Атырау, 26 қараша 04:25
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Мұнай саласының бүгіні мен ертеңі: Екінші жиналыс алаңынан жазбалар

Сурет
3 920 просмотра


Жақында Астанада өткен Геологиялық барлау бойынша екінші халықаралық форумда еліміздің мұнай-газ өндіру секторындағы проблемалар айтылды. Қазір үш алып өндіріс: Теңіз, Қашаған және Қарашығанақтың өндіру көлемі бойынша көш басында тұрғаны белгілі.  Мамандардың болжамы бойынша, бұл кен орындарында өндірістің үдемелі кезеңі 2035 жылы болады, содан кейін құлдырау басталады. Қашағаннан кейін жаңа ештеңе ашпағандықтан, келешегіміз жарқын деуге келмейді. Бәрі, әдеттегідей, қаржыға келіп тіреледі – ұзақ жылдар бойына мемлекет геологиялық барлауға қаражат бөлген жоқ, мұнайдың төмен бағалары жағдайды қиындатты. Бірақ бұл ахуал тек бізде ғана емес.

Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамының президенті Балтабек ҚУАНДЫҚОВТЫҢ айтуынша, қазіргі уақытта құрылықта шамамен 200 кен орны игерілуде: Атырауда - 38-40, Маңғыстауда - шамамен 30. Теңізде тек Қашаған, алайда ол жерде 7-8 орта және ірі кен ашылған болатын.

Қуандықовтың айтуынша, Қашағандағы өндіріс Қарабатандағы МГКҚҚ (мұнай мен газды кешенді қайта өңдеу қондырғылары) қуатымен шектеледі.

- Өткен жылы Қашағанда 8,5 млн тонна өндірілді, биылғы жылы 11-11,5 млн тонна өндіру жоспарланып отыр. Өндіру көлемі «Болашақ» зауытының қуатымен шектеледі. Ол жылына 16-17 млн, ал Қашаған 50-70 млн-ға есептелген. Бірақ қондырғы ешқашан толық қуатпен бірден салынбайды. 25 жылдан бері игеріліп келе жатқан Теңіз кенішін алсақ, алдымен олар бірінші (17-18 млн тонналық) фазасын, содан кейін екіншісін (28 млн) салды, ал қазір үшінші фазасы (38-39 млн) салынуда. Міне, Теңіздің шегі осы, бұл зор көлем, бүкіл қазақстандық өндірістің жартысы дерлік. Қашағанда да солай, ол жерге көп ақша салынады. Егер орнату үшін үлкен соманы бірден салатын болса, ол 30-40 жылдан кейін ғана есесін қайтарады, мұндай қадамға ешкім бармайды. Ал былайынша Қашағанның әлеуеті зор. Мұнай өндірудің негізгі көлемі үш ірі кен орны - Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ кеніштерінен, сондай-ақ ақтөбелік Жаңажол және Кеңқияқ кеніштерінен келетін болады.

- Бірақ 35-ші жылдан кейін құлдырау басталады.

- Біз сондықтан форум өткізіп отырмыз. Қорларды қалпына келтірмейінше, жоғары өндіру көлемін сақтап тұру мүмкін емес. Геологиялық барлауға өте аз қаржы бөлінеді, тек бізде ғана емес, бүкіл дүние жүзінде осындай жағдай. Мұнай бағасы түсіп кетті, әрине, бүкіл мұнай өндіруші компаниялар қаржыландыруды қысқарта бастады. Мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінбейді деуге болады, өте аз, оның үстіне, тұрақты емес. Бір жылда 5 млрд теңге, келесіде - бір миллиард бөлуі мүмкін. Сондықтан, тіпті, басталған жобалар аяқталмай қалады. Біз мемлекет геологиялық барлауға ақша салуы тиіс деп әлденеше рет жаздық, айттық, өйткені бұл ақша ертең еселеніп қайтады. Қорлардың орнын толтырмай өндірістің жоғары көлемін сақтау мүмкін емес.

- Шетелдік инвесторларға Қазақстанда геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу қаншалықты тиімді?

- Оларға тек өз блоктарында тиімді, оларды Қазақстанда өндірісті дамыту болашағы қызықтырмайды. Солтүстік, Шығыс, Орталық Қазақстанда жұмыстар бастау керек еді. Ал инвесторларға мұның қажеті қанша, олар коммерциялық ұйым, олар жаңа кен орындарын ашып, өз шығындарын өтеу үшін геологиялық барлауды өз блоктарында жүргізеді.

- Соңғы жылдары жаңа ашылулар болды ма?

- Ірілерден 2000 жылы тек Қашаған, сол жаққа жақын 2002 жылы: Қайраң, Ақтоты, Қаламқас-теңіз, Хазар кеніштері ашылды. Ал құрлық бетінде өте ұсақтары ашылды, тіпті, айтатын дәнеме жоқ.

- «Евразия» аса терең ұңғыманы бұрғылау осы жағдайды сақтап қалады ма?

- «Евразия» жобасы - бұл Каспий маңы ойпатының қаншалықты перспективалы екенін бағалайтын параметрлік ұңғыма. Барлық кен орындары осы ойпаттың шеттерінде орналасқан және мұнай ортаға ағып жиналады деген болжам бар.  Бұл шынымен де солай ма? Біз ойпаттың орталық бөлігінің мұнайтудырушы мүмкіндіктерін көргіміз келеді. «Евразия» - стратегиялық жоба.


МҰНАЙ БАҒАЛАРЫ ТУРАЛЫ: 2018-ШІ ЖЫЛДАН НЕ КҮТУГЕ БОЛАДЫ?


Өткен Форумда АҚШ-тағы тақтастас революциясы бойынша Anglo-Eurasian Exploration Company президенті Рэй ЛЕОНАРД қысқаша шолу жасады. Шетелдік спикер ОПЕК-ке қарамастан, тақтатас өнеркәсібі төмен бағалар жағдайына бейімделгенін атап өтті.

- Бұрғылау шығындарын қысқартып, мұнай өндіруші  компаниялар бір барреліне 50 доллар болса да, бұрынғы 100 доллар болғандай тиімді жұмыс жасады. Өндіріс қайтадан ұлғая бастады. Тақтатас өнеркәсібін жоюға тырысқан ОПЕК проблемасы осы еді.

Өндіріс көлемдері

- Техас пен Дакотада өндіріс азайғанына қарамастан, 2016 жылы Пермь алабы (ең ірі мұнайлы-газды алап, атауы геологиялық кезең – пермьнен шыққан) ашылып, өндіріс күніне 1 миллион баррельге артты. Анықталған қорлар негізінде, 2018-19 жылдары тағы күніне 1 миллион баррельге артады деп күтілуде. 2020 жылға қарай үдемелі кезеңде күніне 5 миллион баррель болады деп күтуге болады.

2014-16 жылдар кезеңінде ұсыныстар мол болды. 2016 жылы біз теңгерімге келдік, ОПЕК өндірісті шамамен тәулігіне 1,8 млн баррельге қысқартты. 2017 жылы сұраныс қайтадан ұсыныстан асып түсті, бірақ бағалары көп көтерілмеді,  өйткені, 500 миллион баррель қор әртүрлі қоймаларда сақталып, оларды өткізу керек болды, - деді Р. Леонард.

2018 жылы не күтуге болады?

- Біріншіден, күніне шамамен 1,5 млн баррельге өндіріс көлемін қысқарту туралы ОПЕК келісімі әлі қолданыста, өйткені ОПЕК мүшелерінің бірі -  Венесуэла - қазір сұмдық күйде, оларда өндіріс құлдырауда. Мысалы, бізде наурызда күніне 100 мың баррель болды деген статистика бар. АҚШ-та өндіріс артқанынан қарамастан, Венесуэладағы шығындарға байланысты, теңгерім жыл соңына дейін сақталады.

Сұраныс қорлардан асып түсетіндіктен, бағасы бір баррельге 70 доллар деңгейінде қалады. Жинақталған қорлар сарқыла бастағанда, 80 долларға дейін көтеріледі деп болжауға болады.

Кейде адамдарға мұнай бағасы түсініксіз құбылыс секілді көрінеді, іс жүзінде барлығы үш фактормен реттеледі: сұраныс, ұсыныс және өндірілген қорлар. Әрине, өзгерістер болуы мүмкін, мысалы, Таяу Шығыстағы дағдарыс ахуалға ықпал етуі мүмкін.

Болашақ

Сонымен қатар, спикер инвестицияның қатты тапшы екенін атап өтті.

- 2014 жылы саланың апстрим бойынша (мұнай мен газды барлау және өндірумен байланысты қызмет) күрделі бюджеті шамамен 800 млн доллар құрады, ал 2016 жылы бұл көлем екі есе азайды. Геологиялық барлау жұмыстарына жұмсалатын шығындардың пайызы төмендеп жатыр. Егер 2014 жылы жалпы бюджеттен 18% бөлінген болса, қазір ол 12% құрайды, яғни, бюджет екі есеге азайып қана қойған жоқ, бұл инвестициялардан пайыздар да төмендеді.

Мұнай өндіруші саланың дамуына ықпал ететін фактор ретінде жаһандық жылыну туралы айта келе, Р.Леонард Қазақстанда осы мәселе бойынша артықшылық бар екенін атап өтті:

- Сіздің газ бен жеңіл мұнайдың үлкен қоры бар, табиғи газдың арқасында өз еліңізде көмірді пайдаланбауға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, сізге Үндістан мен Қытайға газ жеткізу мүмкіндіктерін зерттеу қажет.

Сауле ТАСБОЛАТОВА, «АЖ» Астанадағы меншікті тілшісі 

3 маусым 2018, 06:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.