2003-2005 жылдары республикалық маңызы бар Атырау - Орал жолы Жапон халықаралық ынтымақтастық банкінің қатысуымен күрделі жөндеуден өтті. Кейіннен түрлі учаскелерде, мысалы, 2012 жылы 272-372 учаскеде (Атырауға қарай Тұшықұдық ауылынан 100 шақырым жер) кішігірім жөндеу жұмыстары жүргізілді.
- Махамбет ауылынан кейін шамамен 50 шақырым жер өте нашар күйде, жүру мүмкін емес. Елбасы Атырауға келген кезде біз осы мәселені көтердік, ол үкіметке тапсырма берді. Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Ескі жол төсемі толығымен алынып, жаңасы салынады, - деп мәлімдеді облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ жақында өткен мәжілістердің бірінде.
Атырау-Орал тас жолымен тәулігіне 7 мыңға жуық автокөлік, соның ішінде көптеген жүк көліктері өтеді. Өйткені ол біздің облыстың автокөлік қатынасын еліміздің басқа облыстарымен Батыс Қазақстан облысы арқылы Ақтөбе бағытына шығуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ, Ақтау теңіз айлағында, Өзбекстанмен (Нөкіс қаласы) және Түрікменстанмен шекарада негізгі транзиттік жүк ағынын қамтамасыз етеді.
Халық арасында ол «ажал жолы» деген атауға ие болды, өйткені статистика жаға ұстатарлық: мысалы, тек 2006-2014 жылдары бұл жерде жол-көлік апатынан 185 адам көз жұмды. Жол бойында марқұмдарға құрмет ретінде шағын ескерткіштер көп орнатылған.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор