Грузияда мектепке дейінгі білім берудің сапасы өте төмен, деп хабарлайды «Хабар 24».
Елдің 64 ауданында зерттеу жүргізген БҰҰ Балалар қорының мәліметі осындай. Мамандар балабақшалардың қолжетімділігі, білім беру бағдарламасы және ұстаздардың біліктілігіне назар аударды. Нәтижесі көңіл көншітпейді. Бір топта 60 бала тәрбиеленген кездер болған. Кейбір балалар мектепке дейінгі білім беру бағдарламасынан қалып қалған. Грузияда мемлекеттік балабақшаға орналасу қиын. Тинатин Генелидзе сол үшін екі баласын үйде өзі бағуға мәжбүр болған. Жас ана тіпті жұмысын да тастаған. Аудандарында жаңа балабақша ашылғанша, екі жыл үйде отырды.
Тинатин Генелидзе, Тбилиси тұрғыны: – Бос орын болмағандықтан, ауданымыздағы тегін балабақшаға түсе алмадық. Көрші ауданға орналастық, бірақ бір айдан көп болған жоқпыз. Лық толы екен, 35 балаға тек екі адам қарайтын. Ғимараттың өзі де шағын, жатын бөлмеде тек 20 төсек бар, қалған 15 баланы ұйқы кезінде үйге алып кетуге тура келді.
2013 жылы Грузияда балабақшалар тегін болған соң, онда орын да қалмады. БҰҰ балалар қорының мамандары, бір топта 60 бала тәрбиеленген кездерді көрген. Бұл білім беру сапасына кері әсерін тигізетіні анық.Тәрбиешілер біліктілігінің төмендігі де алаңдатып отыр. Олардың 44 процентінде қажетті білімі жоқ.
Каха Гванцеладзе, Грузия балабақшалар басқармасының жетекшісі:
– Ұстаздардың біліктілігін арттыру үшін мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырып жүрміз. Бірнеше мың тәрбиеші аттестациядан өткен. Бала көп топтарға жыл сайын кәсіпқой мамандарды қосып жүрміз. Келесі жылы 3 мыңнан аса орны бар 11 жаңа балабақшаны ашуды көздеп отырмыз.
Мүмкіндіктері шектеулі балалардың жағдайы тіптен ауыр. Балабақшалар оларға бейімделмеген, ал тәрбиешілердің дені олармен қалай жұмыс істеу керектігін білмейді. Биыл орын болмай, үш мыңдай бала мектепке дейінгі білім беру жүйесінен шет қалған. Өкімет осы мәселені жақын арада шешу үшін, нақты шаралар қабылдамақ.
Дереккөз: 24.kz