Атырау, 25 қараша 13:50
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Терезеге қарасам - крематорий түтіні

Сурет
2 991 просмотра


«АЖ» редакциясына Асан есімді Атырау тұрғыны хабарласты. Ол Геолог ықшамауданының (бұған дейін ауылдық округ болды) маңында атылған қаңғыбас иттер мен медициналық қалдықтарды өртейтін крематорийдің жұмыс істейтінін, бұл сол жердегі мұнайгаз кеңселерінің қызметкерлеріне көп қолайсыздықтар тудыратынын әңгімеледі.

«АЖ» тілшісі аяқтай сол жерге барып, осы крематорий сияқты кәсіпорындарды қаладан шалғай жерге орналастырған жөн екеніне көз жеткізіп қайтқан еді.

- Біздің кеңсеміз өртейтін жердің дәл түбінде орналасқан. Егер жел батыстан соқса, кеңсе ішінде тыныс алу мүмкін болмай қалады, кейде әйелдерге жедел жәрдем шақыратын кездеріміз де болады, - дейді маған осы жерде жол көрсетіп жүрген Асан.

Шынымен де, будақтаған қою түтін ол жұмыс жасайтын ғимаратқа қарай жөңкілуде. Металл профильді қоршаудың ар жағына жасырылған пеш жанында ит өлекселері жатыр. Олардың кейбірінде қарғыбау бар,  әрқайсысының құлақтарының шеті кесіп алынған. Мұны жүйкесі тозған жанға көру оңайға соқпас.


- Мұны ит атушылар есеп беру үшін жасайтын болар, - дейді Асан.

Оның айтуынша, крематорий аумағындағы қоқыс жәшіктерінде адам денесінің бөлшектері де кездеседі екен.

Сенімдісіз бе?

- Иә, аяқ-қолдар, сосын кесіп алынған соқыршекті көрдім. Осыған қатысты әкімдікке жүгінген едік, бәрін анықтаймыз деді, бірақ әзір нәтиже жоқ.

Дуал ішіндегі пеш жанында күлге айналып бітпеген, жартылай балқыған медициналық анализдерге арналған пластик колбалар мен дәрі-дәрмектерге арналған шынылар салынған қоқыс контейнерлері тұр. Ал сәл әрігіректе медицинада қолданылатын түрлі заттар салынған қапшықтар мен қораптар шашылып жатыр. Осының бәрін көрген мен мұрнымды шарфпен жабуға тырыстым, өйткені түтіннің иісі шынымен де адам төзгісіз болатын.

Біраздан соң қасымызға крематорий фирмасының өкілдері жақындап келіп, осы бір лас, бірақ қажетті жұмыс үшін барлық рұқсат құжаттары бар екенін түсіндірді.


- Бұл жерге облыс әкімінің орынбасары Серік ШАПКЕНОВ келіп, бәрін көрді, ешқандай қарсылық болған жоқ, - деді  компания өкілі. Жалпы, оның пікірінше, сол маңдағы кеңсе қызметкерлері өздеріне бәсекелес болғандықтан газетке шағымданып жүр екен. Олай болуы неғайбыл: Асан жұмыс істейтін фирманың негізгі қызмет түрі - мұнай және газ ұңғымаларын геофизикалық зерттеу, ату-жару жұмыстарын жүргізу.

Крематорий фирмасының Залина есімді заңгерімен телефон арқылы сөйлесудің сәті түсті.

- Біздің жұмыс жасауға барлық рұқсат құжатымыз бар, соның ішінде Экология департаментінен де рұқсат алдық, - деді ол.

- Танысу үшін маған осы құжаттарды жібере аласыз ба?

- Иә, әрине, бірақ қазір жұмыста емеспін, ертең жіберейін.

Рас, келесі күні Залинаға оның уәдесін есіне салғанымда, ол басшысы келгенше әзірге құжаттарды жібере алмайтынын, ол өкінішке орай, қазір қалада еместігін, тек бір аптадан кейін ғана келетінін айтты.

…Ит крематорийінен кетіп бара жатып, Атыраудан ерікті Алфия ОҚАШЕВАНЫҢ бастауымен ұйымдастырылған үй-күйсіз жануарларларға арналған панажай есіме түсті. Жастар қала сыртындағы базаны жалға алған, оларды қоректендіріп, мүмкіндігінше мейірімді жандардың қолына береді. Сондай-ақ, жергілікті билік алдына толыққанды «жануарлар» панажайын салу туралы мәселе қойып отыр. Тіпті, облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ көмектесуге уәде берді. Жақсы болар еді. Сонда пешке арналған «шикізат» та азаяр еді.

Анастасия АЛЮШИНА

Суреттерді түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

5 желтоқсан 2018, 10:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.