Өткен жексенбі Түркияда президент және парламент сайлауы өтіп, онда қазіргі президент Режеп Тайып Ердоған және оның партиясы жеңіске жетті. Baq.kz ақпарат агенттігі осы елдегі ағылшын тілді жетекші басылымдардың бірі Daily Sabah шолушысының сайлау қорытындылары туралы сараптамасын ұсынады.
Шиеленіс пен айғай-шуға толы сайлау науқаны аяқталды. Нәтижеде президенттік қызмет те, парламент те жаңарды. Сайлауға қатысу деңгейі аса жоғары болды – 90 процентке жуық. Президент Режеп Тайып Ердоған 2014 жылғыдан да жақсы көрсеткішпен қайта сайланды. Ал оның партиясы оңшыл консервативтік Ұлттық қозғалыс партиясымен (MHP) бірге парламентте өздеріне қолайлы басымдықты иеленді.
Жалпы, бұл аса бір таңғалатын нәрсе емес. Өйткені, Әділет және даму партиясы (AK party) 2002 жылдан бері сайлауларда ұдайы жеңіске жетіп, жинаған дауыс және парламентте иеленген орын саны бойынша ылғи алда келеді. Дегенмен, бұл жолы басқаша болды. Оған бірнеше себеп бар.
Біріншіден, елдегі экономикалық ахуал көңіл көншітерлік емес. 2008 және 2009 жылдардағы жаһандық қаржы дағдарысын есептемегенде, түрік экономикасы АК партияның басқаруымен жақсы дамып келді. Бұл іс жүзінде президент Ердоған мен оның партиясының шынайы артықшылығы. Бірақ соңғы уақытта жұмыссыздық пен инфляция қысымы түрік экономикасына айтарлықтай зиян келтірді. Бұл ұлттық валютаның тез әрі күрт құлдырауына себеп болды.
Президент Ердоған ішкі саясатта ең мықты саясаткер ретінде жетекші рөлін сақтап отыр. Қазіргі экономикалық ахуал өзіне де, партиясына да қауіп төндіретінін байқаған ол Девлет Бахчелимен келісіп, оның МНР партиясының қолдауына ие бола қойды. Сөйтіп, АК партия мен МНР партиясының атынан бірегей кандидат ретінде сайлауға түсті. Сонымен қатар ол Сайлау туралы заңға парламент сайлауына жалпы тізіммен түсуге рұқсат беретін өзгеріс енгізді.
Ол барлық деңгейде жеңіске жетті. АК партия мен МНР құрған коалиция енді парламентте басымдыққа ие болды, ал Ердоған 52,5% дауыспен бірінші кезеңді жеңіп, президент сайланды. 16 жылдық үздіксіз басқарудан кейін, қанды төңкеріс әрекетіне қарамастан президент осындай нәтиже көрсетіп отыр.
Сайлау күнінен аз ғана уақыт бұрын Стамбулдың адам көп жиналған орталық көшесі Халаскаргази бойында екі биік ағаштың ортасына ілінген Ердоғанның суреті алдында тұрған кемпірді көрдім. Ол суретке қарап дұға оқып тұр екен. Бұл тура дауыс беру алдында ылғи кездесе беретін жайт емес. Түркияда өздерінің талап-тілектерін Ердоғанның бойынан көретін адамдар саны өте көп. Егер оның саясаты діттеген жеріне жетпей жатса, бұл адамдар оның себебін өздерінен көріп, президентті бұрынғыдан да күшті қолдай бастайды.
Бір француз әйел ауру баласының аяқ киімін Франциянң президенті және ұлттық қаһарманы Шарль де Голльдің бейітіне апарып қойғаны бар еді. Жаңағы түрік кемпірмен салыстыруға осыдан басқа еш нәрсе ойыма келмей тұр.
Ердоғанның жетістігін жай ғана жолы болған саясаткердің табысы деп қабылдауға болмайды. Ол түрік қоғамының басым бөлігі үшін қайта биікке көтерілген ар-ұжданды білдіреді. Ал жағдайды дұрыс сараптай алмаған оппозиция әр сайлаудан кейін осылай ұнжырғасы түседі.
Бұл жолы елдегі негізгі оппозиция – Республикалық халық партиясы (СНР) соңғы сәтте партия лидері Кемал Кылычдароглуның дәм-татусыз кампаниясының орнына кандидат етіп партиядағы екінші деңгейлі тұлға Инже Мухерремді ұсынды. Ол партия аппараты мен жақтастарына көптен бері болмаған шабыт, мотивация бере алды. Мухеррем 30,7% дауысқа ие болды. Бұл өте жақсы көрсеткіш, ол партияның көрсеткішінен тоғыз процент жоғары. Бірақ бәрібір жеткіліксіз – СНР қазіргіден тартымды әрі сенім тудыратын бағдарлама жасауы тиіс екені айқын көрініп тұр. Әйтпесе, оның дәстүрлі электораты азайған үстіне азая бермек.
Күтпеген нәтижені МНР мен жақында ғана құрылған Жақсы партия (İP) көрсетті. Екеуі бірге сайлаушылардың 20 проценттен астамының даусына ие болды. Бұл Түркияда ұлтшылдық өсіп бара жатқанын көрсетеді. Оған негізгі себепші – РКК (Күрд жұмысшы партиясы – Түркияда күрд автономиясын құруды мақсат ететін, Түркияда және Еуропа одағы елдерінде террористік болып танылған ұйым – ауд.) ұйымының қылмыстық әрекеттері.
Сыртқы саяси байланыстар, шет елдердің саясаты және экономикалық қиындықтар түрік қоғамына қорқыныш әкеліп отыр. Түркия дәстүрлі одақтастарымен қарым-қатынаста проблемаларға тап болуда. Еуропа одағымен арадағы ахуал барынша салқындады, АҚШ F-35 жойғыш ұшақтарын сатуға кедергі жасау үшін Түркияны аяқтан шалуға тырысып жатыр. Мұндай жағдайда түрік қоғамы елді көптен басқарып келе жатқан, ұлт әкесі рөлін иеленген президентке арқа сүйеуді дұрыс деп тапты.
Сайлауға ең алғашқы сараптама ретінде әзірге осыны біршама сенімді айтуға болды.
Дереккөз: Baq.kz