Атырау, 30 наурыз 06:04
 ашықВ Атырау +8
$ 446.78
€ 481.81
₽ 4.84

1,5 жылда 700-ден астам үкім түзетілген – Бас прокуратура

1 954 просмотра


Жоғарғы сотта наразылықтар бойынша істерді қайта қарастырудың күрт өсіп, бір жарым жыл ішінде наразылықтар бойынша кассация арқылы 700-ден астам үкім түзетілген. Бұл жөнінде Жоғарғы сотта сот төрелігін жүзеге асырудың 2018 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындысы бойынша республика судьяларының кеңейтілген жиын барысында ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Ағымдағы жылы апелляцияда өзгертілген және күші жойылған сот актілерінің саны 1,5 есе артты. Статистика көрсетіп отырғандай, Жоғарғы сотта наразылықтар бойынша істерді қайта қарастырудың күрт өскен. Бір жарым жыл ішінде олар бойынша кассациялық сотта 700 астам үкім түзетілген. Бұл көп пе, әлде аз ба? Егер, бұл өткен он жылдағы біртұтас көрсеткіштен асып түсетінін ескерсек, әрине, көп. Бұл жақсы ма, жаман ба? Бұл өсімді не тудырып отыр және оны қалай өзгертуге болады? Біздің наразылықтарымыздың 90 процентін Жоғарсы сот қанағаттандырғаны, заң бұзушылықтар өзгерту және растау тек Жоғарғы сотта ғана мүмкін екені жаман, адамдар жылдар бойы әділдік іздеп жүретіні де жаман. Алайда, мұның бір жақсы тұсы да бар. Біз бұл олқылықтарды түзете алдық. Кей адамдар бас бостандығынан айыру мекемелерінде жылдап отырып келген. Мысалы, ағымдағы жылдың өзінде-ақ кассациялық сотқа жолдаған біздің наразылықтарымыз бойынша 200 сотталған азаматтың жағдайын жақсартты. Соның ішінде, 12 адам толық бостандыққа шығарылса, 19 адам ішінара ақталды, қалғандарының абақтыда ұстау режимі мен абақтыда болу жағдайы жеңілдетілді және жақсартылды», - деді Бас прокурордың орынбасары.

Марат Ахметжанов Жоғарғы сот пен Бас прокуратура судьялар мен мемлекеттік айыптаушыларға тиімді көмекші бола алатын арнайы жүйені әзірлеп, қазіргі таңда жүйе қолданысқа енгізілгенін мәлімдеді.

«Жүйеге ең алдымен мемлекеттік айыптаушы ұстанымын, одан кейін шығарылған үкім мәнін енгізеді. Сонда жүйе Қылмыстық пен Қылмыстық-процестік кодекс баптарына үкімнің сәйкестігін тексеріп, салыстырады және тиісті түзетуді ұсынады. Аталған жүйе іске қосылған сәттен бері біз сапалы талдауға қол жеткіздік», - деді ҚР Бас прокуратура өкілі.

Оның айтуынша, бұл жүйе судьялар жұмысындағы өрескел қателіктерді анықтауға да мүмкіндік беріп отыр.

«Қазір жүйе қателерді өңірлер бойынша жарып көруге мүмкіндік береді. Одан соң, бағдарлама қай сотта қателер көп орын алғанын көрсетеді. Мысалы, Алматы аудандық сотында түзетілген үкімдердің басым бөлігі судья Иманқұловтыкі екенін көрсетіп тұр. Соның ішінде, Манапов ісі бойынша жаза тағайындау кезінде заң бұзушылық орын алған. Сотталушыға 6 жыл мерзімінде бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу түрінде жаза тағайындалған. Кассация бойынша Жоғарғы сот енгізген түзетуге сәйкес, аталған аудандық сот Қылмыстық кодекстің 55 және 56-баптары бойынша жаза мерзімі 4 жылдан аспайтынын ескермеген», - деді прокурор.

Айта кету керек, Жоғарғы соттағы бүгінгі кеңейтілген жиын өзгеше тәртіп бойынша өтіп жатыр.

«Жарты жылда не жасадық, қандай жетістіктер бар, қандай кемшіліктер бар, осының барлығын ашық талқыласақ. Бұрынғы тәртіп бойынша кілең басшылар сөйлейтін. Алқа төрағалары, аппарат басшысы, академия ректоры. Бұл жолы біз осы форматты өзгертсек. Ең алдымен біздің негізгі «стейкхолдерлер», адвокаттар, заңгерлер, прокурорлар, солардың сот жүйесі жөніндегі пікірлерін тыңдасақ. Содан кейін өздеріңіз жақсы білесіздер, жыл басынан бері біз өңірлерде он шақты пилоттық жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Соларды іске асырып жатқан аудандық, қалалық судьялардың өздерінің пікірлерін тыңдасақ. Сол пилоттық жобалар нәтиже беріп жатыр ма, жоқ па? Егер, нәтижесі бар болса, онда ол жобаларды бүкіл республика бойынша енгізетін боламыз», - деді жиын басында ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов.

Сондай-ақ, сот төрағасы әр спикер 7 минут қана сөйлейтінін және осы уақыт өткен уақытта микрофонды өшіретінін мәлімдеді.

«7 минут, 420 секунд. Осы шектен шықпаңыздар. Маған арнайы құрал беріп қойды. 7 минут өткен соң, мен түймені басып, микрофонды өшіретін боламын. Себебі, сөйлеймін деушілер көп», - деді Жақып Асанов.

Дереккөз: Baq.kz

13 шілде 2018, 10:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.