15 қыркүйектен бастап мұнайлы астанада №5 және 14 маршруттардың 2 автобусында жақында қала билігі таныстырған электрондық билеттендіру жүйесі іске қосылды. «АЖ» тілшілері жүйенің қалай жұмыс істейтінін бақылап қайтты.
Жұмыс уақыты болса да №14 маршруттағы жаңа автобус (Қостанайдан сатып әкелінген) жолаушыларға лық толы. Жүруге ыңғайсыз ба, жолсерік жолақысын төлеген жолаушылардың барлығына бірдей билет ұсынбады.
- Адам көп кезде билет тарату қиындық туғызады. Автобустардың іші тар, артық қимыл жасау ыңғайсыз. Болашақта үйреніп кетеміз ғой,- дейді жолсерік Әдемі. Айтпақшы, ол бейджигі бар ресми жұмыс киімін киген, жүргізуші де костюммен сықиып отыр.
- Электрондық билет тарату оңай ма, әлде бұрынғы билеттерді беру ыңғайлы ма?
- Екі билеттің айырмашылығы қатты білінбеді, бірақ электрондық билет тиімді. Жеңілдікпен төлейтіндер үшін арнайы «40 теңгелік билет» деген түймені басасың.
Жолсерік, сондай-ақ, жолаушылардың берген билетті еденге лақтыра салатынын, кейбірінің билетті алмайтынын да айтып кетті.
- Қазіргі таңда Атырауға 200 мобильді төлем құрылғысы жеткізілді. Жыл соңына дейін барлық қоғамдық көлікке стационарлық валидаторлар орнатылатын болады,- дейді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейірім ҚАЛАУИ. - «Smart-ТКШ» компаниясы 6 тасымалдаушы-компаниямен келісімшартқа қол қойды. 1 қазаннан бастап барлық жолсеріктерді мобильді төлем құрылғысымен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Мақсатымыз – қоғамдық көлік жұмысының ашық болуын қамтамасыз ету.
Болашақта Атырау тұрғындары жолақыны арнайы картамен төлейді. Ал әзірге жолсеріктер бір қалталарына тиындарды, екінші қалталарына мобильді терминалды салып жүрулеріне тура келеді. Жерлестерге айтарым, жолсеріктерден билет талап ету - заңды құқықтарыңыз, тіпті, міндеттеріңіз, өйткені төлеген салықтарымыздың қайда барып түсетіні баршамызға маңызды ғой.
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттер пен бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ.