
Музыкалық кештерге тыйым салудан нәтиже шығара алмаған қала әкімдігі енді басқа жолмен «есесін қайтармақ» сыңайлы.
Ретро-дискотеканы ұйымдастырушы Руслан Күміскалиев Facebook-тегі парақшасында қала және облыс әкімдеріне үндеу жариялады. Ол бірқатар мәселені шешуге көмектесуді сұраған. Атап айтқанда:
ретро-саябақта жарықтың жоқтығы;
электр қуатының жиі үзілуі салдарынан музыкалық аппаратураның өшіп қалуы;
қоғамдық дәретхананың үнемі жұмыс істемеуі;
би алаңының тарлығы, демалушылардың көптігінен орын жетіспеуі;
қыс мезгілінде дискотека өткізуге қолайлы орынның болмауы.
«Дискотекалар өткізіле бастағалы ретро-саябақ қала тұрғындары мен қонақтарының, барлық жастағы адамдардың сүйікті, нағыз халықтың демалыс орнына айналды. Бұл – Атырауда адамдар тегін билеп қана қоймай, өзара араласып, уақытын жайлы әрі көңілді өткізе алатын жалғыз орын. Алайда әкімдіктің көмегінсіз шеше алмайтын мәселелерге тап болдық», – делінген сол кезде қалалық мәслихат депутаты болған Күміскалиевтің үндеуінде.
Руслан Күміскалиевтің ашық хатынан кейін тілшіміз әкімдік өкілдерінен демалушылардың өтініштерін орындап, аталған мәселелерді шешуге дайын ба деп сұрады. Алайда ретро-дискотекалар алдағы уақытта мүлдем өткізілмеуі мүмкін екені белгілі болды.
Бұған дейін хабарланғандай, Атырауда Жайық өзені бойындағы бес қоғамдық кеңістікті біртұтас саябаққа біріктіру жоспарланып отыр. Қалалық ТКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мәліметінше, ретро-саябақтағы жарықтандыру мен қоғамдық дәретхана мәселесі «Жилгородок. Атырау жағалауы мен саябақтарының бірыңғай рекреациялық жүйесі» деп аталатын жаңа жобаны жүзеге асыру аясында шешілмек. Бірақ бұл жобада ретро-дискотекалар өткізу қарастырылмаған.
Еске салайық, өткен жылдан бері қала әкімдігі демалушылар бұзақылық жасайды және Жилгородок тұрғындары тыныштықтың бұзылуына шағымданады деген уәжбен ретро-дискотекаларды өткізуге тыйым сала бастаған. Тыйымдар әкімдіктің жалған ақпарат бергені әшкереленгенге дейін жалғасты. Осыдан кейін ретро-дискотекалар қайта жанданып, енді ешқандай кедергі болмайтындай көрінген еді.
Алайда енді шенеуніктер мәселені шешудің мінсіз жолын тапқан сияқты: саябақ кеңейтіледі, жарықтандыру реттеледі, дәретхана ашылады. Қысқасы, халықтың игілігі үшін бәрі жасалады. Тек сол адамдардың саябаққа келуіне себеп болған нәрсе ғана ескерілмейді.
Би билеу абаттандыру тұжырымдамасына сыймайтын көрінеді. Қысқасы, биледіңдер – енді жетеді!
Лев ГУЗИКОВ
В Атырау +2.9