Жас болса да, еті тірі Лиза САФРОНОВАДАЙ қызбен әңгімелескенде бұл өмірде барлығы өз қолыңда екенін ұғасың. Осы қазақша еркін сөйлейтін балалар үйінің тәрбиеленушісі туралы біздің жарияланымдарымызда бірнеше рет шыққан еді. Интернат қабырғасында түрлі олимпиадалардың жүлдегері болған ол қазір Астрахан мемлекеттік университетінде журналистика факультетінде оқиды. «АЖ» тілшісі Лизамен Атырауда каникул кезінде әңгімелесті.
- Балалар үйіне келгенімде небәрі үш жаста едім. Екі ағам, апам және мен «Ақбота» балалар үйінде тәрбиелендік, кейін ол жабылған соң, бізді С.Қазыбаевқа ауыстырды. Ол жерде бізді жастарымыз бойынша бөліп жатқызатын. Бауырларым үлкен топта болды, ал мені кіші топқа жіберді. Ең қиыны олардан бөлек ұйықтау болды. Жылаған кезімде тәрбиеші үлкен апамды жұбату үшін қасыма шақыратын. Кейін оларға да үйреніп кеттім. 1-ші сыныпқа тәрбиеші апай қолымнан жетектеп №9 мектепке апарды. Мен ол жерде өзімді мектепке ата-аналарымен келген балалардан да қатты бақытты сезіндім. Өйткені жетімдер үйінің сыртына шығу арманым болатын. Үйден мектепке дейінгі баратын жолды қатты жақсы көретін едім.
- Әке-шешеңіз туралы білесіз бе?
- Әке-шешем есімде жоқ. Бірақ кейін анам Мәскеу мемлекеттік университетінің «орыс тілі мен әдебиеті» пәні мамандығын қызыл дипломмен аяқтағанын естігінде қатты таң қалдым. Тіпті магистртаураны да сол Мәскеуде «xимия - биология» мамандығы бойынша аяқтаған екен. Бірақ әкемнің табысы жақсы болғандықтан және оны қатты қызғанғаннан анама мүлдем жұмыс жасатпаған. Бізді қандай себеппен балалар үйіне тапсырғандары белгісіз. Бір білетінім анам қатты сырқаттанып, бізді жетімдер үйіне орналастырған. Кейін көп ұзамай өзі өмірден өткен. Әкемді ағаларым жетімдер үйенен шыққаннан кейін тауып алды. Аз уақыт бірге тұрды. 2015 жылы әкем инсульттен қайтыс болды. Мен оны тірі кезінде көріп үлгергеніме өте қуаныштымын. Маған бірде курстасым «Лиза, сен менің жетімдер үйінде тәрбиеленгендер туралы ойымды өзгерттің. Сен өте тәрбиелісің»,- деген еді. Негізі ол жерде тәрбиені барлығымызға бірдей береді, оны қабылдау әр адамға байланысты.
- Жоғарғы сыныпта оқып жүргеніңде қазақ тілі пәнінен республикалық олимпиадының жүлдегерлері болдың. Қазақ тілін қалай жетік меңгердің?
Интернаттағылардың бәрі қай ұлт өкілі болмасын қазақ тіліне судай. Ол біздің тәрбиешілеріміздің еңбегі. Бірде №30-шы мектепке алғаш оқушы болып барғанымда қазақ тілі пәнінің мұғаліміне қазақша амандастым. Жөн сұрасқанннан кейін ол кісі «Лиза мен сені қазақ тілінен олимпиадаға дайындаймын» деді. Ұзақ дайындалдық. Бірінші жылы мектепаралық, қалалық олимпиададан бірінші орын, облыстықтан екінші орын алдым. Ал келесі жылы облыста барлығын жеңіп республикаға жолдама алдым. Сөйтіп республикалық олимпиададан үшінші орынға іліктім. Алматыдағы университеттердің біріне түссем екен деген арманым болды. Бірақ ҰБТ дан жинаған балым жетпеді. Оқу ақысы арзан болғандықтан Астраxан мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түстім. Мектеп кезінде журналистикаға қатты қызығатынмын. Қазір 2-ші курсты аяқтадым.
- Интернаттан кейінгі өмір қаншалықты қиын болды?
- Бұрын интернатта кіріміз жуулы, тамағымыз пісулі болатын. Басқа өмірге бейімделу қиындау болды, бірақ қазір үйреніп кеттім. Ай сайынғы берілетін азғантай жәрдемақы өмір сүруге жетпейді. Бауырларымнан көмек сұрағым келмейді. Сондықтан аниматор болып жұмысқа орналастым. Интернатта тұрған кезде әр баланың псиxологиясын зерттейтінмін, сол жұмысымда пайдасын тигізіп жатыр.
- Болашаққа жоспарың қандай?
- Өз мамандығыммен жұмыс жасаудан бөлек Америкаға барып келсем деймін. Ол жақта маған ағылшынша сөйлеуді ұзақ жыл бойы үйреткен мисс Кэрол деген кісі тұрады. Ол кісінің жолдасы ТШО-да жұмыс істеп, Атырауда біраз жыл тұрды. Сол кезде Кэрол балалар үйіне келіп, жақсы араласып, туыстай болып кеттік, үйіндегі барлық мерекелік дастарxандарға бізді шақыратын. Жолдасының қызмет бабы аяқталуына байланысты еліне кетті. Ол менің сол жақта білім алуымды қалаған еді. Ендігі мақсатым мисс Кэролге қонақа бару, мүмкіндік болса, сол жақтан білімімді жетілдіргім келеді.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Сурет және бейнежазбаны түсірген автор