
«QazaqGaz» ұлттық компаниясы Қашаған кен орнының базасында жылына 2,5 миллиард текше метр газ өңдейтін жаңа зауыттың құрылысы бойынша EPCC-келісімшартқа қол қойды. Жаңа өндіріс орны елдегі тауарлық газ тапшылығын азайтуға және өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.
Құжатқа «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Әлібек Жамауовтың Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары барысында қол қойылды.
Нысанды жобалауды, жабдықтарды жеткізуді, құрылыс жүргізуді және пайдалануға беруді (EPCC) қамтитын келісімге ұлттық компанияның еншілес ұйымы — «QazaqGaz Processing» ЖШС мен халықаралық консорциум отырды.
Жобаны жүзеге асыратын мердігерлер консорциумының құрамына мына компаниялар кірді:
- China National Chemical Engineering Sixth Construction Company (Қазақстандағы филиалы);
- China Wuhuan Engineering Corporation Ltd.;
- «AVC Production» ЖШС;
- «C-NRG (Синерджи)» ЖШС.
Бұл стратегиялық жоба Президенттің ресурстық базаны кеңейту және газ өңдеу қуатын арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында іске асырылуда.
Кәсіпорын пайдалануға берілгеннен кейін Қашаған кен орнынан алынатын шикі газды қайта өңдеу көлемі едәуір артады. Сонымен қатар зауыт ішкі нарықты тауарлық газдың, сұйытылған көмірсутек газының (СҚГ) және өнеркәсіптік күкірттің қосымша көлемдерімен тұрақты түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
В Атырау +3.9