- Мен шетелден 2011 жылы шыққан 2,4 литрлік көлемді двигателі бар «Тойота-Камри» көлігін әкелуді жоспарлап отырмын. Ол үшін маған қандай мөлшерде төлем және салық төлеуге тура келеді? Автокөлік үшін акциз өтеліп алына ма? Ол үшін қандай құжаттар талап етіледі? Шетелден автокөлік әкелуге шектеулер қойыла ма?
Телефон арқылы
«Ақ Жайық кедендік рәсімдеу орталығы» кедендік қосынының бас маманы Ахмедияр ЖАЛҒАСОВТЫҢ айтуынша, сізге кедендік алымдар үшін 9 450 доллар, машина құнының 30% импорттық баж салығы немесе 1 текше сантиметр көлемі үшін 2,15 еуро және 12% ҚҚС төлеу керек болады. Бұл автокөліктен акциз алынбайды, оны тек көлемі 3 текше сантиметрден асатын автотранспорт құралдары үшін ғана төлейді.
Кедендік тексеру үшін мынадай құжаттар керек болады: машинаның техникалық төлқұжаты; жіберуші елден тіркеуден шыққандығы туралы анықтама; келісім-шарт; сатушы мен сатып алушы арасындағы келісім-шарт немесе шот-фактурасы.
Бұған қосымша жеке тұлғалар сәйкестік сертификатын, ІЭӨ қатысушысының тіркелуін, салық және басқа да төлемдер төлегені туралы түбіртекті ұсынуы тиіс. Автотранспорт құралдарын әкелу барысындағы шектеу Еуро-2 стандартына байланысты. Қазақстан аумағына Еуроодаққа кіретін елдерден 1997 жылдан кейін шығарылған; 2007 жылдан кейін шығарылған ресейлік көліктерді ғана әкелуге рұқсат етіледі. Айтпақшы, ресейден әкелінетін көлік үшін тек ҚҚС ғана төленеді, импорт үшін баж салығы алынбайды.
Келесі жылдан бастап біз Еуро-3 стандартына көшеміз. Сол кезде тек Еуроодаққа кіретін елдер мен Америкадан әкелінетін бензинді двигателі бар және 2001 жылдан кейін шыққан және дизельді двигателі бар 2002 жылдан кейін шыққан, 2005 жылы шыққан жапондық автокөлік, украиндық КрАЗ-дарды, беларустік МАЗД-дарды және 2010 жылдан кейін шыққан өзбектің (ДЭУ) автокөліктерін әкелуге болады.