Атырауда «Транстелеком» АҚ облыстық филиалының («Қазақстан теміржолы» ҰК АҚ құрылтайшысы) басқарушы директоры Руслан ШЫРДАБАЕВ 3,2 млн теңге көлемінде бюджет қаржысын жымқырды деген күдікпен ұсталып, сот санкциясымен үйқамаққа алынды.
Бұл туралы брифингте Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Нұрлан Жахин хабарлады. Оның айтуынша, Р. Шырдабаев орындалған жұмыс туралы жалған актілерге, арнайы техникаларды жалға алу келісімшарттарына қол қойып, іссапар шығындарын көбейтіп жазып, жанар-жағармайды заңсыз есептен шығарып, жалпы сомасы 3,2 млн теңге бюджет қаржысын жымқырды деп күдіктеліп отыр.
- Бұдан басқа, магистралдық желілер бөлімінің бастығымен сөз байласып, қызмет көрсету туралы жалған келісімшарт жасау арқылы 5,9 млн теңге ұрлауды жоспарлаған. Бірақ Атырау облыстық сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметкерлері бұл әрекеттің жолын кесті, - деді Жахин.
Дайындаған Фархат ӘБІЛОВ