- Облысымызда соңғы 3 жылда менингит сырқатымен ауырған жағдайлар болған жоқ. Бірақ 2015 жылы 4 жағдай кісі өлімімен аяқталды. Бүгінгі күні Қазақстанда 58 науқас анықталды, олардың 12-і қайтыс болды. Бізде Атырауда аурудың алдын алу бойынша күн сайын денсаулық сақтау, білім беру және басқа ұйымдармен нақты тапсырмалар әзірлеу бойынша жұмыс тобының отырыстары өткізіледі.
30 мамырда жедел жәрдем қызметкерлері үшін менингококк инфекциясына күдікті науқастарға медициналық көмек көрсету жөнінде оқыту семинар-тренинг өткізілді. Барлығы 40 адам даярлықтан өтті. Ал 2 маусымда «Ұлттық сараптау орталығы» филиалының базасында зертханаға анализ сынамаларын алу және жеткізу техникасы бойынша нұсқама өткізілді.
Мұсағалиевтың орынбасары Ерболат УАЙСОВ қазіргі кезде Атырау облысында жағдай тұрақты екенін мәлімдеді:
- Бұл жағдайлардың басым бөлігі оңтүстік астанада орын алған. Жалпы, менингококк - классикалық балалар инфекциясы. Бірақ биыл ересектер арасында да көп жағдай орын алған. Қазір осы мәселе бойынша, әсіресе, әлеуметтік желілерде, көптеген қате пікірлер айтылып жатыр. Бұл инфекция мұрын қуысында өмір сүреді және ауа-тамшы арқылы тасымалданады, бірақ ол өте «нәзік», адам ағзасынан тыс жерде 30 минут ішінде өледі. Өзі ауырмайтын адам да инфекция тасымалдаушы болуы мүмкін. Мұндай адамдарды сау тасымалдаушылар деп атайды. Менингококк инфекциясы жаппай вакцинациялауға жатпайды.
Облыстық жедел медциналық жәрдем станциясы директорының міндетін атқарушы Лаура ЖАНЫСБАЕВАНЫҢ айтуынша, ЖРВИ диагнозымен жұқпалы аурулар ауруханасына 26 бала мен 1 ересек адам жеткізілген, оларда менингококк инфекциясы анықталмаған.
Ауру белгілері туралы денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас инфекционисі Надя ЕРҒАЛИЕВА әңгімеледі:
- Дене температурасы жоғарыдан (38 градусқа дейін) төменге дейінгі (36-дан төмен) аралықта, бас ауруы мен әлсіздік, ұйқышылдық, тұмау, кейде, мұрын біту, жүрек айну және құсу белгілері болады. Әдетте, адам құсқаннан кейін жеңілдік сезінеді, бірақ менингитке шалдыққан науқас олай болмайды. Денеде қызарған бөртпе пайда болады. Ең бастысы - өздігімен емделуге болмайды, бірден 103-ке немесе колл-орталыққа қоңырау шалу керек.
Кеңес соңында мамандар менингит – қиын емделетін ауру, өліммен аяқталу ықтималдығы жоғары екенін мойындады. Сондай-ақ, балаларды демалыс лагерьлеріне қабылдау кестесі өзгермейтінін мәлімдеді.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор