Атырау, 26 қараша 04:50
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Атырау әкімі теңізден балық аулауға қарсы - 2

5 045 просмотра


Бір жыл бұрынғы Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВТЫҢ Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінен екі жыл балық аулауға толық тыйым салу туралы батыл ұсынысын  елордалық шенеуніктер сағалық кеңістіктерден балық аулауды шектеумен өзгертті. Егер бұл ұзаққа созылатын болса, онда жайбарақаттықпен балықты сарқып аулау аяқталады.

ҒАЛЫМДАР ПІКІРІ

Естеріңізге салсақ, әкім 2017 жылдың ақпан айында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне (АШМ) осындай ұсыныспен хат жолдаған еді. Ведомоство оны өзінің Орман және жануарлар дүниесі комитетіне қарауды тапсырды. Бұл жұмыс жыл бойы жалғасты - Атырау және Маңғыстау облыстарының балық аулау субъектілерінің, балық шаруашылығы ҚазҒЗИ ғалымдарының, Жайық-Каспий бассейні мәселесіне қатысты басқа да ұйымдар мамандарының қатысуымен бірнеше мәрте үлкен кеңестер өткізілді.

Бұл диалогта ғалымдар мен балық шаруашылығы ғылымдарының мамандары дереу билік өкілдерінен өзгеше өз ұстанымдарын мәлімдеді. Олар теңіздің қазақстандық барлық бөлігіне емес, сағалық бөлігіне ішінара тыйым салуды ұсынды.

Талқылаулардың бірінде ҚазБШҒЗИ басшысы Қуаныш ИЗБЕКОВ өз ғылыми көзқарасын білдірді. Оның айтуынша, әлі күнге дейін қолданыстағы жағалау (сағалық) маңдарынан жартылай өрістейтін балықтардың уылдырық шашатын популяциясы есебімен лимитті игеру балықтың уылдырық шашу үшін өзенге өтуін шектейді. Көктемде қолтықтарда жыныстық жетілген барлық балық жиналады. Яғни, теңізде еркін өрістеген олар енсіз, лайланған «мойыннан» өтіп, жоғарыға көтеріліп, уылдырық шашу үшін өзен ауызына шоғырланады. Ал сол кезде балық аулаушылар оларды барлық қол жетімді құралдармен  аулап, теңіз қорларын қазiргi және болашақ ұрпақтарынан айырады. Көп жыл бойына жүйелі түрде, шын мәнінде, тағылықпен балық аулау популяциялық жаңарудың табиғи үрдісін едәуір күйретті.


СӨЗ КЕЗЕГІ ЕЛОРДАДА

Ноғаевтың бұл ерекше ұсынысы түрлі деңгейде талқыланып жатқанда, біз профильді министрлікке бірнеше сауал жолдаған едік. ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан НЫСАНБАЕВ өз пікірін білдірді:

- Ғылыми ұйымдардың өкілдері теңізден балық аулау теңіздің терең су бөлігіне негізделуі және теңіз балығы түрлерін (майшабақ, майда балық, тікенді балықтар және т.б.) аулауға бағытталуы керек деген пікір білдірді. Бұл ретте, жыл бойына салынған тыйымның қолданыстағы аймағын теңіз айдынында 2-3 метр тереңдікке дейін кеңейту арқылы Жайық пен Қиғаш өзендерінің сағалық кеңістіктерінде кәсіпшілікті шектеу ұсынылды. Сонымен қатар, балық шаруашылығы субъектілері өкілдерінің басым көпшілігі Каспий теңізінен балық аулауға толық тыйым салуды  енгізуге қарсы болды.

Атырау мен Маңғыстау орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциялары жергілікті әкімдіктердің, ғылыми ұйымдардың, балық шаруашылығы субъектілері мен қоғамдық бірлестіктер өкілдерімен қайтадан кеңес ұйымдастырды.

- Олар қандай тұжырымға келді?

- Маңғыстау облысындағы қоғамдық талқылаулар қорытындысы бойынша балық шаруашылығы ғылымдарының Жайық пен Қиғаш өзендерінің сағаалды кеңістіктерінде балық аулауға тыйым салу ұсынысын қолдады, ал Атырау облысында балық шаруашылығының 10 субъектісі теңіз балықтарының түрлерінен (майшабақ, майда балық, тікенді балықтар және т.б.) басқа, екі жылға теңізден балық аулауға тыйым салу ұсынысын қолдайды. Ал екі субъект Каспий теңізінен балық аулауға екі жылға толық тыйым салу туралы ұсынысты қолдайды.

Осыған байланысты «Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС басшылығына теңізді кешенді зерттеуді орындаушымен бірге Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінен балық ресурстарын алуға тыйым салудың мақсаттылығы туралы ұсыныстарды ұсыну тапсырылды.

ТЕҢІЗГЕ ҚАРАЙ ӘРІРЕК

Егер әкім Ноғаев теңізден балықшыларды мүлдем қуып шығуды ұсынса, ихтиологтар ымыраға келуді - балықтың уылдырық шашуына кедергі келтірмеу үшін оларды сағадан әрірек жіберуді ұсынды. Яғни, Каспий теңізінің жағалау жиектерінен Золотой және Яицкий сағалары арасындағы шекарада Жайық пен Қиғаш өзендерінің саға алды кеңістіктерінде, олардан оңға және солға қарай 50 шақырым қашықтықта және 3 метрдей тереңдікке дейінгі теңіз түбінен балық кәсіпшілігіне тыйым салуды ұсынады.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің тапсырмасы бойынша ҚазБШҒЗИ өзінің Атырау филиалының ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері бойынша биологиялық негіздеме әзірледі, оны мемлекеттік экологиялық сараптама арқылы өткізіп, кураторды сендірді. Бір сөзбен айтқанда, ғылым жеңді.

Сөйтіп, осы жылдың сәуір айында Комитет әлі күшіне енбеген өз бұйрығымен Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігінен жыл бойына кәсіпшілікпен балық аулауға тыйым салу аймағын кеңейтті.



Сағаалды кеңістікте Жайық-Каспий бассейні бойынша шектеулер мен тыйымдар енді шекара шегінде әрекет етеді:

«батыста - солтүстік ендікте (бұдан әрі – с.е) 46°44'38.74" шығыс бойлықта (бұдан әрі –ш.б.) 52°17'10.89" нүктесінен  бастап түзу сызықпен солтүстік ендікте 46°28'07.6" шығыс бойлықта 52°16'08.6" нүктесіне дейін; шығысында - солтүстік ендікте 46°55'33.18" шығыс бойлықта 50°48'53.29" нүктесінен бастап түзу сызықпен солтүстік ендікте 46°43'40.36" шығыс бойлықта 50°48'26.55" нүктесіне дейін; оңтүстігінде – түзу сызықпен солтүстік ендікте 46°50'37.3" нүктесінен бастап және әрі қарай (с.е.) шығыс бойлықта 51°22'39.2" солтүстік ендікте 46°38'47.7" және шығыс бойлықта 51°42'27.9 нүктелеріне дейін».

Бұл тек мамандар түсінетін бұйрықтан үзінді. Қарапайым тілге аударғанда, бұл дегеніміз, Қиғаш өзенінің бойында сағаалды кеңістікте ешқандай шектеулер болмайды - ол жерде жұмыс істейтін барлық кооперативтер өздеріне бекітілген 10 балық шаруашылығы учаскелерінде бұрынғыша кәсіпшілік жүргізе береді дегенді білдіреді.

Негізгі шектеулер Жайықтан және саға алдынан балық аулайтын Атырау балық кооперативтеріне қатысты.

- Енді балық шаруашылығы субъектілері Каспий теңізінің ашық бөлігіне кәсіпшілікке шыққан кезде тыйым салынған аймақтан тысқары кетуге міндетті, - дейді Атырау аумақтық орман және жануарлар дүниесі инспекциясының бөлім басшысы Мәншүк ТЕМЕШЕВА. – Яғни, Жайық өзенінің сағасынан жағалау сызығының бойымен солға және оңға қарай 50 шақырымға шығуы керек.

Сағадан тікелей айқын сызықты белгілеу қиын, мамандардың ешқайсысы қолға алмайды, бәрі бұйрықта көрсетілген географиялық координаталармен (изобата - су айдынының бірдей тереңдік нүктелерін жалғайтын географиялық картадағы немесе жоспардағы изосызық) салыстыру қажет екендігіне сілтейді.

Бір нәрсе анық: аталмыш координаталардан тысқары шығып, шамамен 3 метрдей ұйғарынды тереңдіктен аулауға болады. Бұл тереңдікке сағадан бірнеше теңіз милінде қол жеткізуге болады, бірақ ол жерде түзу сызық бойында он жылдан бері жаңа бұйрықтан көп уақыт бұрын әдеттегіше балық аулауға тыйым салынған «Климкин аймағы» немесе тыныштық аймағы деп аталатын аймақ бар.

Оның ұзындығы өте үлкен, тиісінше, ол аумақтық су сызығымен қиылысады (12 теңіз милі, әрі қарай теңіз бойынша қазақстандық шекара сызығы). Яғни, одан 50 км қашықтықта, сағадан бастап екі жақтағы жағалаулардың бүгілген сызығы бойымен ғана балық ауланатынын болжауға болады.

- Құжат, шамамен, күзгі маусым басталғанға дейін күшіне енеді. Бұл тыйым Жайық пен сағаалдында лимиттерді игеруді үйренген балық аулау кооперативтеріне қалай әсер етеді?

- Оларға қиын болады, - дейді Темешева. - 20 жылдан астам уақыт бойы олар дамыған жоқ, сатып алу-сату ретінде ғана жұмыс істеді: жабдықталған жоқ, теңіз кемелерін сатып алмады, балық аулау құралдары жаңартылмады ... Табиғи іріктеу жүреді.

- Лимит алатын 11 кооперативтің қаншасында теңізден балық аулауға арналған флот бар?

- «Амангелді» ДК, «Сев Каспий Фиш» ЖШС, «Тілекші» ЖШС, «Абылайхан» ЖШС-нің... теңіз кемелері бар. Ал жоқтары өз флотына қаражат сала бастайды, бұл тыйым оларды қамшылауы тиіс.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

29 мамыр 2018, 01:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.