Атырау, 26 қараша 07:02
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Атырау әкімі теңізден балық аулауға қарсы

6 125 просмотра

Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВ ауыл шаруашылығы министрлігіне теңізден 2 жыл балық аулауға толықтай тыйым салуды ұсынды. Балық саласы бүгінде құрып кету алдында тұрғаны құпия емес. Сондықтан әкім болған алғашқы күндерде-ақ өңір басшысының алдына балық қорларын сақтау мәселесі қойылған болатын.

ЕҢ ТҮБІНДЕ

Ноғаев танысу үшін бірқатар дәстүрлі кездесулер белгілеп, оған «сәлем беруге» өлкеміздің ақсақалдары мен ел ағалары ағылды. Олармен тілдескеннен кейін әкім бүкіл органдардың қатысуымен өзінің алғашқы шұғыл кеңейтілген кеңесін тағайындады. Кеңес ашық форматта өтті және залда әкімнің ерік-күшін жинап, өзін-өзі әрең ұстағаны көрініп тұрды.

Ноғаев бұл мәселені жылы жауып тастамады: тұрақты түрде кездесу мен жиналыстар өткізіп, жергілікті «балық мафиясының» ерекшелігін жете аңғаруға тырысады, 2013 жылы бұрынғы облыс басшысы ІЗМҰХАМБЕТОВТІҢ кезінде басталған тереңдету жұмыстарын жалғастыруда. Бүгінде екі маңызды жобаның жобалау-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптама нәтижелерін күтіп отыр. Егер олар мақұлданса, биыл негізгі каналдардың түбін тазарту бойынша ауқымды жұмыстар басталады.

Балық жүретін Яицкий каналының жалпы ұзындығы оң және сол жақ тармағымен қосқанда 45 км құрайды. Тереңдету жұмыстары каналдың 23,5 шақырымына және теңіз бөлігінің, саға алды аймағының 17 шақырымына жоспарланған. Қазіргі уақытта оның тереңдігі бар болғаны 0,5-0,7 метр. Ал өзенге балық еркін өту үшін бұл жердегі тереңдік 2,5 м болуы тиіс.

Балық жүретін Ганюшкин және Жаркөсе каналдарын теңізбен жалғайтын Қиғаш өзенінде де су көлемін арттыру және гидрогеологиялық режимді жақсарту қарастырылған.

Жоба екі канал ұзындығының 90 пайыздайын қамтиды. Тереңдету 2,5 метрді құрайды. Қазіргі тереңдігі 1-1,5 метр.

Ал ақпан айында Ноғаев ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне (АШМ) Каспий теңізінен балық аулауды 2 жылға тоқтату туралы ұсыныспен хат жолдаған еді.

АШМ ПІКІРІ

Біз осы ұсыныс бойынша ҚР АШМ-нен комментарий алдық:

- Қазіргі кезде қазақстандық бөліктегі Каспий теңізінен (2018 жылдан бастап) балық аулауға толықтай тыйым салу мүмкін бе?

- «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» ҚР заңына сәйкес, балықты аулауға салынатын тыйым мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткен биологиялық негіздеменің негізінде енгізіледі. Осыған байланысты Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінен балық қорларын алуға тыйым салудың мақсатқа сәйкестігі - биыл ғылыми зерттеу жүргізу аясында қаралатын болады.

- Бұл қандай органдардың және институттардың келісімін қажет етеді?

- ҚР экология министрлігі мақұлдаған мемлекеттік экологиялық сараптама алынып, тыйым салу бойынша ғылыми ұсыныстар берілген жағдайда, ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің тиісті бұйрығының жобасы әзірленеді. Ол заңда бекітілген талаптарға сәйкес, мақұлдау үшін және сараптау қорытындысын алу үшін жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне және ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жолданатын болады.

- Мұндай тыйымды енгізу - Қазақстан жалпы теңізбен шекаралас жатқан елдермен келіссөздер жүргізеді дегенді білдіре ме?

- Қазақстандық бөліктегі Каспий теңізінен балық аулауға тыйым салу Каспий өңірі мемлекеттерінің келісімін қажет етпейді.

- Министрлікте Н.А.Ноғаевтың хаты қай кезеңде қаралуда?

- 2017 жылдың 17 сәуірінде АШМ онлайн режимде селекторлық кеңес өткізді. Онда Каспий теңізінен балық аулауға тыйым салуға қатысты Атырау облысы әкімдігінің ұсынысы талқыланды. Бұл кеңеске ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық бөлімшелерінің, Атырау және Маңғыстау облыстары әкімдіктерінің, балық шаруашылығы ғылымдарының, «Қазақбалықшар» қауымдастығының өкілдері, сонымен қатар, Атырау және Маңғыстау облыстарының балық шаруашылығы субъектілері қатысты. Кеңес қорытындысы бойынша «ҚазБШҒЗИ» ЖШС - қазақстандық бөліктегі Каспий теңізінің биологиялық қор ахуалын бағалау бойынша теңізде кешенді зерттеу жұмыстарын атқарушымен бірге биологиялық негіздеме аясында осы ұсынысты жете зерделейді, оның нәтижелері бойынша ұсыным әзірлейді деген шешім қабылданды. Бұдан басқа, Атырау және Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық бірлестіктер мен ғылыми ұйымдардың, балық шаруашылығы саласындағы субъектілердің өкілдерімен қайтадан кеңес өткізді. Онда кеңеске қатысушылардың басым бөлігі Каспий теңізінен балық аулауға уақытша тыйымның немесе шектеудің енгізілуін қолдады.

Қазіргі кезде Атырау облысы әкімінің атына осы мәселе бойынша хат әзірленуде.

Өкілетті органның балық қорларын және кез келген басқа су жануарын сақтауға бағытталған бастаманы қолдайтынын атап өту керек.

-  Министрлік әдетте мұндай ұсыныстар бойынша қандай мерзім ішінде шешім қабылдайды?

- Жануарлар дүниесін пайдалануға шектеу немесе тыйым енгізудің әрбір жекелеген фактілерінің өзгешелігін, сонымен қатар, биологиялық негіздемені әзірлеудің алдын ала процедурасын, мақұлданған мемлекеттік экологиялық сараптама алуды ескере отырып, балық қорларын алуға тыйым енгізу туралы шешім қабылдау 3 айдан 9 айға дейін уақыт алуы мүмкін.

Формалды жауаптан көрініп отырғандай, министрлікте әзірге Ноғаевтың ұсынысына баға бере алмай отыр және ол жақтағылар мақұлдай ма, жоқ па, әзірге анықтау мүмкін емес. Жыл аяғына дейін уақыт бар, олардың осы мүмкіндікті пайдаланып отырғаны анық.

ҒАЛЫМДАРДЫҢ ПІКІРІ

Министрліктің аталмыш жауабында сәуір айында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінде өткен селекторлық кеңесте ғалымдар пікірлерін білдірген. Олардың балық популяциясын қалпына келтіру проблемаларын шешу тұрғысындағы көзқарастары басқаша. Олар да тыйымды қолдайды, бірақ ол ішінара болу керек және оның қолданысына нақты шектеу қойылса дейді.

Селекторлық кеңесте «Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» (ҚазБШҒЗИ) басшысы Қуаныш ИЗБЕКОВ мәлімдегендей, жағалау (сағаалды) маңдарынан жартылай өрістейтін балықтардың уылдырық шашатын популяциясы есебімен балық аулауды ұйымдастыру балықтың уылдырық шашу үшін өзенге өтуін шектейді. Бұл «Жайық-Каспий бассейніндегі барлық кәсіпшілік балық түрлерінің санына апатты зиян келтіруге» әкеледі.

Балық мамандары бұл - теңізден балық аулау деген нақты түсініктің жоқтығы салдарынан орын алып отыр деп есептейді. Бұл «саға алды маңдарынан «өзен» және «теңіз» лимиттерінің көлемін игеру мүмкіндігі есебімен балықтың осал уылдырық шашатын популяциясына кәсіпшіліктің екі есе қысымшылығын» тудырады.

- Жартылай өрістейтін балық түрлері үшін Жайық пен Қиғаш өзендерінде кәсіпшілік ету басымды болып қалуға тиіс. Өйткені, уылдырық шашатын жерлерге тиісті мөлшерде балықтардың өтуіне мүмкіндік беру үшін «дневкалармен» (кәсіпшіліктен бос күндер) балық аулаудың оңтайлы режимі сақталады. Теңізден балық аулау ең алдымен теңіз балықтарының айрықша түрлерін: майшабақ, майда балық, тікенді балықтар және т.б. аулауға негізделуі тиіс:

ҚазБШҒЗИ Жайық пен Қиғаш өзендерінің саға алды кеңістіктерінде Каспий теңізінің жағалау жиектерінен Золотой және Яицкий сағалары арасындағы шекарада, олардан оңға және солға қарай 50 шақырым қашықтықта және 2-3 метр тереңдікке дейінгі теңіз түбінен балық кәсіпшілігіне тыйым салуды ұсынады.

Бұл сағадан тіке өзен бойымен 15-20 шақырымдай болады. Яғни, ихтиологтар саға алдына «желпуіш» түрінде тыйым аймағын құруды ұсынады - сағадан бастап жағалау жиегінің бойындағы бүйірлері 50 шақырымға тең болады да, желпуіштің ортасына қарай 20 шақырымға дейін тарылады.

Өйткені, саға алдындағы жағалауға уылдырық шашу үшін бүкіл жыныстық жетілген балық жиналады. Енді қазір балық аулайтын шаруашылықтар балықтарды сол жерден аулап, мұны «теңізден аулау» деп атайды. Осылайша балықтардың көп бөлігі уылдырық шашу үшін өзенге кіруге мүмкіндік ала алмайды, өйткені сағада шуыл ғана болып қоймайды, ол қайықтар мен ау құралдарына толы болады. Балықшылар мен мамандар балықтың аз емес, бар екенін айтады. Бірақ оларға өзен бойымен жоғары көтерілуге және уылдырығын шашуға мүмкіндік бермейді. Мұндай жағдайда популяцияны қалпына келтіру туралы қандай әңгіме қозғауға болады?

Егер саға алдынан балық аулауды шектесе, бүкіл бақылаушы органдарға оларға бақылау жасау оңайға соғады. Бұл учаскенің нақты шекаралары (координаттары) болады және тәртіп пен тыныштықты қамтамасыз ету жеңілдеу болады. Балық та Золотой (кеме жүретін) және Яицкий («Ақ Жайық» резерватының қорғауына алынған) арналарының бойымен еркін жүре алады.

ҚазБШҒЗИ бұл ұсынысты қарашада тағы да Комитет алдында қорғайтын болады. Бірақ, алдымен ҚазБШҒЗИ Атырау филиалының ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері бойынша тиісті биологиялық негіздемені әзірлеп, мемлекеттік экологиялық бионегіздеме сараптамасын жүргізу керек.

ТӘУЕЛСІЗДЕР ПІКІРІ

Бірқатар тәуелсіз ихтиологтар ішінара тыйым салуды қолдады.

- Мен саға алдында жағалау бойымен 50 шақырым радиустағы алаңды және рұқсат етілген балық аулау тереңдігін 2 метрден азайтпай айқын шектер едім, - дейді өтілі бар маман Мәншүк ТЕМЕШЕВА. – Іс жүзінде балықтар жеткілікті, адамдар балықтың үстімен жүретін учаскелер бар екенін білесіз бе – балықтар бізден, у-шудан, қарбаластан сол жаққа қарай кетіп қалып, өрістеп жүр, бұл жерлерді білетіндер аз. Браконьерлерді қуу керек, бұл дұрыс. Егер кәсіпшілікпен балық аулауға рұқсат беретін нақты координаттарды белгілесе, олардың бәрі бірдей 50 шақырымнан әрі теңізге шыға алмайды. Белгілі бір бөлігі сұрыпталып қалады. Қазір кез келген адам осы сағаға легенмен келіп, балық аулай алады.

- Саға алдында балық аулауға салынатын тыйым не береді?

- Егер балықшыларды саға алдынан әрі қарай теңізге жіберсе, шуыл азайып, тыныштық орнайды, балықтардың уылдырық шашуына ештеңе кедергі келтірмейді. Балықшылар күн сайын 50 шақырым жерге жүзіп бара алмайды, ретсіз қозғала беруге бензин жетпейді. Екіншіден, бұл шешімнің сол жерде қалатын пайдаланушыға көмегі тиеді, сол кезде шынымен де ол бизнесін жүргізе бастайды: теңіз кемесін, жабдықтарды - арнайы теңіз вентерлерін, тралдарды, керме ауларды сатып алады. 70 жыл бұрынғыдай балықты қапшықпен тасымайды, ол үшін арнайы жасалған жабдықтар мен мұз сатып алады, қазіргідей аяқ астынан байып шықпай, саланы дамытатын болады.

- Ганюшкиндегі сағада осындай балықшылардың заңды балық шаруашылық учаскелері бар. Ал Дамбы мен Жанбайда оларды қуып жібереді. АШМ теңізден балық аулауға толық тыйым салу туралы ұсынысты мақұлдаса, Ганюшкиндегі балық аулау шаруашылықтары жұмыссыз қала ма?

- Жоқ, оларға учаскелер бөлінген және олар ресми түрде тек өзеннен емес, саға алдынан балық аулауға шығады. Ол жақта мұндай учаскелердің саны 24. Бұл тәжірибені басқа балық аулау шаруашылықтарына неге таратпасқа?

«АНОНИМНІҢ» ПІКІРІ

Тағы бір тәжірибелі ихтиолог тек саға алдына тыйым енгізу туралы идеяны қолдайды, бірақ өзін құпия қалдыруды жөн көреді: «мен әлі де бұл жерде жұмыс жасаймын» дейді ол.

- Егер теңізден балық аулауды тоқтатса, күлкі туғызамыз. Каспий жабық су айдыны емес қой. Елестетіп көріңіз, біз жыл сайын өтетін Каспий өңірінің бес мемлекетінің отырысында өз үлесімізден ерікті түрде бас тартсақ, оны сол сәт басқалар иеленіп, біздің лимитімізді алып қояды. Балық мөлшерін де өз бөлігінен аулайды. Ештеңе өзгермейді. Каспий теңізі ортақ, оның қорларына біздің игі ісіміз еш әсер етпейді. Әкімнің ниеті түсінікті, ол бұл жерде жаңа адам, келді, көрді, шошыды: қорғау аймағы, бірақ қайық толы. Ең бірінші қалауы – толықтай тыйым салып, көзге көрінетін тәртіп орнатып, бұл берекетсіздікті көрмеу еді. Бірақ «балықшы жоқ болса – проблема да жоқ» деу дұрыс емес. Балықты қорғау керек, бірақ бұлай емес.

Атап айтқанда, саға бөлігін қорғау керек. Ол жерде балық неге көп? Өйткені, ол жерде теңіздің тұзды суы мен өзеннің тұщы суы араласады, ол жердегі азық базасы ерекше. Мәселен, саға алдында өскен балықтың және Махамбеттегі балықтың дәмін салыстыру жеткілікті. Дәмі - әртүрлі. Өйткені азық базасы басқаша, бірегей. Ол жердегі балық та өзеннің жоғарғы жағындағы балыққа қарағанда ірілеу. Осы жерді құтқару керек.

Толықтай тыйым салу балықшыларға ауыр соғады. Олар бүкіл ғұмыр бойына осы іспен айналысып келеді, олардың аталары, әкелері тамағын осылай тапты, олардың қолынан басқа ештеңе келмейді. Олар жас, білімдері жоқ, диплом алуға да ақшалары жоқ. Бірақ отбасылары, 2-3-тен балалары бар, осы істі – балық аулауды ғана біледі. Олар ұзақ қысты күтіп, балаларына «көктем келсін, саған ананы-мынаны сатып әперемін, шыдай тұр» деп уәде береді. Бұл мәдениет пен жергілікті дәстүрдің бір бөлігі. Оларға балық аулауға тыйым салса, олар отбасыларын асырай алмайды. Оларды қазір мердігер мекемелерге вахталық жұмысқа орналастырып жатыр. Сіздің газетке бір вахта үшін 100-120 мың теңге төлейді деп жазды, ал бұл айына 50-60 мың теңге деген сөз. Бұған қалай өмір сүруге болады? Демек, олар бәрібір түнімен балық аулайтын болады, біз оларды тоқтата алмаймыз, олардың қамқоршылары болады. Балық қорғау қызметі, полиция және шекарашылардың тап бүйірінде орналасқан Дамбыда бүкіл браконьерлік тіршілік түнде басталады. Ал Жанбайды мүлдем жеңе алмайды.

Екіншіден, жарайды, тыйымды енгіздік делік, біздің өзеніміз бар, өзеннен балық аулау қалады. Ал Маңғыстау не үшін зардап шегу керек?! Мен маңғыстаулық жігіттерді танимын, ол жерде 20-дан астам табиғат пайдаланушылар бар. Олар ортақтасып жабдықтар сатып алды, флот ұйымдастырды, субсидиялар алды, олардың жағдайы не болмақ? Олар несиелерін өтеуі тиіс қой. Содан соң теңізде тек бекіре тұқымдастар ғана емес, тікенбалықтар, майдабалық, майшабақтар бар. Егер балық аулауды тоқтатса, теңгерімсіздік орын алады. Біз қорларды ешқашан жоя алмаймыз, табиғаттың өзі реттейтінін, өзі қалпына келетінін түсіну керек. Соғыс жылдарында заңсыз ауланды, іс жүзінде балық аулау ешқашан тоқтатылмады. Гурьев балық консервісі комбинатының қашан болмасын тұрып қалғаны есіңізде ме?

Керісінше, бүгінгі жағдай – кеңес дәуірі кезінде балықтың өлшеусіз ауланғандығының салдары. Сол балық өнеркәсібінің ардагерлері Ноғаевқа тыйым енгізу идеясын ұсынды. Олар өздерінің тұсында 90-жылдарға дейін балықты қырып аулағандарын, зауыттың балықты өңдеп үлгермей, оны көршілес Астрахань облысына жолдайтынын немесе балық ұнына айналдырғанын естерінен шығарды. Партияның жоспарын асыра орындау жөніндегі «жеңістің» сұмдық иісі жергілікті тұрғындардың әлі есінде. Саланың нағыз бүлінген кезеңі сол шақта болды.

Сонымен, теңізден балық аулауға толықтай тыйым салу идеясын қолдамайтындар не ұсынады? Саға кеңістігіне тәртіп орнатып, бұл аймаққа кез келген кеме кіретін жолды жабу, теңіз кәсіпшілігін Каспийдің терең сулы бөлігіне шығару, осылайша, теңізден толыққанды балық аулайтын флоты және теңізден арнайы аулайтын құралы бар мамандандырылған мекемелерді кәсіпшілікке ынталандыру.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

26 мамыр 2017, 17:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.