Атырау, 26 қараша 04:40
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Ластану себебін анықтады

2 609 просмотра


29 мамырда өткен брифингте облыстық экология департаментінің басшысы Қабижан ҚАПАНОВ облыстық әкімдіктің тапсырмасы бойынша 2 сәуірден 19 мамырға дейін жүргізілген Атырау қаласының ауа сапасы мониторингінің нәтижелері туралы әңгімеледі.

«Қазгидромет» РМК филиалының экологтары мен қызметкерлері 280-нен астам аспаптық өлшемдер жүргізді. Мамыр айында күкіртсутегі бойынша 10-нан 25-ке дейін шекті рұқсат етілген концентрациядан (ШРК) асқан 92 факті тіркелген. 90% жағдайда қаланың сол жақ жағалауында орналасқан Сасықсайдың кәріздік булану алаңы ластануға себеп болған.

- АМӨЗ-дің ауаны ластайтыны айқын болса да, оларды ұстау оңай емес. Біз күні-түні ұйықтамадық, бірақ олардан шекті деңгейден асу фактісін таба алмадық. Жұмыстар жалғасады. 2016-17 жылдары бізде газ анализаторлары болған жоқ, қазір бар. Сондықтан біз бұл мәселені шешеміз. Зауыттағы тексеру нәтижелері бойынша біз АМӨЗ басшылығына шығарындыларды азайту үшін қайда және қандай жабдықты орналастыру керектігі туралы ұсынымдар жолдадық. Олар орындамады, енді сот шешімін күтеміз, - деді Қапанов.

«АЖ» сауалдары:

- Атырауда тағы кім ауаны ластайды?

- АМӨЗ, «Атырау су арнасы» КМК, кәріздік-сорғы станциялары, «Батыс Петролеум» ЖШС-нің вагон-цистерналарды жуу орны - ауа ластаушы негізгі көздер. Күкіртсутек бойынша көп шектен асу Сасықсай мен Квадрат жинақтау-тоғанынан (Астрахан трассасы жанындағы оң жақ жағалауда) келіп жатыр.

- Сәуір айында Квадратта күкіртсутегі бойынша 250 есе ШРК асқандығы тіркелді.

- Жоқ, кейін бұл ақпаратты «Қазгидромет» теріске шығарды. Мәселе мынада, сынамалар Квадрат ортасынан, яғни, жұмыс аймағынан алынды, ал оны санитарлық-қорғау аймағының шекарасынан алу керек.

Бұл мәселемен облыс әкімінің шақыртуымен Ресей мамандары айналысуда. Қазір олар кәріз жүйесіндегі химиялық реакцияларды бейтараптандыратын ферментті сынауда. Эксперимент жақсы нәтижелер көрсетіп отыр. Қорытынды жасалған кезде көреміз.

- Мониторинг басталғанда қалаға газ шабуылдары тоқтатылды. Бұл кездейсоқтық па, әлде сіздің қатарларыңызда табиғат пайдаланушылардың «құлағы» бар ма?

- Бұл жұмысқа көп ұйымдар тартылды. Мониторинг өткізілетіні туралы көп адамдар білетін.

- Күкіртсутек адам ағзасында эритроциттердің түзілуін тежейді. Атырауда көп адамдар анемияға шалдыққан. Бұл процестер өзара байланысты деп есептейсіз бе?

- Мен медик емеспін, сондықтан бұл сұраққа жауап бере алмаймын. Дегенмен, күкіртсутек - ең күшті улардың бірі және ол баршаға аян.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген автор

30 мамыр 2018, 11:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.