Атырау, 26 сәуір 05:55
 ашықВ Атырау +25
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Ыстық күнде ұстаған оразаның сауабы мол

1 058 просмотра

Ыстық күнде ұстаған оразының сауабы да мол болады. Бұл туралы ертең басталатын қасиетті Рамазан айына орай өткен баспасөз мәслихатының барысында Астанадағы «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Қалижан Заңқоев айтып берді.

«Шілденің ыстық күнінде ораза ұстайтын біз ғана емес. Тіпті, бұрын Кеңес үкіметінің қыспағында болған ата-бабаларымыз да жаз демей, қыс демей ораза тұтқан. Болмаса, жыл он екі ай ыстық қайтпайтын Араб елдерін алайықшы. Осы уақытқа дейін сондай ыстық елдерде күннің ыстығына бола, бес парыздың бірін өтемедім деген мұсылман болды ма? Болған жоқ. Біздің елімізде де ыстық күнде ораза ұстап, арыз айтқан адамды естімедім», - деген Қалижан Заңқоев бәрі адамның ниетіне байланысты екенін баса айтты.

«Алла пендесінің әлі келмейтін парыз жүктемейді. Сондықтан, ниеті түзу адамға Алла өзі күш береді. Ал, енді ыстық ауа-райына байланысты қыз-келіншектеріміздің, әсіресе, ораза ұстайтын қарындас-әпкелеріміздің ашық киіммен жүруіне келер болсақ, ислам діні қыздардың ашық киюіне тыйым салғаны белгілі. Жалпы, менің ойымша, хиджап мәселесі біздің қоғамда шешімін таба алмай жүрген сияқты. Бірі басына орамал тағып жүрген жас қыздарды сынаса, бірі оларды теріс дінге түскен деп есептейді. Менің пікірім, қыз-келіншектеріміз қашан да ұятты жерлерін жауып, барынша ұзын етек-жеңді киімде жүруі керек. Бұл біздің салтымызда да бар ғой. Күн ыстық екен деп, ашық-шашық, қалай болса солай киінген аруларды біз түзу жолға шақыруымыз керек. Бұл жерде үйдегі ата-ананың да тәрбиесі және адамның сана-сезімі зор рөл атқарады», - деп ой толғатты наиб мүфти.

BNews.kz

19 шілде 2012, 18:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.