Атырау, 29 қараша 04:43
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Қытай АҚШ-қа Huawei басшысына қатысты ескерту жасады

2 148 просмотра


Қытай Канада Huawei Technologies компаниясының атқарушы директоры Мэн Ванчжоуды Вашингтонның сұрауы бойынша тұтқындаған соң АҚШ-тың Пекиндегі елшісі Терри Бранстадты шақыртты.

Қытай сыртқы істер министріінің орынбасары Ле Юйчэн 9 желтоқсан күні АҚШ елшісін шақыртып, оған Мэн Ванчжоудың тұтқындалуына байланысты "ресми қарсылық мәлімдемесін" тапсырды.

Ресми Xinhua агенттігінің хабарлауынша, Ле Юйчэн Ванчжоудың тұтқындалуын "барып тұрған сорақылық" деп атап, АҚШ-тан оны Канададан экстрадицияламауды талап етті. Ол елшіге Вашингтон Huawei басшысын қудалауын тоқтатпаса, Пекин АҚШ-қа қарсы шара қолданатынын ескертті.

Қытай Сыртқы істер министрлігі 8 желтоқсанда Канаданың Пекиндегі елшісін де шақыртып, Мэн Ванчжоуды қуғындауды дереу тоқтатуды талап еткен.

Қытай азаматы әрі Huawei компаниясының негізін қалаушының қызы Мэн Ванчжоуды Канада билігі Ванкувер әуежайында желтоқсанның 1-і күні ұстаған.

АҚШ билігі Мэн Ванчжоу Вашингтонның Иранға салған сауда санкциясын бұзып, сауда-саттық жасамақшы болған деп күдіктенеді. Оған америкалық бірнеше мемлекеттік мекемені алдау мақсатында қитұрқылық жасаған деген айып тағылған. Reuters агенттігі АҚШ-қа экстрадицияланып, сот айыпты деп таныған жағдайда Мэн Ванчжоуға ұзақ мерзімді түрме жазасы тағайындалуы мүмкін деп хабарлайды.

Мэн Ванчжоу Канадада өзіне тағылған айып бойынша кінәлі емесін, АҚШ-қа экстрадицияланған жағдайда сотта оны дәлелдейтінін мәлімдеген.

Huawei Ирандағы операцияларын "қолданыстағы заңдарға, АҚШ, Еуропа Одағы мен БҰҰ санкцияларына сай жүргізгенін" айтады.

Дереккөз: azattyq.org

10 желтоқсан 2018, 12:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.