Атырау, 23 желтоқсан 07:57
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 515.02
€ 604.22
₽ 6.50

АҚШ-та алғаш рет туристік пакетке Қазақстан бағыты қосылды

1 990 рет қаралды


Америка Құрама Штаттарында алғаш рет туристік пакетке Қазақстан бағыты қосылды. Бұл туралы ҚазАқпарат Хабар 24-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Мұхит асып келетін америкалықтар үшін Ұлы дала елінде қызықтайтын дүниелер көп. Дәлірек айтқанда, шетелдіктер киіз үйде тұрып, қазақтың тойларына қатысады. Саятшылық құрып, аң аулайды. Ет асуды үйренеді. Саяхатшылар үшін бұл сапар тіпті шытырман оқиға іспетті. Астанаға алыстан ат терлетіп келген туристердің дені көркі көз жауын алатын жерлерді аралауға еті үйреніп қалған. Ал АҚШ-тағы Орегон штатының тұрғыны Джефф Стелл мен оның қызы Аннаны халқымыздың күнделікті күйбең тіршілігімен һәм ұлттық салт-дәстүрі қызықтырады. Олар бұл жолы Қазақстанға арнайы ат басын тіреді. Америкалық қонақтар бір аптаның ішінде қазақтың тойында билеп, киіз үйде түнеп, аңға шығып, ет жеп қайтты. 

«Мен бешбармақты жақсы көремін. Бұл тағамнан Меркеде және Алматыда дәм татып көрдім. Өмірімде осыншалық дәмді тамақ жеп көрмегенмін. Тіпті, қызым екеуміз бір табақ етті тауысып қойыппыз», -дейді АҚШ-тан келген турист Джефф Стелл.

Джефф пен Аннаны көк тіреген ғимараттар мен өзіндік стилі бар сәулеттік композициялармен қайран қалдыру қиын. Сондықтан бұл екеуі елорданы басқа қырынан тамашалау үшін алдымен астаналық базарына барды. Өздеріне таңсық дүниелермен танысты. Өмірі жеп көрмеген қауын-қарбызымыздан да дәм татты. Мұндағы саудагерлер де Джеффке халқымыздың қонақжайлылығын мейлінше көрсетуге тырысты. Бірі қауын, бірі балмұздақ, енді бірі тәттілерден дәм татқызып жатты. 

«Бұл жерде бұрын-соңды кездестірмеген, Америкада жоқ көкөністер мен жемістерді көрдік. Мұндай базарларды біздің елде кездестірмейсің. Әсіресе, сауда орнында сатушылардың жомарттығы, қонақжайлығы қатты ұнады», - дейді Джефф Стелл.

Кейін Джефф пен Анна көшедегі сауда орындарына да бас сұқты. Америкалық қонақтар Кеңес одағынан мұра боп қалған үйлердің аулаларында серуендеп, жергілікті тұрғындармен де тілдесті. Ерке Есілдің жағасында да тұрғындармен емен-жарқын әңгіме-дүкен құрды. Алғаш рет Америка Құрама Штаттарында туристік пакетке Қазақстан бағыты қосылды. Мұхит асып, біздің елге демалуға келетіндер халықтың тұрмыс-тіршілігімен және ұлттық салт-дәстүрмен етене танысады. 

«Осы күнге дейін біз 12 туристі қабылдадық. 2-3 апта ішінде Америка, Испания, Жапониядан тағы 12 адам келеді. Олар қазақтың тойына барып, киіз үйлерде тұрады. Аңға шығып, атқа да мінеді. Қысқасы, қазақ мәдениетімен жан-жақты танысты», - деді кәсіпкер Давид Валера.

Жұмсақ құмға көмілген жағажай, көк теңіз бен алып қонақүйлерден гөрі Джефф пен Анна секілді туристерге ұлттық колорит қызықты. Тағы 10 шетелдік азамат соңғы аптаның ішінде дәл осылай демалып қайтқан екен.

Дереккөз: inform.kz

4 тамыз 2018, 21:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.