Атырау, 20 сәуір 19:54
 ашықВ Атырау +20
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Қазақстанның геологиялық барлауының бүгіні мен ертеңі: екінші форумнан түйген ой

PR
3 475 просмотра


«Rixos President Astana» қонақүйінде Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамы мен «KAZENERGY»  қауымдастығының ұйымдастыруымен «Kazakhstan Geology Forum: Oil&Gas 2018» геологиялық барлау жөніндегі ІІ халықаралық форум өтті. Шараға ҚР Энергетика министрлігі, ҚР ИДМ Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ қолдау көрсеткен. Форумның демеушілері «Ембімұнайгаз» АҚ, «Өзенмұнайгаз» АҚ және тағы басқа компаниялар болды.

ГЕОЛОГТАР СТУДЕНТТЕРГЕ ДӘРІС БЕРДІ

Елордада өткен форум 300-ден астам делегаттың басын қосты. Шараға салалық министрліктердің бірінші басшылары, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен еншілес компанияларының, Қазақстанда жұмыс жасап жатқан ірі халықаралық компаниялардың, салалық қауымдастықтар мен ұйымдардың өкілдері, белгілі геологтар мен геофизиктер, халықаралық сарапшылар және ғылым саласының өкілдері қатысты.

Сонымен қатар, Атырау және Алматы қалаларындағы жоғары оқу орындарында сәйкес мамандықтар бойынша білім алып жатқан студенттер де шақырылып, оларға белгілі мұнайшылармен, геологтармен кездесулер, шеберлік сыныптары және Назарбаев университетіне саяхат ұйымдастырылды.

Форумның мақсаты – геология саласының дамуына белсенді түрде ықпал ету, инновациялық технологиялар мен инвестицияларды тарту.

МҰНАЙ ТАҚЫРЫБЫ ӨЗЕКТІ БОЛЫП ҚАЛА БЕРЕДІ

Форумда ҚР Энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ, ҚР ИДМ Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Ақбатыр НАДЫРБАЕВ сөз сөйледі.

ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев:

- Форумға Қазақстандағы геологиялық барлау жұмыстарының жағдайы, жер қойнауының ресурстық әлеуетінің келешегі мен оны саралау, көмірсутектің ресурстық базасын орындау, теңіз кен алаңдарын игерудің ерекшеліктері, инновациялық технологияларды қолдану және тағы басқа мәселелер талқылауға ұсынылған. Бұл мәселелердің барлығы жоғары тереңдіктегі шөгінділерді  іздестіруге көшкен бүгінгі таңда өзекті болып келеді.

Көмірсутек ресурстарының келешегі мәселесіне «KAZENERGY»  қауымдастығы төрағасының орынбасары Ұзақбай ҚАРАБАЛИН тоқталды:

- Көптеген халықаралық талдау ұйымдарының болжамына сәйкес, әлемде энергияны қолдану алдағы екі-үш онжылдықта 1,5-2 есе артады. Сондай-ақ, болашақта көмірсутекке қажеттілік артады. Ал, алдағы 20 жылда мұнайды пайдалану әлем бойынша тәулігіне 110 миллион баррельден аспақ.

Баяндамашының мәлімдеуінше, көмірсутекке деген сұраныс барлық жетекші мұнай тұтынушы елдерде өсіп келеді. Қазіргі уақытта әлемнің 14 елі өндірілген энергияның шамамен 70%-ын пайдаланады. Өткен жылы сұраныстың құлдырауы тек Жапония мен Сауд Арабиясында байқалды. Франция, Германия, Италия, Испания және Ұлыбритания өздерінің көмірсутегі шикізатын тұтынуын тағы да арттырып отырады - бұл күніне 8,3 миллион баррельге дейін жетеді. 2017 жылы АҚШ ең үлкен тарихи көрсеткішке қол жеткізді: қарашадағы күнделікті мұнай өндірудің деңгейі 10 миллион баррельден асты. Қаржыландырылған ауқымды инвестициялар әлемдегі мұнай-газ саласының ықпалымен қуатты индустрияны құруға көмектесті. Сонымен қатар, Қарабалиннің мәлімдеуінше, елдегі көптеген кен орындары өнімділігін азайта бастайды. Үш негізгі алпауыт - Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған - 2030 жылға дейін 110-115 миллион тоннаға дейін белсенді түрде мұнай өндіруді 2035 жылдан бастап қамтамасыз етеді. Содан кейін бұл үрдіс баяулайды.  

Қорлардың сарқылуы және жаңаны іздеу - Форумда айтылған негізгі тақырыптардың бірі.

ТҰЗАСТЫ ҚАБАТТАРЫНЫҢ ДА КЕЛЕШЕГІ БАР

«Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар ЖАҚСЫБЕКОВ өз баяндамасында геологиялық барлау саласындағы жаңа қадамдарды атады. 

- Соңғы жылдары ЕМГ-де өндірістің тиімділігін арттыру, жаңа технологияларды енгізу, цифрландыру, бизнес-үдерістерді жүйелендіру және оңтайландыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп, бизнесті дамыту үшін бірқатар жобалар жүзеге асырылды.

Баяндамашының мәлімдеуінше, «Ембімұнайгаз» үшін басты мәселе - қорларды толтыру. 2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша келісімшарттық аумақтардағы қалдық баланстық мұнай қорының көлемі минералды ресурстардың мемлекеттік балансына сәйкес 74 млн. тоннаны құрады. Сондықтан, компанияның негізгі қызмет бағыттарының бірі - геологиялық барлау болып табылады.

Бұрын атқарылған жұмыстардың нәтижесіне сәйкес, қолданыстағы кен орындарын толық барлау және жаңа алаңдарда геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуде жоғары көрсеткіштер байқалады. Бұған қоса, аумақты зерттеу бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізілді. 


Бұл жұмыстың шеңберінде жиналған материал мен зертханалық зерттеулердің нәтижелері Каспий маңы ойпатының оңтүстік шетіндегі тұзасты кешенін одан әрі зерттеу керек деп қорытынды жасауға мүмкіндік береді.

- Атқарылған жұмыстар соңғы бірнеше жылда қолданыстағы кен орындарындағы қорларды ұлғайтуға мүмкіндік берді және осы бағытта жұмыс жалғасуда.

Біздің компания геологиялық барлау жұмыстарының көлемін ұлғайтады және осы жұмыстардан қайтарым ойдағыдай болатынына үміттеніп, оң нәтижені күтіп отырмыз. Компания электр қуатын жеткізу, газды беру және өндірісті цифрландыру мәселелерін дамыту жоспарларын әзірлеп қойды.

ЕМБІ – ЦИФРЛАНДЫРУ ЖҮЙЕСІНІҢ ПИОНЕРІ

Әнуар Жақсыбековтің Форумдағы баяндамасы «Ембімұнайгаз» АҚ-дағы кен алаңдарды цифрландыру жобасын іске асыру тақырыбына арналды. 

- 2016 жылы «Интеллектуалды кен алаңы» жобасы «Уаз» кен алаңына пилотты түрде енгізіліп,  2017 жылы ол Прорва кен алаңдары тобына таратылды. Биыл бұл жоба екі кен орнында - «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-НІҢ – Жаңаталап және «Доссормұнайгаз» МГӨБ-нің Шығыс Мақат кен алаңдарында іске асырылуда.

«Интеллектуалды кен алаңы» тұжырымдамасын іске асыру технологиялық тізбек өнімділігі мен әзірлеудің нақты есебін шығару мен тиімді бағалауды сапалы түрде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, іске асырылған жүйелерді пайдалану және қордың күнделікті үзілістерін азайту, ұңғымалардың жоспарлы технологиялық жұмысының сапасын арттыру, қойнауқатқа әсер ету дәрежесін мақсатты түрде арттыру, өндірістік көрсеткіштерді талдау және болжам жасау кезінде еңбек өнімділігін арттыру сияқты сандық нәтижелерге жету мүмкіндіктері анықталды. Мұның барлығы технологиялық қауіпсіздікке зиян келтірместен қосымша операциялық шығындарды енгізу тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік береді. «Ембімұнайгаз» басшысының  сөзіне сүйенсек, кен алаңын планшеттің көмегімен-ақ басқаруға болады:

- Негізгі кен орнынан 300 шақырым қашықтықта отырып та біз оны басқара аламыз. Жобаның корпоративтік желіден тыс негізгі жүйеден барлық ақпаратты көруге мүмкіндік беретін планшет үшін мобильді нұсқасы бар. Яғни, әлемнің кез-келген жерінен жүйеге қосылуға болады. Интернет қолжетімді болса жеткілікті. Бұл компания басшылығы үшін өте маңызды.

Сонымен қатар, әрбір операторда планшет бар, ол негізгі серверге қосылған. Серверде администратор да отырады, ол оператордың қай ұңғымаға барғанын немесе тіптен бармағанын көріп отырады. Ол батырманы басып, ұңғыманың жұмысын көре алады, барлығы  автоматтандырылған.

Уаз кен орнында «Интеллектуалды кен алаңы» тұжырымдамасын енгізу нәтижесінде 2018 жылдың бірінші тоқсанындағы жөндеуаралық кезең 1500 күнге дейін артып, ал, 2017 жылы энергияны үнемдеу 35% -дан асты.


ҮЗДІК ЖАС ГЕОЛОГ

Халықаралық форум аясында 35 жасқа дейінгі жас мамандар-геологтар арасында «Ізбасар» байқауы ұйымдастырылды.  Байқауда «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ-нің С.Нұржанов атындағы кен орнының ІІ категориялы геологы Ербол ЖҰМАҒҰЛОВ «Геология саласының жас шебері» номинациясының жеңімпазы атанып, 200 000 теңге сертификатына ие болды.

ҮЗДІК ЖУРНАЛИСТ

«Kazakhstan Geology Forum: Oil&Gas 2018» форумы аясында БАҚ қызметкерлері арасында ұйымдастырылған «Геология жайлы кәсіби көзқарас» байқауында Қазақстанның құрметті журналисі, Атырау облыстық «Прикаспийская коммуна» қоғамдық-саяси газетін ұзақ жылдар бойы басқарған Любовь МОНАСТЫРСКАЯ «Баспасөз және интернет-ресурстардағы мұнай және газ геологиясы жөніндегі үздік журналистік жұмыс» номинациясы бойынша І орын иегері атанып, 200 000 теңге сертификатына ие болды. Любовь Михайловна бұл байқауға отандық геологиялық барлау саласы, белгілі қазақстандық геологтар және бұл саланың проблемалары туралы жазылған он шақты жұмысын тапсырған. Байқауда ІІ орынды Қазақстанның құрметті журналисі, ҚР Журналистер одағы сыйлығының иегері Кенжебек СЕЙТМҰХАММЕДОВ иеленді. Ол байқауға «Ел мақтаныштары – Мұнайшы-геологтар VI» энциклопедиялық жинағын ұсынған.

23 мамыр 2018, 11:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.

Комментарий беру ажыратылған