Грузиядағы президенттік сайлаудың екінші турында елдің бұрынғы сыртқы істер министрі, тәуелсіз үміткер Саломе Зурабишвили алда келеді. Соңғы мәліметке қарағанда, ол сайлаушылардың 59,61 пайыз даусын жинаған.
Ал оның қарсыласы оппозициялық «Күш бірлікте» партиясының өкілі Григол Вашадзе азаматтардың 40,39 пайыз дауысына ие болды. Орталық сайлау комитеті бюллетеньдердің 98 пайыздан астамы саналғанын жеткізді. Додаға дауыс берушілердің 56 пайыздан астамы қатысқан. Жалпы жергілікті заңға сәйкес жеңіске жету үшін сайлаушылардың басым дауысына ие болу жеткілікті.
Еске сала кетейік, Грузиядағы президенттік сайлаудың бірінші туры қазанның 28-і күні өтіп, ешбір кандидат 50 пайыздан астам дауыс жинай алмаған еді.
Саломе Зурабишвили, Грузия президенттігіне үміткер: - Бүгін Грузияның өркендеп гүлденуіне кедергі болып келген өткенімізден бас тарттық. Біздің таңдау бейбіт әрі еркін мемлекет құру. Біз барлық азаматтарға тең қоғам құруға күш саламыз. Сайлау нәтижесіне қарамастан алға қойған мақсаттарға бірлесіп қол жеткізуді көздейміз.
Дереккөз: 24.kz