2 желтоқсанда Н.Тілендиев атындағы кіші өнер академиясында қазақтың тұңғыш бард ақыны, жерлесіміз Табылды Досымовтың әнін орындаушылар арасында облыстық «Табылды әні» атты лирикалық шығармалар фестивалі өтті. Байқауға 16-36 жас аралығындағы 12 өнерпаз қатысты. Бұл фестивальде ерекше талап болды: қатысушыларға ақынның халық арасында кеңінен танылған «Сәйгүлік», «Биіктік», «Желтоқсандағы жыр», «Мен қазақпын», «Ұнатамын мен сені» атты бес әнін орындауға тыйым салынды.
- Бұл шешімге кездейсоқ келген жоқпыз,- деді қазылар алқасының мүшесі, Т.Досымовтың ұлы Абыл АЯШ. - Бұған дейін ұйымдастырылған байқауларда орындаушылар тек осы бес әнді ғана шырқаумен шектелген кездер болды. Ал әкемнің 70-тен астам әні бар.
Фестиваль қорытындысында «Үздік орындаушы» номинациясы мен 20 мың теңге сертификатын Айсабек ТӨЛЕГЕН жеңіп алса, «Көрермен көзайымы» номинациясы мен 10 мың теңге Дәурен ТӘЖІМҰҚАНОВҚА бұйырды. Ал бас жүлде мен 50 мың теңге сертификаты Құрманғазы ауданы Жұмекекен ауылынан келген Ізбасар САМИҒОЛЛАЕВҚА табыс етілді.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор