
Атырау қаласындағы №2 қалалық емханада заманауи цифрлық құрылғылармен жабдықталған маммография кабинеті жұмысын бастады. Енді бұл емдеу мекемесіне тіркелген тұрғындар сүт безінің қатерлі ісігін анықтайтын маңызды тексеруден өту үшін өзге ауруханаларға бармай-ақ, өз емханасында тегін қарала алады.
Бұл жоба өңірлік медицинаны цифрландырудың 2025–2027 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жүзеге асты. Жаңа құрылғы іске қосылған аз уақыт ішінде емханада 60-тан астам азамат скринингтік тексеруден өтіп үлгерді.
Скринингтік диагностика екі сатылы бақылау арқылы жүргізіледі:
Алғашқы кезең: Тексеру нәтижесін емхананың жергілікті радиолог маманы зерттейді.
Екінші кезең: Түскен суреттер мен қорытындыны сараптама жасау үшін онколог маман қайта тексереді.
Өңірде созылмалы дерттерді ерте бастан анықтау мәселесі аса өзекті. Қазіргі таңда Атырау облысы бойынша 6 мыңнан астам науқас диспансерлік есепте тұрса, оның 820-сына сүт безінің қатерлі ісігі диагнозы қойылған. Мамандардың айтуынша, осындай заманауи цифрлық аппараттарды енгізудің арқасында ауруды бастапқы 0–I сатысында анықтау көрсеткіші 22 пайызға артқан.
Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Құрбановтың айтуынша, өңірдегі медициналық техниканы жаңарту жұмыстары мұнымен тоқтамайды. Алдағы уақытта басқа да медициналық ұйымдардағы маммографиялық аппараттар жаңартылады. Сонымен бірге №3 қалалық емханаға, Махамбет және Исатай аудандық ауруханаларына жаңа цифрлық құрылғылар орнату жоспарланған.
Жаңа кабинеттің ашылуы емханаға қаралатын қала тұрғындары үшін үлкен жеңілдік болды. 30 жылдай осы емханада тіркеуде тұрған Атырау тұрғыны Тамара Күзембаева өз қуанышын жасырмады.
«Бұрын маммографиялық тексеруден өту үшін облыстық онкологиялық диспансерге немесе №1 қалалық емханаға баратын едік. Оған уақыт пен жол кететін. Енді барлық қызметті өзіміздің емханадан алуға мүмкіндік туды. Бұл тұрғындар үшін өте тиімді әрі қолайлы болды», – дейді ол.
В Атырау +0.1