1 қыркүйек қарсаңында «АЖ» тілшісі Атырау облыстық білім беру басқармасының басшысы Қайырғали КЕНЖЕҒАЛИЕВПЕН кездесіп, бүлдіршіндер мен болашақ түлектер ата-аналарын толғандырып жүрген көптеген мәселелер туралы сұхбаттасты.
- Облыста мектепке дейінгі 328 білім беру ұйымдары бар: 188 – балабақша, 140 – шағын орталық. Былтырмен салыстырғанда ұйымдардың саны 11 бірлікке артты. Қазіргі кезде 2 490 орынға 13 балабақшаның құрылысы жүріп жатыр. Балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 94,2 пайызды құрайды. Қалада 7 балабақшаның күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Мектептер бойынша – 193 мемлекеттік және 4 жекеменшік мектеп бар. Облыс бойынша 4 мектеп - Құрманғазы ауданындағы Лабай, Атырау қаласындағы М. Жұмабаев, Ғ.Мұратбаев және Индер ауданындағы Қ. Есқалиев атындағы орта мектеп апатты жағдайда. Жылдың аяғына дейін Лабай мектебінің құрылысы аяқталады. Қалған үш мектептің жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалып жатыр. 1 қыркүйекте Құрманғазы ауданындағы Гагарин орта мектебі және Сағыздағы 424 орындық мектеп, 3 балабақша (Алмалы, Талдыкөл, Бөдене) және музыкалық академияның жатақханасы қолданысқа беріледі. Жылдың аяғына дейін 5 мектеп (Құрманғазы ауданындағы Лабай, Жасталап, Ж.Нәжімеденов орта мектептері, Атырау қаласында Жұлдыз ықшамауданындағы мектеп және М.Өтемісов атындағы орта мектеп), 9 балабақша қолданысқа беріледі.
- Оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуде де ата-аналарды мазалайтын сұрақтар бар. Ас мәзірі қалай құрылады? Асханадағы тамақтың жағдайына көңілі толмайтын ата-аналар көп. Бұл жағдайда қандай шара алынады?
- Республикада тек 4 облыс бастауыш сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз етеді, олардың қатарында Атырау облысы да бар. Тамақтың сапасына қатысты - мектептегі қамқоршылық кеңестері белсенді жұмыс жасап, бұл мәселелерге араласып, өздерінің ұсыныс-пікірлерін айта алады. Мектеп асханаларын жеке кәсіпкерлер жалға алады, оларды тексеруге мораторий жарияланған. Ас мәзірін кәсіпкерлер дайындайды, қоғамдық денсаулық сақтау департаменті қызметкерлері бекітеді. Ас мәзірін дайындаудың нұсқамасы бар, қазір бір баланың тамағы 230 теңге шамасында, бірақ ол нарықтағы азық-түлік бағасына сәйкес өзгеруі мүмкін.
- Оқырмандарымыздың мүмкіндігі шектеулі баланың үйде білім алуына қатысты да сұрақтары бар: мұғалімдер үйге келмейді немесе сабақ дұрыс өткізілмейді. Жалпы үйде оқитын баланың білімі тексеріле ме? Инклюзивті оқыту туралы не айтасыз?
- Үйден оқитын бала емтихан тапсырмайды, себебі, бастысы - оның денсаулығы. Үйден оқытудың арнайы үлгілік жоспары бар. Мұғалім, әрине, сағат бөлінгесін сабақтарын өткізеді, кейде ата-аналар баланың денсаулық жағдайына байланысты қайтарып жіберуі мүмкін. Ал, мұғалім келмейді деген шағымдар біздің басқармаға түскен жоқ.
Инклюзивті оқытуға келсек, ҚР білім және ғылым министрлігінің нормативті құжаттарына сәйкес, жалпы білім беретін мектептегі бір сыныпта дамуында кедергілері бар 2 балаға дейін білім алуға мүмкіндік бар. Әрие, егер ол балалар сол ортаға зиян келтірмейтін болса. Бұл жердегі мақсат – балалардың дамуына мүмкіншілік тудыру, ортада өзін ұстай білуі, қоғамнан алшақ қалмауы. Инклюзивті оқытуды әр мектепке жүргізе алады. Жалпы білім беретін ұйымда оқуға рұқсат балаға медициналық-педагогикалық психологиялық комиссияның қорытындысымен беріледі. Кешегі тамыз мәслихатында мектептерде осындай ерекше балалармен жұмыс жасайтын тьюторларды (ағылш. tutor – ұстаз) енгізу туралы айтылды.
- Биыл мұғалімді қағазбастылықтан құтқару үшін жасалған жұмыстардың бірі – енді мұғалім тек 5 құжат толтырады. Алайда, кейбір ұстаздардың пікірінше, бұл қағазды азайтпайды. Жиынтық бағалаудың құжаттарын жинаудың өзі оңай шаруа емес.
- ҚР Білім және ғылым министрлігінің биылғы №32 бұйрығына сәйкес, білім беру ұйымдарындағы педагог қызметкерлер жүргізуге тиісті құжаттар тізбесі бар. Оған 5 құжат кіреді: сынып журналы, күнтізбелік-тақырыптық жоспар, критериалды бағалау бойынша құжаттар, сабақ жоспары және оқушылардың күнделігі. Бұрындары мұғалімдер бұдан да көп құжат толтыратын еді: дарынды балалармен жұмыс, үлгерімі төмен оқушылармен жұмыс, өз білімін көтеру жоспары және тағы басқа. Қазір олардың бәрін алып тастады. Журнал да енді электронды түрде толтырылады. Биылдан бастап 172 мектепте қағаз журналға тыйым салып, электронды журналға көшірдік. Мұғалім бұрынғыдай журнал арқаламайды.
- Мұғалімдерге канцеляриялық құрал-жабдықтарды сатып алуға қосымша қаражат бөлінбей ме?
- Бөлінбейді, жаңартылған білім беретін мұғалімдерге 30 пайыз үстемеақы төленеді. Біліктіліктерін растағандардың жалақысы 30-дан 50 пайызға дейін көтеріледі. Ал ген де ақша алмақ. Бұл өсім мұғалімнің материалдық жағына ғана емес, жұмыс жасауы үшін де төленеді.
- Мектепке барарда тапсыратын құжаттардан мекенжай анықтамасы алынып тасталды. Енді ата-ана баласын қалаған мектепке оқуға бере ала ма?
- Алдымен мектеп бірінші кезекте өз ықшамауданын қамтиды, содан кейін орын болса, басқа ауданның балаларын қабылдай алады. Қазір балабақшаға жолдама беру және мектепке орналастыру автоматтандырылуда, егер ол жүзеге асатын болса, қай мектепте қанша орын бары көрініп тұратын болады.
- Мектептерде химия, биология, информатика және физика пәндері ағылшын тілінде жүргізіледі. Пән мұғалімдері ағылшын тілі курстарынан өтті. Өзіңіз қалай ойлайсыз, мұғалімдер ағылшын тілінде пәнді жүргізе ала ма?
- Бұл сабақ түгелімен ағылшын тілінде өтеді деген сөз емес. Пәндерге тек элементтер енгізіліп жатыр. Былтыр 12 мектептегі 15 сынып үш тілде оқыса, биыл 100-дің үстіндегі мектеп осы әдіске көшеді. Мұғалім сабақ бойы ағылшынша сөйлемейді, кей техникалық терминдерді ғана ағылшынша түсіндіреді.
- Ал оқулықтар, мұғалімдерге арналған әдістемелік құралдар бар ма?
- Бар, үш тілде жазылған лингвалдық оқулықтар бар. Биыл да сұраныс берілді, мектептер мұндай оқулықтармен қамтылатын болады. Бұл пәндер, сонымен қатар, факультативті сабақ ретінде жүргізіледі.
- Құрманғазы ауданындағы Нұржау орта мектебінде осыдан бірнеше жыл бұрын күрделі жөндеу жасалып, аяқсыз қалғаны туралы жазған едік. Сол мәселе шешімін тапты ма?
- Қазіргі таңда құрылыс компаниясы жөндеу жұмыстарын жүргізуде, проблемалар болды, бірақ бәрі ойдағыдай, жаңа оқу жылында мектеп тапсырылады.
- БАҚ-та енді мектепте ҰБТ-ға дайындық жүргізілмейді деген ақпарат тарады.
- Мектепте өткізілмейді деген нормативті құжат әзірге жоқ, бірақ ҰБТ-ның мектепке қатыстылығын алып тастау туралы болашақта жоспар бар. Біз қазір тестілеуді ұйымдастырамыз, балаларды жинап апарамыз, тамақтандырамыз, барлығына жауап береміз ғой. Оқушы аттестатын қолына алған соң мектепті аяқтаған болып есептеледі. Сондықтан ҰБТ үшін мектеп жауапкершілік алмайды. Сынама тестілеу де баланың қалауы бойынша өткізіледі деген де айтылуда, қайталап айтайын, әзірге нормативті құжат келген жоқ.
- Мектеп директорларын тағайындауда өзгерістер бар екен.
- Директорларды тағайындауға қаңтардан бастап өзгерістер енгізілді: мектеп директорлары конкурстық негізде тағайындалады, 4 кезеңнен өтеді: мектептің қамқоршылық кеңесіне өзінің даму жоспарының есебін береді, кейін қалалық/аудандық білім бөлімінен әңгімелесуден өтеді, ұлттық тестілеу тапсырып, содан соң облыстық білім беру басқармасынан әңгімелесуге келеді. Бұрын олар тестілеуден өтпейтін және біздің басқармаға келмейтін. Аудандық және қалалық білім бөлімдері директорлыққа ұсынылған педагогтың құжаттарын жіберіп, біз сәйкестігін тексеріп, келісім беретінбіз, сол бойынша тағайындалатын. Бүгінде жаңа тәсілмен екі мектептің директорын тағайындап үлгердік.
- Облыста үш ауысыммен оқитын мектептер саны қанша? Осы мәселені шешу үшін жүргізіліп жатқан нақты жұмыстар қандай?
- Облыста 10 мектеп бар, бәрі облыс орталығында. Негізгі жұмыс - мектептер салу. Қазір №16, 30 мектептерде Нұрсая ықшамауданынан келіп оқитын бала көп. Осы мәселені шешу үшін Нұрсаядан былтыр екі мектеп салдық, биыл 1200 орындық мектептің құрылысы жоспарлануда, жобалау-сметалық құжаттары дайындалуда. Сонымен қатар Вокзал маңы ықшамауданындағы №24, 27 мектептердегі үш ауысым жаңа салынған Береке, Жұлдыз ықшамауданынан келетін балалар есебінен орын алуда, қазіргі кезде Берекеден мектеп салу жоспарлануда. Жұлдызда 624 орындық мектеп құрылысы жүріп жатқанын айтып өттім.
- Кадрлар мәселесі, бізде мұғалім жетпейді...
- Қазіргі кезде 361 мұғалімге сұраныс бар, бастауыш сыныптарға 61 мұғалім, математика пәніне 51 мұғалім, орыс әдебиеті пәніне 65 мұғалім, физика пәніне 17 мұғалім, дене тәрбиесі бойынша 37 мұғалім жетіспейді. Бұл мәселелерді шешу үшін әкімдіктен білім гранттары бөлінуде – былтыр 178 педагогикалық грант бөлінсе, биыл 149 грант бөлінді.
- Жұмысқа аларда мұғалімнің білімі тексеріле ме?
- Дипломы бар жас маманды жұмысқа алуымыз керек. Кадрлар жетіспеушілігін әр облыстың ерекшелігімен байланыстыруға болады. Бізде негізінен орыс сыныптарының мұғалімдері тапшы, себебі, орыс кластары бізде аз. Басқа өңірлерден кадр шақырамыз. Оларға жатақхана ұйымдастырылады және көтерме қаражат беріледі.
- Мектептерде балаларды тасымалдайтын автобустар қарастырылмай ма? Балалар сабақтан кеш шығады, әсіресе, қыс кезінде қиын.
- Автобус мектептен 3 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекендердің балаларын тасымалдауға ғана бөлінеді.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суретті түсірген автор
Оқушылардың жүктемесін азайту мақсатында жаңадан үлгілік оқу жоспарлары дайындалуда, сағат жүктемелері қысқартылады. Оны биыл мектептердегі педагогикалық кеңестер шешетін болады. Бұл жағдайда кей пәндер кіріктіріліп оқытылады.