№2 қалалық соты ҚР ҚК 106-бабының 3-тармағы («Жәбiрленушiнiң өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру») бойынша айыпталған Атырау тұрғыны Б.-ға қатысты үкім шығарды. Тергеу барысында анықталғандай, биылғы көктемде екі қала тұрғыны сөзге келіспей қалып, соңы төбелеске ұласып, Б. қарсыласын басынан тебеді. Кейінірек ол жігіт облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде есін жимастан қайтыс болды.
Сол түні Б. жәбірленушінің қайтыс болғанын білген соң тергеуден жасырынып, оған іздеу жарияланады. Кейіннен полицейлер оны Қазақстанның басқа өңірінен ұстады.
- Тергеу кезінде де, сотта да Б. тағылған айыптауларды мойындамай, бар болғаны шабуылдан қорғанғанын айтумен болды. Алайда оның кінәсі сотта тергелген іс материалдарының жиынтығы арқылы толықтай дәлелденді, - деп хабарлайды №2 соттың баспасөз қызметі.
Сотталушы кінәлі деп танылып, орташа қауіпсіздік мекемесінде 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын алды. Бұдан басқа, одан марқұмның отбасының пайдасына 3 миллион теңге көлемінде моральдық шығын өндіріліп алынды.
Фархат ӘБІЛОВ