Күздің соңғы күндерінде мұнайлы астанада таңертең тайғақ салдарынан кептеліс пайда болды. «Арнаулы автобаза» ЖШС ақпараты бойынша, қазір Атырау көшелеріне 28 техника, соның ішінде 10 тазалағыш трактор мен 5 қосалқы құрылғылы КамАЗ көлігі жұмылдырылған.
- Тұз ерітіндісін төгу үшін 13 бірлік техника пайдаланылып, 194 жұмысшы жұмылдырылды, - деп хабарлады «Арнаулы автобаза» ЖШС директоры Алмас ІЗТЕЛЕУОВ.
Оның айтуынша, жалпы қысқы маусымда көктайғақпен күресу үшін 150 тонна тұз, 460 текше метр құм әзірленген.
Жалпы Атырау облысына келер болсақ, ТЖД төтенше жағдайларды жою бөлімінің бастығы Сырлыбай ӨТЕУЛИЕВТІҢ айтуынша, қысқы уақытқа да барлығы дайын:
- Республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда жүргізушілерді жылытуға арналған 19 қосын құрылды, олар дәрі-дәрмектермен, азық-түліктермен және ең қажетті заттармен қамтамасыз етілген. Қыс мезгілінде ықтимал төтенше жағдайларды жою үшін жеке құрамның 2852 қызметкері мен 383 техника бірлігі әзір.
Бұдан басқа, бүгін тайғақ салдарынан Атырау әуежайында ұшу-қону жолағы тазартылып, бірнеше рейс біраз уақытқа кешіктірілген.
Фархат ӘБІЛОВ