Мақат ауданы Доссор кентіндегі 20 кереуеттік аурухана 2006 жылы қолданысқа берілген. Бастапқыда құрылыс жұмыстарының сапасыз жүргізілуінен қыс мезгілінде ғимарат суық болады. Сондықтан 2015 жылы облыстық бюджеттен 55 млн теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мердігер «КоСМо» ЖШС ғимараттың төбесіне жылу жабындылар төсеу, сыртқы қабырғаларын қаптау, жылу радиаторларын ауыстыру, терезелердің сынған бөлігін алмастыру жұмыстарын атқарды. Алайда аурухана ғимараты әлі суық.
Дәрігерлер кабинеттері мен палаталарда электр радиаторлары қосулы тұр. Алайда бұл акушер-гинеколог кабинетінде суықтан суықтан құтқармай тұр. Тіпті бір жүкті әйел аурухана әкімшілігіне шағым да түсіріпті.
- Терезелерді қанша қымтап бітесек те, салқын жел үнемі соғып тұрады. Оның үстіне батареялар да қатты ыстық емес,-дейді ақхалаттылар.
- 2016 жылы құны 1 млн 945 мың теңге тұратын екі дана жылу қазандығы орнатылды. Алайда қазандықтың бірі сапасыз болғандықтан тесліп қалған. Мердігер мекемені сотқа беріп, ол жосықсыз жеткізуші деп танылды. Өзіміз қажетті бөлшектер алып, жөндеуден өткіздік. Жағдай қалыпқа түсіп келе жатыр,-дейді Мақат ауданы ауруханасының бас дәрігері Батырбек ОҢДАСЫНОВ.
Бас дәрігердің айтуынша, 2019 жылға аталмыш аурухананың материалдық-техникалық және санитарлық жағдайын жақсарту бойынша сұраныстар дайындалған. Бұл жұмыстарға жылу қазандықтарын жаңарту және терезелерді жөндеу кіріп тұр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор