29 қарашада сағат 20.30-да Атырау қаласының көшелерін күзетіп жүрген 5546 әскери бөлімінің (ҚР Ұлттық ұланы) үш әскери қызметкері көппәтерлі үйдің ауласынан көмекке шақырған әйел дауысы мен алысып-жұлысқан дыбыстар естиді. Сол жерге жүгіріп барған олар көз жасы парлаған жас қызды қоршап алған белгісіз үшеуді көреді.
Ұландар кідіріссіз көмекке ұмтылады. Ұстау кезінде қылмыскерлердің бірі пышағын ала жүгіреді, бірақ оны қоян-қолтық ұрыс тәсілімен дарытпады. Содан кейін үш қаскөй Атырау ҚІІБ уақытша ұстау абақтысына қамалды.
Ал қыз құтқарушыларға тонаушылардың пышақпен қорқытып, сөмкесінен сәл бұрын ғана банкоматтан түсіріп алған ірі көлемдегі ақшасын тартып алғанын әңгімелеп берді. Шамасы, ізіне түскен болуы керек. Шынымен де, айғақтардың қатысуымен тексеру кезінде ұсталушылардың бірінің қалтасынан 225 мың теңге табылды, зардап шегуші дәл осы көлемдегі соманы банкоматтан түсіріп алған еді.
ҚР Ұлттық гвардия «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлағандай, 5546 әскери бөлімінің командирі қоғамдық тәртіпті күзету бойынша қызметті үздік атқарғаны үшін, қарақшыларды ұстау кезінде епті, батыл әрекеттер жасағаны үшін әскери жасақты марапаттады.
Дайындаған Фархат ӘБІЛОВ