– Биылғы жылы менің балам 1 сыныпқа баруы тиіс. Біз өзімізге жақын орналасқан №22 мектепке барып жолыққанымызда бізге Огородная көшесінде тұратын болғандықтан ол мектепке қабылдамайтындықтарын айтты. Бұрын бұл мектепте мен өзім, менің апам және басқа біздің көшеде тұратын біраз бала оқыды. Сондай-ақ, қазір де біздің көшеде тұратын кейбір балаларды бұл мектептің қабылдағандығын біліп те отырмын. Олардың неге алалап отырғандығын түсінбедім?
Зинаида КАЛМЫКОВА
Сауалға қалалық білім бөлімінің бастығы Қайрат ХАБИЕВ жауап береді:
– Мектеп 450 орынға есептелген, 2011-2012 оқу жылында 1-11 сыныптар бойынша 1 057 оқушы және 54 оқушы мектепалды даярлық топтарында оқып шықты. Тікелей мектепке қатысты ықшам аудандағы балалар санағына сәйкес жаңа 2012-2013 оқу жылында қазақ тіліндегі білім беретін екі бірінші сыныпты (78 оқушы) және орыс тіліндегі бір 1-сыныпты (35 оқушы) ашу жоспарланып отыр. Огородная көшесі өзінің орналасу жағынан №18 мектепке қарайды, сондықтан да №22 мектепке бірінші кезекте осы мектепке қарайтын аудан балалары қабылданады. Басқа ықшам аудандардан балалар тек бос орын болған жағдайда ғана қабылданады.