Атырау, 26 қараша 07:01
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Туған жердегі диверсанттар

Бейнежазба
4 523 просмотра


1944 жылдың мамырында Жилокосинк (қазіргі Жылыой) ауданына 14 диверсант түсті. Олардың Гурьевке қарай бағыт алған бірінші ұшағын 1944 жылғы 3 мамырда түнде астрахандық зенитшілер байқайды...

Новобогат (қазіргі Исатай) ауданының НКВД қызметкерлері де әлгі ұшақтың екі-үш сағаттың ішінде Астраханға кері оралғанын байқайды.

6 мамырда Гурьев әуежайының кезекшісі түн ішінде белгісіз бір ұшақтың Жилокосинск ауданы жақтан ұшып келіп, Астраханға бағыт алғанын хабардар етеді.

Арада бірер сағат өткеннен кейін сол ұшақтың қайтар тұста теңіз жағалауындағы кемелерді атқылағаны жөнінде хабар келіп түседі.

Осыдан кейін чекистер Жылыой өңіріне диверсанттар түсуі мүмкін деп топшылап, жедел іздестіру шараларын ұйымдастырады.

Арнаулы топ Каспий-Орск құбыры бойындағы аса қуатты Мақат ауданы аймағындағы №3 мұнай айдау учаскесін, Қазақ мұнай комбинатына қарасты электр стансасы мен «Ширина» мұнай базасын қатаң бақылауға алып, күзет күшейтіледі.

Жем өзені бойындағы колхоздардан Советтікіне ұқсамайтын ұшақтың жер бауырлап өте төмен ұшқандығын, кеңестік ұшақтарға ұқсамайтынын, Ақмешіт деген жерден кері қайтқандығы жөніндегі хабарлама түседі.

Жылыой өңірінеалғашқылардың бірі болып Тотай ДЕКЕЕВ, Константин ШАРМАЙ бастаған ірі әскери топтар аттандырылады. Бұдан кейін бірнеше топ жіберіледі, олардың міндеті диверсанттарды тірілей тұтқындау болатын.

12 мамыр күні НКВД Жылыой аудандық бөлімшесіне Ұялы ауыл советінің төрағасы Есен ҚҰДАЙБЕРГЕНОВТІҢ атынан хат келеді. Онда «Киров» колхозында тұратын Байшыған БЕКТҰРЛИЕВТІҢ, тарышылар бригадирі Байжан АТАҒОЗИЕВТІҢ әскери киімдегі күдікті адамдардың ауылда жүргенін байқағаны жайлы хабарланған еді.

Чекистер ұйымдастырған жедел топ аумақты шолып, Атағозиев бригадасынан үш-төрт шақырым жердегі бұзылған там маңында десанттық топтың демалған орнынан неміс темекісінің тұқылдарын, немісше жазуы бар қарындаш, консерві қалбырларын, мүжілген сүйек-саяқтарды тауып алады.

Чекистер із соңына түскенімен, диверсанттар өздері туралы хабар жеткенін сезіп қалып, сол бойда Сарықасқа қыстауына қарай ойысып кеткен болатын.

Бұл жер кездейсоқ таңдалмаған еді. Себебі бұл қыстақ басында екі бірдей құдық бар еді. Сол жерде чекистер мен диверсанттардың арасында атыс болып, қараңғы түсісімен сап тыйылады.

Ағаев кезекті тыныстаған сәтте тұтқынмен оңаша әңгімелесіп, оның соңы Атағозиевті атып тастауымен тынады. Кейін Атағозиевке арнап бейіт жасалады. Оның қандай жағдайда өлтірілгені туралы анық ақпарат жоқ.

Серік ШӘКІБАЕВ осы оқиғаға арналған шығармасында Байжанның қолын шешіп, жігіттер суға жуынып, арқа-жарқа болады, ал командирлері Әлихан АҒАЕВ сол кезде Байжан Атағозиевпен сөйлеседі. Ол большевиктердің көзін жойып, Қазақстанға тәуелсіздік әперу үшін күрескісі келетінін айтып, оны бірлесуге шақырады. Ал, Атағозиев болса, жауаптың орнына бейқам отырған диверсанттың үстіне қона кетіп, қылғындыра бас салады. Ағаев оны атуға мәжбүр болады.

16 мамырда қатты жауыннан жаураған диверсанттар Ақтөбе облысының Теректі колхозының қыстағына бұрылғанда чекистер отрядының тосқауылына тап болады. Атыс болады. Екі диверсант осы қарбаласты пайдаланып, жасырынып, кейін өз еріктерімен чекистерге беріледі. Ал үш күннен соң диверсанттық топтың тағы бес мүшесі өздері чекистердің жағына шығады. Қалғандары жасырынып үлгереді, бірақ ұзаққа бармайды.

19 мамырда Ақшелек-Буракөл сайында соңғы нағыз қанды қырғын шайқас жүреді. Ұзақ атыстан кейін бес диверсант өлтіріледі, олардың ішінде Ағаев та бар.

Кейін ол жерді жылыойлықтар «Бесеудің сайы» деп атап кетеді. Қалған екі диверсант төрт күннен кейін қолға түседі.

Ағаевтың диверсиялық тобы осылай жойылды. Чекистер граната, пулемет, ақша, қазақша листовкалар, клишелер, автоматтар, наган, парашют, азық-түлік, әскери киімдерді тәркілейді. Ағаевтан Түркістан легионы туралы жазба табылады.

Диверсанттардың командирі шын аты - Әмірхан ТІЛЕУМАҒАМБЕТОВ. Ол 1909 жылы Қызылқоға ауданы Тайсойған құмындағы Мешітқоқты деген жердегі Талдықұмда дүниеге келген. 1941 жылдың қарашасында Мәскеу түбіндегі шайқаста аға лейтенант Ағаев фашистердің тұтқынына түседі. Ол Германияның оңтүстігіндегі тұтқындар лагеріне жіберіледі. Сол лагерьде жүріп,  қазақ жігіттерінен отряд құрып, большевиктермен күрескісі келетіні туралы Берлинге хат жазады...

«Ақ Жайық» газетінде 2014 жылы жарық көрген Ләззат ҚАРАЖАНОВАНЫҢ «Қырық төрттің мамыры» мақаласының материалдары пайдаланылды.

9 мамыр 2018, 11:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.