «Бір белдеу, бір жол» бойындағы мемлекеттермен сауда-саттық 3,3 процентке өсті. Ал Қытайдың Еуропалық одақпен саудасы 8,7 процентке артыпты. 

Өзара келіспеушілік пен тарифтік текетіреске қарамастан, АҚШ-пен сауда-саттық  7,2 процентке көбейген. Шығыстағы үлкен көршіміз бұл көрсеткіштерді одан әрі арттыра түспек ниетте. 2019 жылдан бастап интернет-сауда үшін кедендік баж салығы төмендейді. 

Таяуда қабылданған трансшекаралық электронды сауданы дамыту жөніндегі заң бойынша импорт салығы азайды. Үкімет трансшекаралық онлайн сауданы жандандыру үшін өз азаматтарына бөлінетін квотаны 6 мың юаньға арттырып, енді ол 26 мың юаньды құрап отыр. 

Бұл – шамамен 1 млн 400 мың теңге. «Али-Рисерч» зерттеу орталығының мәліметі бойынша, өткен жылы қытайлық интернет пайдаланушылардың 10 проценті шеттен зат сатып алған. Ал 2014 жылы бұл көрсеткіш 1,6 процент қана болған. 63 түрлі импорттық тауарға баж салығының азайтылуы онлайн-сауданы одан әрі жандандыра түспек.

Дереккөз: 24.kz

11 желтоқсан 2018, 10:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.