70 жыл бұрын, 1944 жылдың мамырындаЖылыой өңіріне Әлихан АҒАЕВ бастаған 14 диверсант түсті. Диверсиялық топ мүшелері екі аптаның ішінде чекистердің оғынан қаза тапты, ал қолға түскендерінің тағдыры әлі күнге белгісіз. Бұл оқиғалар жөнінде біз өткен жылдары жазғанбыз. Алайда, жаңа жайттардың беті ашылуда.
Ботағара БЕРДЕНБАЕВ...1944 жылы 3 мамыр күні түнде астрахандық зенитшілер Астрахан үстімен Гурьевке қарай бағытталған ұшақты белгілейді. Новобогаттық НКВД жұмысшылары да әлгі ұшақтың екі-үш сағаттың ішінде Астраханға кері оралғанын байқайды. 6 мамырда Гурьев әуежайының кезекшісі түн ішінде белгісіз бір ұшақтың Жылыой жақтан ұшып келіп, Астраханға бағыт алғанын хабардар етеді. Арада бірер сағат өткеннен кейін сол ұшақтың қайтар тұста теңіз жағалауындағы кемелерді атқылағаны жөнінде хабар келіп түседі. Осыдан кейін чекистер Жылыой өңіріне диверсанттар түсуі мүмкін деп топшылап, жедел іздестіру шараларын ұйымдастырады. Арнаулы топ Каспий-Орск құбыры бойындағы аса қуатты Мақат ауданы аймағындағы №3 мұнай айдау учаскесін, Қазақ мұнай комбинатына қарасты электр стансасы мен «Ширина» мұнай базасын қатаң бақылауға алып, күзет күшейтіледі. Диверсанттар дәл осы нысандарды жаруды көздеді деген болжам жасалған болатын. Күдік расталды. Жем өзені бойындағы колхоздардан Советтікіне ұқсамайтын ұшақтың жер бауырлап өте төмен ұшқандығын, Ақмешіт деген жерден кері қайтқандығы жөніндегі хабарлама түседі. Патрульдер сол жаққа қарай шығады. Жылыой өңірінеалғашқылардың бірі болып Тотай ДЕКЕЕВ, Константин ШАРМАЙ бастаған ірі әскери топтар аттандырылады. Бұдан кейін бірнеше топ жіберіледі, олардың міндеті диверсанттарды тірілей тұтқындау болатын.
...10 мамыр күніжұмысынан үйге оралған қарт Берденбай ЖОЛЖАНОВ және оның ұлы Ұғыбай (қасында Өтеулі ДӘДЕНОВ, оның кішкентай баласы Наурызбай және Қадыр ЖАУЛЫБАЕВ, Бөртебай ҚАЗЫБАЕВ деген ауыл тұрғындары бар) алдарынанүш қарулы кісіні кездестіреді. Олар Ақтөбе жақтан келе жатқанын, құдықтан су алуға бұрылғанда машиналары құмға малтыға батып жүре алмағанын, амалсыз түнде далаға қонып шыққандарын айтады. Белгісіз адамдар бұл жердің географиясы жайында тәптіштеп сұрап алады да, Наурызбай балаға кәмпит береді. Кетерлерінде: «Біз әскерден қашқандарды іздеп жүрміз. Бірақ көрдік деп ешкімге айтпаңдар» дейді. Наурызбай кәмпитті жеп алады, оның қағазын қызықтағандар басқа тілдегі жазуларды түсіне алмайды.
Бөгде адамдар Ағаев бастаған немістің әуе десанттары болатын. Олардың топ болып жүргендерін басқа да жергілікті тұрғындар көреді. Күдікті топ бұдан кейін «Киров» колхозының егіс бригадасында болып, Ботағара Берденбаев деген кісіден 3 мың сомға қой, ауыл адамдарынан айран, ірімшік, құрт сатып алады. Олардың қалталарынан шыққан көп ақша мен сол уақыттары сирек кездесетін «Қазбек» сигаретін көргендер аузын ашып, аң-таң болысты. Олар бұлардың сөздеріне сенгілері келді, бірақ күдік басым түсе берді. Ботағара да оларды үйіне шақырып, ақ беріп әңгімелеседі. Өзінің соғыстан жаралы болып келгенін, бұлардың не мақсатпен жүргенін сұрағанымен, олар жарытып ештеңе айтпайды.
- Мен ол кезде жасөспіріммін ғой. Әскери киімдегі үш қазақ жігіті маған жақындап келді, бірақ олар өздерін инженерлерміз деп таныстырды. Былай қарағанда биязы жігіттер, сыпайы, мәдениетті болып көрінді. Ауылда кім барын сұрағыштап қоймады, бірақ бір нәрсеге алаңдағандай, қайта-қайта орындарынан тұрып, жан-жағына қарағыштап жалтақтаумен болды. Мен тіпті олардың неміс диверсанттары екенін қайдан білейін, кейін ауыл болып дүрліккенде бір білдік қой. Олар менен айран сұрап ішті де, кетіп қалды, -дейді бүгінде Құлсары қаласында тұратын 84 жастағы Ыбрай ӨТЕУОВ.
Ыбрай ӨТЕУОВ12 мамыр күні НКВД Жылыой аудандық бөлімшесіне Ұялы ауыл советінің төрағасы Есен ҚҰДАЙБЕРГЕНОВТІҢ атынан хат келеді. Онда «Киров» колхозында тұратын Байшыған БЕКТҰРЛИЕВТІҢ, тарышылар бригадирі Байжан АТАҒОЗИЕВТІҢ әскери киімдегі күдікті адамдардың ауылда жүргенін байқағаны жайлы хабарланған еді. Чекистер ұйымдастырған жедел топ тіміскілеп жүріп, Атағозиев бригадасынан үш-төрт шақырым жердегі бұзылған там маңында десанттық топтың демалған орнынан неміс темекісінің тұқылдарын, немісше жазуы бар қарындаш, консерві қалбырларын, мүжілген сүйек-саяқтарды тауып алады.
Чекистер із соңына түскені-мен, диверсанттар өздері туралы хабар жеткенін сезіп қалып, сол бойда Сарықасқа қыстауына қарай ойысып кеткен болатын. Себебі бұл қыстақ басындаекі бірдей құдық бар еді. Сол жерде чекистер мен диверсанттардың арасында атыс болып, қараңғы түсісімен сап тыйылады.
Майдангер-жазушы Серік ШӘКІБАЕВТЫҢ «‘‘Үлкен Түркістанның’’ күйреуі» повесінде жедел топ өкілдері диверсанттардың арасына іріткі салу үшін Киров атындағы колхоздың егіншісі Байшыған Бектұрлиевті әдейі жібереді деп жазылады. Басқа зерттеушілер ол ұрыс кезінде қолға түскен дейді. Қалай еткенде Байшығанды аманат ретінде ұстаған «жау» тобы оны жолсерік ретінде пайдаланғысы келіп, тірі қалдырғаны сөзсіз.
- Десанттар ел арасындағы әңгімеден чекистерге өздері туралы Байжан Атоғозиевтің жеткізгенін біліп қалып, оны үйінен алып кетті, -дейді Құлсары қаласында тұратын Яр ТАҒАМБАЕВ. - Сол кезде десанттармен бірге ауылға келген Байшыған Бектұрлиев бір қалтарыста қатындарға «Тез хабар беріңдер, бағытымыз - Алатау. Жем бойымен жүреміз» деп сыбырлап үлгереді. Байшыған менің немере ағам болатын.
Ағаев кезекті тыныстаған сәтте тұтқынмен оңаша әңгімелесіп, оның соңы Атағозиевті атып тастауымен тынады. Бұл туралы Ыбрай Өтеуов былайша әңгімеледі:
- Байжанның үйімен біз көрші болдық. Әйелі жылап қоймағасын мен, шешем үшеуміз оны іздеп шықтық. Көп кешікпей «Қаражар» деген жердегі жырадағы жардан оның жүресінен отырған күйі өлген денесін таптық, оқ оның көзіне тиген екен. Өлік қатты иістеніп кеткен, оны алып жүру мүмкін емес еді. Орнынан қозғай да алмадық. Әйелі дауыс салып көп жылады. Шешем екеуміз мән-жайды түсіндірдік. Ол келісіп, ақыры сол жерді үңги қазып, жерледім, -дейді ол.
Байшыған БЕКТҰРЛИЕВКейін Атағозиевке арнап бейіт жасалады. Оның қандай жағдайда өлтірілгені туралы анық ақпарат жоқ. Мәселен, жазушы Аксельродтың жазбасында Ағаев Байжанмен оңаша сөйлесіп отырғанда қарттың оның бетіне түкіріп жібергенін, осы кезде оқ атылғанын жазады. Ал Серік Шәкібаев шығармасында Байжанның қолын шешіп, жігіттер суға жуынып, арқа-жарқа болады, ал Ағаев сол кезде Байжан Атағозиевпен сөйлеседі. Ол большевиктердің көзін жойып, Қазақстанға тәуелсіздік әперу үшін күрескісі келетінін айтып, оны бірлесуге шақырады. Ал, Атағозиев болса, жауаптың орнына бейқам отырған диверсанттың үстіне қона кетіп, қылғындыра бас салады. Ағаев оны атуға мәжбүр болады.
...16 мамырда қатты жауыннан жаураған диверсанттар Ақтөбе облысының Теректі колхозының қыстағына бұрылғанда чекистер отрядының тосқауылына тап болады. Осы кезде атыс орын алады. Диверсанттар Бастаубаев пен Қалиев осы қарбаласты пайдаланып, жасырынып, кейін өз еріктерімен чекистерге беріледі. Ал үш күннен соң диверсанттық топтың тағы бес мүшесі өздері чекистердің жағына шығады. Қалғандары жасырынып үлгереді, бірақ ұзаққа бармайды. 19мамырда Ақшелек-Буракөл сайында соңғы нағыз қанды қырғын шайқас жүреді. Ұзақ атыстан кейін бес диверсант өлтіріледі, олардың ішінде Ағаев та бар. Кейін ол жерді жылыойлықтар «бесеудің сайы» деп атап кетеді. Қалған екі диверсант төрткүннен кейін қолға түседі. Оның бірі Төсқұдық кентінде тұратын Ораздың Сәтмағамбет деген баласы болатын. Чекистер граната, пулемет, ақша, қазақша листовкалар, клишелер, автоматтар, наган, парашют, азық-түлік, әскери киімдерді тәркілейді. Ағаевтан Түркістан легионындағы адамдардың тізімі бар күнделік табылады. 20 мамыр күні олардың денелері жер қойнына тапсырылады.
Яр ТАҒАМБАЕВӘлихан Ағаевтың шын аты - Әмірхан ТІЛЕУМАҒАМБЕТОВ. 1909 жылы Қызылқоға ауданы Тайсойған құмындағы Мешітқоқты деген жердегі Талдықұмда дүниеге келеді, сүйегі ысық, майдан бөлімі, ақай тармағы. Әкесі Тілеумағамбет орта шаруа адам болған. Ал анасы Хансұлу - болыс болған Телмағамбет дегеннің қызы. Отбасында Әмірханнан басқа алты ұл-қыз болған. Қызылқоғада жетікластық мектепті үздік бітірген Әмірхан өте сауатты, алғыр болған деседі. 1939 жылы Ақтөбеден институт бітіріп келгеннен кейін агроном, аудандық атқару Кеңесінің төрағасының орынбасары болып жұмыс істеп жүргенде Алматыға шақырылып, Жер халық комиссариатына жұмысқа орналасады. Соғыс басталады. Ол Жамбыл облысы Шу ауданында іссапарда жүргенде әскери комиссариаттан шақырту қағазы келіп, үйіне де соқпастан сол жақтан майданға аттанып кете барады. Ағаевтың күнделігінде жазылған мәліметтерге сүйене отырып, чекистер 1941 жылдың қарашасында Мәскеу түбіндегі аласапыранда атты әскер взводының командирі, аға лейтенант Ағаев фашис-тердің тұтқынына түскен деп келтіреді. Сөйтіп, ол Германия-ның оңтүстігіндегі Ставнау қала-сындағы тұтқындар лагеріне жіберіледі. Сол лагерьде жүріп Әлихан Берлинге хат жазады, онда қазақ жігіттерінен отряд құрып, большевиктермен күрескісі келетінін айтқан. Неміс командованиесіне керегі Советтер арасына іріткі салып, ыдырату болса, Әлиханның ойы диверсиялық топтың күшімен большевизмді құртып, Қазақ легионын құру, Алаштың туын көтеріп, халқына азаттық әперу еді. Сөйтіп, немістер «Ағаевқа» лейтенант атағын беріп, Берлиннен елу шақырымдағы Люкенвальд лагеріне жібереді, ол қазақ жігіттерінен іріктеп, «Офлаг№3» тыңшылық мектебінен өтіп шыға-ды. Әлихан Ағаевтың туыстары оның ақталатынына үмітпен қарайды.
Қалған диверсанттардың аты-жөндері:
1.Әлихан АҒАЕВ - топ жетекшісі, Қызыл Армияның бұрынғы аға лейтенанты, немістің обер лейтенаты,
2.Радиостанция бастығы Зұлхайыр ДОЩАНОВ, лақап аты - «Закиров Зұлхайыр», неміс армиясының фельдфебелі,
3. Радист Бақи БИСЕНАЛИЕВ, лақап аты «Бом», 1914 жылы туған, Астрахан облысының тумасы, немістің унтер-офицері,
4. Топ дәрігері, лақап аты «Баташев Балхаш», екінші бір аты «Баташов Қамқор», шын аты-жөні белгісіз, неміс армиясының унтер-офицері.
5. «Дінішев Мұхамбет», шын аты-жөні белгісіз, немістің унтер-офицері
Бұл бесеуі өлтірілгендер.
6. Радист Ахмет МҰХАМЕДИЕВ, лақап аты «Алғыров Ахмет», «Алғыров Мір», 1918 жылы туған, Батыс Қазақстан облысының тумасы, немістің унтер-офицері.
7. Сәтмағамбет ОРАЗОВ, лақап аты «Мұхаммедов», 1912 жылы туған, Гурьев облысының тумасы.
8. Матай ОМАРОВ, лақап аты «Жүнісов Ыбырай», 1920 жылы туған, Новосібір облысының тумасы, бұрынғы ВЛКСМ мүшесі, бастауыш мектептің мұғалімі.
9. Кеңесбек БАБАШЕВ, лақап аты «Төлегенов Қалжан», 1920 жылы туған, Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы, бұрынғы ВЛКСМ мүшесі.
10. Рахым КЕРІМБЕРДИЕВ, лақап аты «Қожымбетов Кәрім», 1921 жылы туған, Ташкент облысының тумасы, бұрынғы ВЛКСМ мүшесі.
11. Кеңесбай КІСЕБАЕВ, лақап аты «Аманжолов Қажыбай», 1913 жылы туған, Ақмола облысының тумасы, Есіл МТС-нің бұрынғы тракторшы-механигі.
12. Әбдіқадыр ӘЛЖАНОВ, лақап аты «Қадыров Қайдан», 1917 жылы туған, Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы, Жамбыл қаласындағы малдәрігерлік техникумның бұрынғы студенті.
13. Жарас БАСТАУБАЕВ
14. Сыдық ҚАЛИЕВ
Қолға түскендердің әрі қарайғы тағдыры белгісіз
Ләззат ҚАРАЖАНОВА